• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Ақпан, 2016

Жаңа кезеңнің келелі міндеттері

286 рет
көрсетілді

Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің тұрғындар алдындағы есебі қаладағы Кеншілер мәдениет сарайында өтті. Әдеттегідей, кең сарайда ине шаншар орын болмады. Әкімнің есебін тыңдап, көкейінде жүрген сауалдарын қою үшін тұрғындар облысымыздың түкпір-түкпірінен ат сабылтып келген екен. Сондай-ақ, есеп беру кезінде облыстың аудандарымен он-лайн режімінде бейнебайланыс жұмыс істеді. Есеп беру жиынында облыс әкімі шамамен алғанда 40 минутқа жуық уақыт баян­дама жасады. Бұл жерде өңір басшысы аймақтың бүгінгі тыныс-тірлігіне кеңінен тоқталып, экономикалық, әлеуметтік жағдайдың барысын егжей-тегжейлі айтып берді, болашаққа деген жоспарлары туралы хабардар етті. Облыс әкімінің айтуынша, өткен жылы өңірдегі экономикалық өсім 1,8%-ға қамтамасыз етілген. Аймақтың ішкі жалпы өнімі 3 трлн. теңгеге жуықтап, бұл көрсеткіш бойынша облыс Қазақстанда үздіктер қатарында келеді екен. Өндірісте, ауыл шаруашылығында, шағын және орта бизнесте, тұрғын үйлерді пайдалануға беру және басқа да бірқатар көрсеткіштер бойынша ілгерілеушілік байқалады. Орташа айлық еңбекақы көлемі де 4,8%-ға ұлғайып, 110 349 теңгені құраған. Сондай-ақ, облыс басшысы биылғы бюджеттің үнемдеу режімінде қалыптасқанына қарамастан, жалақы, жәрдемақы, шәкіртақылар және басқа әлеуметтік төлемдер толық көлемде орындалатыныны баса мән берді. Нұрмұхамбет Әбдібеков Қарағанды облысында ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөліне бастағанын атап өтті. Мысалы, 2014 жылмен салыстырғанда, ішкі жалпы өнім 162,9 млрд. теңгеге жетіп, өсім 7,3%-ды құрады. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру мен мал және құс басының өсу үрдісі сақталған. «Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығының алдына қойылған міндеттерді орындай отырып, өсімдік шаруашылығында тиімділігі төмен, суды қажетсінетін дақылдарды өсіру көлемі шектеліп, оларды көкөністік, майлы және жемдік өнімдерге ауыстыру жұмыстары жүргізілуде», – деді облыс әкімі. Бүгінгі күнде баға саясаты басты назарда тұр. Осы мәселені ескере отырып, облыс басшысы бұл саладағы ахуалға да баға бере кетті. Мысалы, 2015 жылдың желтоқсан айында облыстағы тұтыну бағаларының индексі 2014 жылдың желтоқсан айына шаққанда 111,6% деңгейінде (оның ішінде, азық-түлік тауарларына – 112,5%, азық-түлік емес тауарларға – 118,5%, ақылы қызметтерге – 104,8%) түзілген, бұл – облыстар арасындағы ең төменгі көрсеткіш. Сонымен қатар, ол әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына сауда үстемесін мейлінше аз қосу, негізгі азық-түлік түрлерін үздіксіз жеткізу және жалға беру ақысының мөлшерін ұлғайтпау туралы 3 мыңнан аса меморандумның жұмыс істеп тұрғанын мысалға келтірді. Жалпы, облыс әкімінің тұрғындар алдындағы есебі кезінде екі нәрсе ерекше есте қалды. Оның біріншісі – өңір басшысы шетелдік инвесторларға қарата ағылшын тілінде үн қатып, оларды облысымызға инвестиция салуға, әріптестік негізде тізе қосып жұмыс істеуге шақырды. Бұл ретте өңір басшысы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында облыста Инвестиция тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес құрылғанын тілге тиек етті. Кеңес құрамына инвесторлар, ірі бизнес, даму институттары және мемлекеттік органдардың өкілдері енгізілген. Қазірдің өзінде бұл шараның өміршеңдігі әр-әр жерде көрініс тауып отыр. Мысалы, Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы аясында индустрияландыру және инвестиция саласындағы жобаларды жүзеге асыру жөніндегі жұмыстар жалғасуда. Оған Қарағанды облысынан 2 жоба: «Қазақстан Республикасында көмір өңдеу жөніндегі кешен құрылысы» және «Сарыарқа» АЭА аумағында кешенді балқытулар зауыты құрылысы» жобалары енгізілген. Екінші есте қалғаны – былтырғы жылғы тасқыннан мейлінше зардап шеккен Бұқар жырау ауданындағы Мұстафин кентінің тұрғыны қойған сұраққа берген жауабы болды. Кент тұрғыны облыс басшысына жерлестерінің дәл қазіргі уақытта былтырғы жағдай қайталана ма деп үрей құшағында жүргенін жеткізді. «Сондай жағдай болмас үшін биыл апаттың алдын алатын қандай шаралар атқарылып жатыр?», – деп сұрады жиынға қатысушы. Облыс басшысы бұл сұраққа жан-жақты жауап берді. Бүгінгі күнге дейін біздің облысымызға Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко мырзаның екі рет келіп, су тасқынының алдын алу шараларымен танысып кеткенін тілге тиек етті. Облыс әкімінің айтуынша, Вице-министр облыстағы атқарылып жатқан жұмыстарға, жалпы, төтенше жағдайларға деген дайындық барысына оң баға берген. «Биыл біз табиғаттың тосын мінезіне тыңғылықты түрде дайындалдық. Алда-жалда апат болып жатса – оның зардаптарын жою үшін деп бюджеттен 1 млрд. теңге көлемінде қаражат қарастырып қойдық», – деді өңір басшысы. Әлбетте, облыс әкіміне залдан тікелей, содан соң бейнебайланыс арқылы қойылған сұрақтар өте көп болды. Әрбір сұрақтың артында адамдардың талап-тілегі, өкпе-назы, ұсыныс-өтініші, сондай-ақ, жекелеген адамдардың, тіпті, бүтіндей бір ауыл, аудан, қалалардың тағдыры тұрғанын ескерген өңір басшысы өз жауабын бүгінгі күн шындығына орайластыра отырып, мейлінше ауқымды және нақты етіп жеткізуге тырысты. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». Қарағанды облысы.