«Егемен Қазақстан» газетінің өткен жылғы 29 қыркүйектегі №394-397 (26240) санында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Төлеубай Ермекбаевтың «Туған жердің тасы да тіл қатады» деген мақаласы жарияланды. Онда ХVІІ – ХVІІІ ғасырларда өмір сүрген үлкен тұлға, Қазақ хандығының аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері, Орта жүздің ұлы биі Қаз дауысты Қазыбек Келдібекұлының қайтыс болған жеріне бүгінгі күнге дейін ешқандай ескерткіш-белгі қойылмай, ескерусіз жатыр деген әңгіме айтылады. Ойын түйіндей келе Төлеубай Ермекбаев: «...Теректібұлақтағы (дұрысы: Қарағайлыбұлақ) би атаның қыстауы (күзеуі) басында жылдар салмағымен оң жамбасына жантайып бара жатқан екі сөре тас әлі күнге дейін қамсыздығымыздың белгісіндей болып сол жерде қалқиып тұр. Басында ешқандай белгі жоқ. Қоршауға да, қорғауға да алынбаған. Бұлар басында төрт тас еді. Екеуінен айырылдық. Енді осы қалқиып тұрған қалған қос тастан көз жазып қалмасақ жарар еді. Онда бұл салғырттығымыз бен салбөкселігімізді ұлы бидің аруағы кеше ме? Әй, қайдам...» дейді.
Қазақ елін Тәуке, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандар билеген тұстарда мемлекет басқару ісіне белсене қатысып, олардың ішкі және сыртқы саясатына үлкен ықпал жасаған, жоңғар шапқыншыларына қарсы азаттық күресті ұйымдастырушылардың бірі болған Қаз дауысты Қазыбектің фәниден бақиға өткен орнына ескерткіш орнату ісі билік тарапынан ескерусіз қалып келе жатқанын күйзеле айтқан Т.Ермекбаевтың жан ашуын түсінуге болады. Шынында да, үлкен тарихи мәні бар оқиға орнына орталық немесе жергілікті өкімет тарапынан ешқандай қамқорлық жасалған жоқ. Тіпті, ол Қарағанды облысының жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне де енгізілмеген («Орталық Қазақстан», №89-92 (20876), 10 маусым 2010 ж.). Алайда, Қаз дауысты Қазыбек 1764 жылы, 97 жасында Шідерті бойындағы жайлауынан Едірейдегі қыстауына көшіп бара жатқан жолда, күзеу қонысы Қарағайлыбұлақта науқастанып қайтыс болған, ақ жуып, арулап, ақ киіздің сыртынан былғарымен қапталып, баласы Бекболат жыл шыға мәйітті қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне апарып жерлегенге дейін, қыс бойы аманатқа сақталған жерде 2000 жылдың тамыз айында ұрпақтары сөре тастарды темір шарбақпен қоршатып, граниттен ескерткіш қойды, баба рухына тағзым етті. Ескерткіш тастың бетіне: «ХҮІІ – ХVІІІ ғғ. Қазақ хандығының аса ірі мемлекет қайраткері Қаз дауысты Қазыбек би осы жерде 1764 ж. қайтыс болды. Мүрдесі Қожа Ахмет Ясауи мавзолейіне жерленген. Ұрпақтарынан», – деп жазылған. Ескерткішті орнату рәсімінде жиналғандарға ас беріліп, дұға бағышталды. Аталған іс-шараға орай аймақ өңірінің айнасы «Орталық Қазақстан» газетінің 2000 жылғы 30 тамыз күнгі санында осы жолдар авторларының бірі, журналист Ермек Балташұлының «Керім даланың кемеңгері» атты мақаласы жарияланып, оқиға орнынан түсірілген сурет қоса жарық көрді. Дәл осы мезгілде «Қазақстан – Қарағанды» телеарнасынан тележурналист Садық Таласбаевтың аталмыш шарадан түсірілген репортажы да берілді.
