• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
25 Ақпан, 2016

Өмірінен өнеге өрген

870 рет
көрсетілді

Ұлы Дала қоғамдық жүйенің құрсауын бұзатын, жаңа бағыттың есігін ашатын, күшті сезімдегі жігерлі, талай біртуар дара тұлғаларды дүниеге әкелуден кенде болған емес. Ол пассионарлық тұлғалар сананы тербейді, болмысты серпілтеді, жанды-арды тазалайды. Өткенді саралатып, болашаққа басқа көзқараспен қаратып, жаңаға даңғыл жол салады. Ұлтының намысын жыртып, басын бәйгеге тігеді. Осындай тұлғалардың бірі ғана емес бірегейі Болатхан Тайжан. Тереңнен ойлап, тебірене толғансақ, ұлтымыздың барша тарихы – тәуелсіздік, халықтың бас бостандығы үшін күрес. Тәуелсіз ел болудың ұмтылысына ерекше үлес қосқан ардақты ағамыз көзі тірі болса наурыз айында 75 жасқа келер еді. Болатхан Тайжан қасиетті Баянауылда дүниеге келді. Қазақтың ежелден жалғасып келе жатқан озық дәстүрлері, өркенді өнері оның бойы­на туған жерінің топырағы арқылы дарыды. Ал жастық шағын Алатаудың аясында Алматыда өткізді. Соғыстан кейінгі 50-ші жылдары Алматы қаласындағы қазақтың санының аздығына қарамастан, намыстың атына мініп, ұлтының адал ұлы болып өсті. Мектепті алтын медальға бітірді. Зерек өскен, алғыр баланың жолы болып, екінің бірінің қолы жете бермейтін Мәскеу халықаралық қатынастар институтына түсіп, білім алды. Болатхан Тайжанның саяси шыңдалуы XX ғасырдың 60-жылдарындағы «хрущевтік жылымық» кезеңіне тап келді. Бостандықтың жылы лебін Мәскеудегі студенттік жылдары сезінуінің жолы түсті. 1963 жылы Порт-Саид қаласындағы дипломатиялық жұмысынан босап, институттағы оқуын жалғастыруға Мәскеуге оралды. Тумысы бөлек ол, Мұрат Әуезовтің басшылығымен құрылып, қанатын жая бастаған «Жас тұлпар» қозғалысының жұмысына белсене араласып кетті. Жаны жайсаң, елі мен жері дегенде айрықша елгезек жүректі жас жігіттің іздегені де осы еді. XX ғасырдың 60-жылдары «хрущевтік жылымықтан» мүмкіншілік алып оянған ұлттық болмыс ұлттық сананы жаппай қозғалысқа итермеледі. Кеңес Одағының республикаларында ұлтшылдық жаппай үлкен белең алғаны белгілі. Əсіресе, ұлттық интеллигенция мен студент жастар қауымдастықтары ұлт-азаттық қозғалыстың негізгі күшіне айналды. Ата даңқы, баба салты, өнегелі дəстүрі, айбарлы күші болған халықтың бұл жылдарғы жағдайы Қазақстаннан тыс қалаларда білім алып жүрген жастарды бейжай қалдырмады. Мəскеуде өткен ғасырдың 60-жылдары бір мың екі жүзден аса қазақ жастары бір мезгілде білім алды. Рухы бай адамдардың үндестіктері қай жерде жүрсе де бірге шығады. Қазақ жастары Кеңес Одағының түкпір-түкпіріндегі арасы алшақ республикаларда жүрсе де, бірін-бірі көрмей, естімей-ақ ой-армандары бір жерден шықты. Ұлтына деген сүйіспеншіліктері жастарды көп іс тындыруға, ізгілікті із қалдыруға жетеледі. Білім алып жүрген жастардың бірігіп бас қосуы заман талабы, тірлік қамынан туды десек қателеспейміз. 