• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
25 Ақпан, 2016

Өзі – мүгедек, жүрегі – жомарт

304 рет
көрсетілді

Нияз Сүндетәлиев 5,5 миллион теңгені қайырымдылық қорына аударды Адамзат баласын сүю үшін адамның он екі мүшесінің сау болуы тіпті де міндетті емес екен. Мұны өзінің мүбәрак ісімен Нияз Сүндетәлиев есімді 26 жастағы қарағандылық жігіт тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Нияздың өзі осыдан төрт жыл бұрын ауыр жарақат алып, мүгедектер арбасына таңылған болатын. Сол кезде жап-жас жігіттің басына төнген бақытсыз жағдайға шын қынжылған достары мен туыс­тары түрлі акциялар мен флешмобтар ұйымдастырып, қаржы жинас­тырған. Ал бүгінгі күні Нияз болса, еліміздің түкпір-түк­пі­­ріндегі қайырымды жандар­дан келіп түскен сол қомақты қаржы – 5 миллион 584 мың 504 теңгені Аружан Сайынның «Мейі­рімділік» ерікті қоғамы» қоры­ның есеп-шотына аударып жіберді. – Бұл ақшаның жақын арада өзімді емдеуге қажет еместігіне көзім жетті. Ал оны жамбастың астына құр басып отыру адам­гершілікке жатпайтын қылық болар еді. Сондықтан, мен бұл ақшаны дәл бүгінгі күнде емге зәру балаларға көмек ретінде Аружан Сайынның қорына аудару жөнінде шешім қабылдадым. Жүрегі мейірімге тұнған жас жігіт өзінің ертеңіне сенімді. – Мені емдейтін дәрігер мен клиника табылған кезде, барлық түйін өз ретімен шешіледі деп ойлаймын. Мен бұған сенімдімін. Ең бастысы, күні ертең өзімнің жүріп кететініме титтей де күмәнім жоқ. Сондықтан, мен ешқашан да ұн­жыр­ғамды түсірмеймін, – дейді Нияз. Бұдан бөлек, Нияз Сүндетәлиев биылғы жылдың 1 қаңтарынан 23 ақпанға дейін жиналған қайы­рымдылық қаржысын Қараған­дыдағы мүмкіндігі шектеулі ба­лаларға көмек көрсететін орта­лық­тың есеп-шотына аударуға шешім қабылдады. Бір қызығы, Нияз Аружан Сайынмен телефон арқылы сөй­лес­­кенінде өзінің мүгедектер арбасына таңылғаны туралы тіс жармаған екен... Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.