Қаз дауысты Қазыбектің сөре тастарына қатысты әңгіме қозғалғаннан кейін оның орнатылу жағдайынан да азын-аулақ мағлұмат бере кеткеніміз артық болмас. Мәйіт сақталған сөрені тіреп тұрған 4 таған тасты осы жерге әкеп орнатқан қаракесектің Қаракемпірінен шыққан Қарабас балуан екен. Бұл дерек Қаз дауысты Қазыбектің бесінші-алтыншы ұрпақтары Жайсақ қажының (1854 – 1917) ұлы, Ыстамбұлдың Ая София және Уфаның Ғалия медреселерінен білім алып, өмір бойы ұстаздық еткен Камалидден (Камал) (1882 – 1954) қалдырған шежіреден белгілі. Ал жоғалып кеткен екі тас туралы оқу-ағарту ісінің үздігі, жоғары санатты ұстаз, осы күні жасы 76-ға келіп отырған зейнеткер Рауия Смағұлұлы Смақов дерек берді. Рауия Сүйіндіктің Айдабол атасынан тарайды. Әкесі Смағұл (Смақ) Жүнісұлы ел сыйлаған салиқалы ақсақал, діндар адам еді. Қаз дауысты Қазыбек қорымының іргесіндегі Мұрынтал ауылында тұрған. Бұл жер бұрын Павлодар облысы, Баянауыл ауданына қарасты Октябрьдің 40 жылдығы атындағы шаруашылықтың бөлімшесі болатын. Қорымның алдындағы өлкені Сеңкібай жазығы дейді. Ол қаракесек ішінде Қара-Шор атамыздан тарайтын Сеңкібай батырдың жайлауы болған. Қаз дауысты Қазыбектің жайлауы осы өңірмен шектес. Сеңкібай батырдың бір баласы Далбатау аталуы да көп нәрседен хабар бергендей.
1941-1946 жылдары Смағұл ақсақал Сеңкібай өлкесіндегі орманның жанындағы Қарашоқының (Қара бие емес) баурайын қоныстанған. Қаз дауысты Қазыбек қорымы бұл жерден бір-ақ шақырым. 1946 жылы Рауия Семізбұғы жетіжылдық мектебіне ауысып, 5-сыныпты Семізбұғы кентінде, кеңес төрағасы болып жұмыс істеген жездесі Қаппас Қалиақпаровтың үйінде жатып оқиды. Сонда 1946 жылы Қазақ КСР Жоғарғы сотының сол кездегі қызметкері Нұркен Жаналин деген кісі Семізбұғы кенішінен «ЗИС-5» машинасы мен оншақты жұмыскер алып келіп, 4 тастың бірін Нұра темір жол стансасына апарып, сол жерден пойызбен Алматыға жөнелткен. Рауияның бұл оқиғаны егжей-тегжейлі білетіні, жездесі Қаппас жоғарыдағы Нұркен Жаналиннің жанында болған екен. «Төртінші тасты Семізбұғы, Шалқар немесе Қандыкөл ауылының ұсталары немесе тың игеру жылдары жаңа ұйымдасып жатқан колхоздардың орыстары диірмен жасауға пайдалану үшін әкетуі мүмкін», деп пайымдайды Рауия.
Хош, сонымен Қаз дауысты Қазыбектің сөресі қызметін атқарған тастардың екеуінің сыртына ұлы бидің ұрпақтары осыдан он жыл бұрын қоршау жасатып, ескерткіш қойғаны жайлы жоғарыда айтылды. Ал оны маңызы зор тарихи-мәдени ескерткіштер қатарына қосып, қамқорлыққа алу атқарушы биліктің құзырындағы мәселе.
Қаз дауысты Қазыбектің ұрпақтары атынан: Қаби ЕСІМОВ, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор; Ермек БАЛТАШҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.
Қарағанды қаласы.