1963 жылы Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжан, Алтай Қадыржанов, Əнуар Сартбаев төртеуі Мәскеу қаласында бір жарым айдың ішінде 46 жатақхананы аралап үгіт-насихат жүргізеді. Жастұлпарлықтар Алаш идеяларының мұрагерлері, Алаш зиялыларының істерін жалғастырушы ретінде социалистік қоғамдағы мүмкіншілік шеңберінде жұмыс жасады. Олар Кеңес өкіметі, социалистік идеологияға тікелей саяси тұрғыда қарсы тұрмай, тоталитарлық жүйедегі рухани, мəдени-ағартушылық саласындағы кемшіліктерді көтеріп бетпе-бет келді. Əрине, билік те, зиялы қауым да ашық айтылмағанымен түпкі мақсаттың тəуелсіз мемлекет құру идеясымен сабақтасып жатқанын түсінді. «Жас тұлпар» басшылары жас болса да, қозғалысты ұйымдастыру, бағыт-бағдарын анықтау барысында орасан зор саяси көрегендік жасады. Ең алдымен жылдан-жылға рухани дүниесі құлдырап, жік-жікке бөлініп, ұлтсызданып тілінен айырылып, ыдырап бара жатқан ұлтына мəдени ағартушылық іс-əрекеттер арқылы əсер етуді көздеді. Олар өткеннің шындығының шымылдығы ашылса, ұлттың көзі ашылып, санасының оянатынына сенді. «Жас тұлпар» ұйымы бұқара халықпен тығыз байланыс жасауының арқасында ел сеніміне ие болды. Жастұлпарлықтар ары үшін арпалысатын, елі үшін жан қия алатын қазақтың балаларының əлі де бар екенін дəлелдеді. Əрине, олар социалистік идеямен уланған қалың ұйқыдағы, күнкөрістің күйбеңімен көлеңкеге айналған көпшіліктің есін жинатқызу оңайға түспейтінін білді. Əлемді қаптап тұншықтырып тұрған социалистік идеядағы мемлекеттік жүйені бірден қирата алмады. Бұл мүмкін де емес еді. Бірақ өз елі, өз жерінде тұрып мəңгүрттеніп бара жатқан ұлтының санасын сілкіндіріп, зердесін ашуға бар күш-жігерін салды. Жастұлпарлықтардың еңбектері еш кетпеді. Істеген істері елді біржолата құлдық, бодандық санадан арылтуға негіз болды. Алаш идеясы жастұлпарлықтарды дүниеге əкелді, ал олар қазақ жастарын оятты. Тəуелсіз, бостандықтағы ел болу үшін ұлтының көзқарасын өзгертіп жаңа болмыс, ойлы санаға жетеледі. Ұлы Далада сонау сақ замандарынан бүгінге дейін ұрпақтар сабақтастығы, бабалар жалғастығы үзілмеген, ата-тек тумысы ажырамаған қазақты бұратана, білімсіз, мал бағудан басқа ештеңе қолдарынан келмейді деген қағидамен жастұлпарлықтар келіспеді. Əсіресе, Болатхан Тайжан барлық кездесулерде ауылды жерде мектеп бітірген балаларды сыныбымен комсомол ұйымдарының қой бағуға жіберетінін əшкерелеп, «бұл адам құқығын бұзу» деп айтып та, дəлелдеп те жүрді. «Бəріміз бірдей қойшы болсақ құл болармыз, бəріміз бірдей тойшыл болсақ жын болармыз», деп айтудан жалықпады. Ол тың игеру кезіндегі әділетсіздіктердің де бет пердесін тырналай ашты. Үгіт-насихат барысында басқа республикалардан Қазақстанға келген өзге ұлт өкілдеріне бар жағдай жасалып, ал олармен бірге келген қазақтарға ештеңе төлемеуін «отаршылықтың жаңа түрі» деп әшкереледі. Қазақ мектептерінің жаппай жабылуын геноцидтің бір түріне санады. Адамзат тарихында не істелінсе де ұлттық мүдде үшін істеледі. Жас тұлпардың тұяғының дүбірінен оянған Ұлы Дала төскейіндегі қазақ жастары ештеңеден тайынбауға айналды. Əділеттілік жөніндегі пікір-ойлар, жастұлпарлықтарды көріп, сөздерін есту