АСТАНА. 24 ақпан. Астана қаласында 25 ақпаннан бастап «Вокорд-Циклоп» аппараттық-бағдарламалық кешендері өнеркәсіптік пайдалануға енгізіледі. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты – astana.gov.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
«Қауіпсіз қала» жобасы аясында 21 аппараттық кешен іске қосылады. Мұндай жылдамдық өлшеуіштер көлік құралдарының жылдамдық режімін бұзу бойынша жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде тіркеуге мүмкіндік береді. «Вокорд» кешендері қаланың апатты-қауіпті учаскелерін талдау нәтижелерін ескере отырып, орнатылады.
Жаңа қондырғылардың ерекшелігі нысанның жылдамдығын радарлық және оптикалық әдіспен анықтау қабілеттілігі болып табылады. Бұл ретте оның жұмыс істеп тұрғаны сырттан көрінбейді. Жүргізушілерді ескерту мақсатында ақпараттандыру белгілері қойылды. «Воккорд» кешені түнде мемлекеттік номерлерді тануға мүмкіндік беретін ИҚ-прожекторлармен жабдықталған, анықтау нақтылығы 98 пайызды құрайды.
Көлік құралын тіркеу туралы мәліметтер бірыңғай электронды файлмен ұсынылады, оған көлік қозғалысының өлшенген жылдамдығы, көліктің мемлекеттік тіркеу номері көрсетілген фотосурет, өлшеу қондырғысының орналасқан орны туралы мәлімет, көлік құралы қозғалысының бағыты, көліктің нақты жылдамдығын тіркеу уақыты мен күні, автожолдың осы бөлігінде рұқсат етілген жылдамдық, тіркелген жол қозғалысы ережесін бұзу туралы ақпарат кіреді. Бұзушылықтар туралы мәліметтер ұйғарым түрінде көлік иесінің мекенжайына жіберіледі.
Айта кетейік, жыл басынан бері Астана қаласында бейнебақылау жүйелерінің көмегімен жылдамдық режімін бұзу бойынша 3 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Еламан Қоңыр.
Дерек, сурет: astana.gov.kz.