• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2016

Қазақстан – Иран: Ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі

258 рет
көрсетілді

Жақында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың делегациясы компания президенті Асқар Маминнің басшылығымен жұмыс сапарымен Иранда болып қайтты. Тегеранда ҚТЖ басшылығы Иран көлік саласының бірқатар ведомстволары мен компаниялары басшыларымен екіжақты кездесулер өткізіп, келіссөздер жүргізді. «100 нақты қадам» бағдар­ламасын жүзеге асыру шеңберінде Қазақстанды халықаралық көлік-коммуникациялық ағынға интеграциялау мен «Еуразиялық трансқұрлықтық дәліз» мульти­модалдық көлік дәлізін құру бойын­ша келіссөздер нәтижелі аяқ­талды. «Social Security Investment Company» (SHASTA) компаниясының бас директоры Сейед Мұхаммад Реза Аятол­лахимен іскерлік келіссөз бары­сында Бандер-Аббас теңіз портында бірлесіп терминал және Түрікменстан мен Иран шекарасында орналасқан Инчебурун стансасына жақын жерде құр­ғақ порт қағидаты бойынша инфра­құрылымдар нысандарын салу мәселелері талқыланды. Аталған терминалдық жобалар логистикалық инфрақұрылымдар қалыптастыруға және Парсы шығанағы порттарынан транзиттік және экспорттық жүктер үшін жіберу нүктелерін құруға бағыт­талатын болады. Жұмыс сапары шеңберінде «Raja Rail Transportation Co» ком­паниясының бас директоры Хасан Мұсавинежадпен келіссөз өткізілді. Оған «Patentes Talgo S.А» компаниясының президенті Карлос Паласио Ориоль қатысты. Келіссөз барысында Ирандағы жолаушылар тасымалын дамыту бағдарламасы шеңберінде «Тұлпар-Тальго» ЖШС шығаратын жаңа үлгідегі 200 жолаушылар вагонын сату туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Иран Ислам Республикасы темір жолының бас директоры Мохсен Пур Сейед Агаимен кездесу кезінде 2016 жылы Қазақстан мен Иран арасындағы тасымал көлемін 2,5 миллион тоннаға дейін жеткізу бойынша белгіленген жос­парлар мәселесі қарастырылды. Тараптар Қазақстан – Түрікменстан – Иран жаңа халық­ара­лық теміржол желісі бойын­ша тасымал көлемін өрістету үшін оңтайлы тарифтік жағдай қалыптастыру туралы оң ниеттер бар екенін қуаттады. Қытайдан Иранға тұрақты негізде контейнерлік пойыздарды ұйымдастыру және өткізу мәселелері талқыланды. Тараптар Қазақстан мен Иран теміржол тарихындағы алғашқы контейнерлік пойыз өткізілгенін зор қанағат сезімімен атап өтті. Аталған пойыз Қытайдың Иву қаласынан шығып, Иран астанасы – Тегеранға атбасын тіреген болатын. Маршруттың ұзақтығы 9 мың шақырымнан асады, ал жүкті жеткізу мерзімі – 14 тәулік. Бұл жүкті теңізбен жеткізгеннен әлдеқайда аз (30 күнге дейін). Кездесу барысында Ресей экспортын Өзен – Берекет – Горган теміржол тармағы арқылы Иранға жеткізу бағытындағы жұмыстарды белсенділендіру мәселесі де талқыланды. Сауда ағындарын, атап айт­қанда, Иранның азық-түлік тауарлары экспортын Қазақстан мен Ресей нарықтарына жеткізуді қамтамасыз ету бойынша уағдаластықтарға да қол жеткізілді. Бұл үшін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың рефрижераторлы контейнерлер паркін пайдалану жөнінде келісім жасалды. Бұдан бөлек, теміржол маши­наларын жасау саласындағы ынты­мақтастықты дамытудың перс­пективалары, Иран темір жолымен «Evolution» сериясындағы 150 локо­мотивті, 70 жолаушылар элек­тро­возын, 5 мың жүк вагондарын, рельстер мен рельстердің жо­лын ауыстыру құрылғыларын экспорттық жеткізу бойынша ынты­мақ­тастықты арттыру жайы талқыланды. Келіссөздер қорытындылары бойынша тиісті хаттамаға қол қойылды. Сәулебек БІРЖАН.