елдің түкпір-түкпірінен келген жастарды бұрынғыдан да қатты рухтандыра түсті. Адам өз еркіндігі үшін талпынып, аянбай күреспесе болашағының күмəнді, көмескі бола беретіндігіне көздері əбден жетті. Қазақ жастары жастұлпарлықтардың ықпалымен қоғамдық өмірге белсене араласып, болашақтары үшін күреске шықты. «Жас тұлпар» дүбірі қазақ жастарының санасын біржолата серпілтіп, азаттық күресіне жетеледі. Дүбірден оянған жас­тар Қазақстанның бар аймағында жасырын үйірмелер ұйымдастырып, өз шама-шарықтарына қарай, ұлт-азаттық көтеріліске араласты. Құрбы-құрдастарының ой-өрістерін кеңейтіп, ұлттық зейненің күш-қуатын күшейтті. Қарағандыда «Жас қазақ», Қостанайда «Жас түлек», Өскеменде «Ұлттық мамандарға әділеттік тобы», Семейде «Тайшұбар», Гурьевте «Ұшқын», Павлодарда «Жас ұлан», Целиноградта «Тың тұлпар», «Оян қазақ», Шымкентте «Адыр қасқырлары», Алматыда «Сарыарқа» ұйымдарының болғаны соның айғағы. «Жас тұлпар» қозғалысы тарихымыздағы азаттық үшін күресіміздің үлкен бір белесі. Ол неміс автономиясының құрылуына жол бермеген, Желтоқсан көтерілісінде ұлтымыздың намысын жанып, жастарға рухани азық бола алған күш! Жастұлпарлықтар Алаш ұраны, Алаш идеясы – ұлттық мемлекеттің көрінісі деп білді. Қазақ шежіресінің осы Алаша хандығынан басталатынын, оның көзінің көнеде екендігін насихаттады. «Елдің тарихы өкіметтің тарихы емес, ол ең алдымен халықтың тарихы», деп халықтың мүддесін елдің мүддесімен қарастырды. Ал Болатхан Тайжан ұлттық идея мəселелерін көтеріп: «Халық тарихын кесіп, бөлшектеуге болмайды. Қазақ хандығы, Алашорда өкіметі мемлекеттік құрылым белгілері. Қалай оларды ұмытып қазақ халқының мемлекеттілігі болған жоқ делінеді. Ұлт тарихы қалай болғанда да біртұтас, ол қайталанбайды жəне де түзетуге келмейді», деп ұлттық идеяны мемлекеттіліктен іздеді. «Рухани тоқырау адамгершілікті аздырып, шынар шыңына жеткізді. Өтірік пен жалғандық өзімізді ғана емес, жас ұрпақтың қанына сіңіп, күнделікті əдетіне айналып барады. Ал біз болсақ, ештеңе болмағандай мəзбіз. Несіне мəзбіз, қарнымыздың ашпағанына, соғыстың жоқтығына ма? Біз өзімізге-өзіміз өтірік айтудамыз. Біз өтіріктің, жалғандықтың құлымыз. Бүгінде біз шындықты айтып, рухани дүниелеріміз, айналып келгенде жанымызды кірлетпей қорғауға күшіміз жетпей тұр. Біз өткендегі қайғы-қасіретімізді, аштықты, жоғалтқанымызды айтудан да қорқамыз. Ол жөнінде айтатын болсақ, сол жаманшылық тіріліп қайта келетін сияқтанады. Ал өткеннің шындығын айтпай, əділеттілікке қол жеткізу мүмкін емес. Біз бүгінде əділеттілікке қол жеткізгіміз келсе, алды-артымызға жалтақтамай, жүрегіміз қалаған шындықты айтуымыз керек. Өтірік пен екіжүзділік ешкімге ешқашан опа əкелмегенін естен шығармауымыз керек. Адам алдымен ұятын сақтап, абыройынан айырылмауы тиіс. Ең бастысы, бұл өзіңе ғана емес, сенен үлгі алып отырған бала-шағаңа, ұрпағыңа керек. Халық КГБ мен заң органдарынан қорықпаулары керек, қайта олар сендерден қорқулары керек», деген Болатхан Тайжанның жалынды сөздері тыңдаушы жұрттың құрсауланған жан дүниесін жібітті. Өз пікірі жоқ адам ұлттық құндылықтарды танып біліп, қастерлемейді. Рухани деңгейі төменнің жан дүниесі олқы. Кеңес өкіметі билігінің аз ұлттардың ана тілін, дінін, ұлттық құндылықтарын жоюға бар күшін салғаны белгілі. Өйткені, ұлттық ерекшелігін жоғалтқан адам тұлға болып, халқына қызмет жасай алмайды.Алаш идеясынан нəр алып сусындаған жастұлпарлықтар ештеңеден тайсалмады. Алды-артын ойлап жалтақтамады. Ұлттық сананың оянып, жастардың белсенділігінің артуы Кеңес Одағы өкіметін жайбарақат қалдыра алмады. КГБ социалистік жүйеге қарсы адамдармен күресті күшейту үшін арнайы бөлімдер ашты. Қоғамның бар саласында өздеріне тыңшы ұстады. Қазақстанда жастармен күрес «Жас тұлпар» ұйымына байланысты болды. Асыл тастай ұлтының болашағын ойлаған талай қазақ азаматтарын қайыстырған кеңестік жүйенің бар дүлей күші енді жастұлпарлықтарға бағытталды. Жастұлпарлықтардың арасына тыңшы жіберіп, бақылауға алды. Барлық кездесулерде кімдер болды, не делінді бəрі-бəрі жіпке тізілгендей керек жеріне жеткізіліп отырды. Қазақстан Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері істеген жұмысын Мəскеуге хабарлап, бірігіп жастарға қарсы шаралар, арандатушылықтар жасады. 1966 жылғы 28 наурызда Қазақстан Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен Мəскеуге жіберілген ақпаратта «Жас тұлпар» ұйымы жөнінде былай делінген: «... в период зимних каникул, в начале февраля 1966 года в г. Алма-Ата находились некоторые участники творческого объединения «Жас тулпар», состоявшего из казахской молодежи, обучающейся в вузах Москвы, Ленинграда, Украины и Прибалтики. В частности, Ауэзов Мурат – аспирант восточного факультета МГУ, председатель «Жас тұлпар»; Тайжанов Болатхан – студент Института международных отношений; Ибраев Шамиль – студент Рижского авиаинститута; Сулейменов Тимур – студент одного из ленинградских вузов; Қоспанов Сарсенгали – студент Ленинградского электротехнического инс­титута; Сембин Амангелды – студент Московской консерватории, Сматаев Софы – студент Московского института связи. В г. Алма-Ата ими были проведены три встречи с представителями казахской молодежи города, в которых также принимали участие некоторые алматинские писатели, журналисты, художники и студенты прибывшие по инициативе М.Ауэзова, из городов Караганды, Чимкента, Семипалатинска и из других городов Казахстана». Жастұлпарлықтар замандастарымен салыстырғанда көш бойы озық тұрған, ой-өрісінің, дүниетанымының, жалпы интеллектісінің жоғары дəрежеде болғанымен қоса ең бастысы, ұлтшыл болды. Ер мен елдің, халық пен батырдың, ерлік пен ездіктің диалектикалық сырын түсіне білді. Олар намысшыл жастар болды. «Тəуелсіздік біздің маңдайымызға бұйырмаған. Барымызға қанағат. Кеңес өкіметі аман болсын, бұдан жаманымызда да тойға барғанбыз, бір жөні болар» деушілер қатары көбейген заманда өмір сүрсе де, ұлттық намыстарын төмендеткізбей, ту қылып биік ұстады. Қайда жүрсе де, қай салада қызмет істесе де қазақ екені бесенеден білініп, исі шығып тұрды. Білімімен, адамгершіліктерімен көргеннің көзін тойдырып, жас ұрпаққа «мен де сондай болайыншы» деген ой салды. Жүрген жоқ, ұшты, қорқып бұққан жоқ, ұлты үшін қауіп-қатерге бастарын тікті. «Анадан шыққан тілімізді, атадан өрбі­ген тарихымызды бірізділікке салып, халықтың ана тілін, тарихи санасын қай­тару, қаз қалпына келтіру бұдан артық игі тілек, игі мақсат болуы мүмкін емес», деген сөздерді академик Манаш Қозы­баев жастұлпарлықтарға арнаған. Ой­шыл-журналист Жанболат Аупбаев «Жастұл­парлықтар Мәскеуде жүріп-ақ, іс-әрекет­тері арқылы өздеріне мәңгілік өмір сыйлаған азаматтар», деп жазды. 60-шы жыл­дары осындай игілікті істің басында, ұлы мақ­сатпен халқына ұлтым деп ұмтылған жастұл­пар­лықтар көпшіліктің көкейіндегісін айтты. Болатхан Тайжанның тазалығына, парасаттылығына сай тағдыр оған жомарт­тығын көрсетті. Таланттарымен бірге дүниеге көзқарасы, арманы бір достарды сыйлады. Жүректері ұлтым деп соққан Темірхан Бектібаев, Шайсұлтан Шаяхметов, Мұрат Әуезов, Берік Аманжолов, Мұрат Ғылманов, Мақаш Тәтімов, Советқазы Ақатаев, Марат Жүнісов, Базар Дамитов, Өмірсерік Қасенов және де басқа азаматтарды өмірлік жолдас етті. Тіпті, кейін ақын, балуан Шайсұлтан Шаяхметов досымен мыңжылдық құда болып, балалары Үміт пен Бейімбеттен ортақ немерелер сүйді.Ұлының есімін досының әкесі кемеңгер жазушының құрметіне Мұхтар деп қойды. Ал 60-жылдардың соңы, 70-жылдардың басында Қазақстан Кеңес Одағының құра­мында «мемлекеттік социализм» бағытын ұстанды. Дүние жүзіндегі социалистік жүйе қарқынды дамуы үшін өз халқына шектеу қойылып, басқаға қамқорлық жасады. Бұл «планетарлық қамқорлық» Кеңес Одағы халқына əлеуметтік əділетсіздікті күшейтті. Социалистік идеология бодандықтың жаңа түрін, яғни, сананы құрсаулап, ойды шеңберлеп көпшіліктің жоғарғы жақтың тұжырымымен жүруін үйретті. Мұның соңы өзгенің айтқанымен санаспай ештеңе істемеуге, өзіңе сенбеуіңе əкеліп соқты. Қазақ елінің қандай да үлкенді-кішілі жалпыұлттық мəселелерінен жастұл­пар­лықтар шет қалып көрген емес. «Жас тұлпар» ұйымының мүшелері енді уақыт өрісімен бірге аршындап, өздерін ұйым шеңберіндегі жұмыспен ғана шектемеді. Олар ұлт мүддесіне қатысты жұмыстарға тікелей араласып, əрқайсысы өз деңгейінде, жұмыс істейтін, тұратын жерлерінде белсенділік көрсетті. Əлем дамуындағы өзгерістерге сай Кеңес Одағы бедел-ықпалынан айырылып қалмауы үшін жекелеген республикаларға халықаралық деңгейде шаралар өткізуіне рұқсат берді. Өкімет идеологиялық қажеттіліктен тəуелсіздіктерін жаңа алған Азия жəне Африка елдерімен қарым-қатынасты жақсартуға мүдделі болды. «Капиталистік емес», «дамушы мемлекеттер» деген ұғым жасап, бұл елдерді Америка мен Еуропаға қарсы қойды. Осындай идеологиялық шаралар аясында Азия жəне Африка мемлекеттері ақын-жазушыларының симпозиумы Алматыда өтетін болды. Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Əнуар Əлімжанов бастаған комиссия құрылып, үлкен дайындықтар жүргізілді. Азия жəне Африка елдері ақын-жазушыларының V конференциясы 1973 жылдың қыркүйек айында Алматыда өтті. Бұл симпозиумда жастұлпарлықтар басқа қырынан көрініп, білімділіктерімен ерекшеленді. Конференцияда Азия және Африка жазушылары ассоциациясының төрағасы Юсеф эс Сибайға тəржімеші болған Болатхан Тайжанның рөлі зор болды. Болатхан Тайжан жөнінде үлкен интеллект иесі, аяулы азамат, əдебиет сыншысы Сағат Əшімбаев: «Юсеф эс Сибай сияқты терең ойлы, тұңғиық білімді қаламгердің мінбелер мен теледидардағы араб тілінде сөйлеген сөзін ілеспе əдіспен орысша-қазақшаға аудару оңай шаруа емес. Ұлт намысы деп айтарлық осы сында Болатхан ерледі. Сөйтіп, ол логикасы жүйрік, ойлау машығы жоғары интеллект иесі екенін көрсетті. Бүгінгі қазақ жастары міне, осындай болуы керек», деп «Лениншіл жас» газетіне аспандата жазды. Юсеф эс Сибай Алматыдан кейін Ереван, Мәскеу қалаларындағы іссапарында Болатхан Тайжанды қасына ертіп жүрді. Қазақстанда тәуелсіздіктің арайлы таңы атты. Беймəлім бір қуаныш жан дүниені, бүкіл ықыласымызды еріксіз баурады. Көкіректі керіп кеудені отқа толтырып, еркін лапылдайтын болдық. Бостандықтың буы қиындыққа қысылтпай, кемшілікке алаңдатпай еңсені көтерді. Теңеуі жоқ қуаныш – тауымыз шағылып, бетіміз қайтқан күндерді ұмыттырды. Көксегені көктен түсіп, армандары орындалған қазақ жұртының жарқыраған көз нұрлары жүздеріне төгіліп жасарып кетті. Болатхан Тайжанның өміріндегі жұлдызды кезеңдерінің бірі «Жас тұлпар» қозғалысымен байланысты болса, екіншісі дипломат ретінде Қазақстанның сыртқы саясатына қосқан үлесі болды. Қазақстанды Араб әлемінің танып, қарым-қатынастарының өте жақсы болуында Болатхан ағамыздың орны ерекше.1993-1999 жылдары ол бір мезгілде құрамында Египет, Марокко, Тунис, Иордания, Сирия, Ливия сияқты жеті мемлекетті біріктірген аймақтық елшілікті басқарды. Қазақстанның экономикасына бай Араб мемлекеттерінен инвистициялардың келуіне жол ашты. Мұсылман әлемімен мәдени-рухани байланыстарды нығайтты. Елшіліктегі еңбек барысында қазақтың кім екенін араб жұртына кеңінен танытып, Сұлтан Бейбарыстың туған жерін әлем­ге паш етті. Мысырдың астанасы Каир қала­сын­да Абай көшесінің ашылуы соның айғағы. Өткенді білмесек, болашаққа қалай барармыз. Кеткенімізді қадірлемесек, жаңа ұрпаққа не дерміз. Қазақ қашанда елін қорғаған батырларын, әділін айтқан билерін төбесіне көтеріп пір тұтып,ұрпағын сол рухта тәрбиелеген. Дәстүр жалғасуда. Болатхан Тайжанның ұлтсүйгіштігі қазақтың жігерін күшейтуге, ұлттық болмыстың шыңдалуына әсерін тигізгені айдан анық. Өйткені, ол жастайынан ұлтының асылдарын бүгінгі ұрпаққа жұғысты етті. Бүгінде бар қазақ, ұлан-ғайыр ата-баба жерінде Көк байрағын желбіретіп, Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атауға қызу дайындық үстінде. Өмірден ерте озбағанда Болатхан ағамыз да айтулы мерекені қарсы алуға барынша қамданып, жайраңдап жүрер еді. Күлімдеген көздерінен көзілдірігін алып, асықпай сүртіп: «Қалайсыңдар?», деп жымия қарар еді. Әміржан ӘЛПЕЙІСОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры.