Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өндіріс қауіпсіздігі комитетінің төрағасы Аманияз Ержанов баспасөз мәслихатын өткізді. Ол еңбек өнімділігін арттыру үшін жасалған «Өнімділік-2020» бағдарламасы жөнінде әңгімеледі.
Инвестициялар және даму министрлігі аталған бағдарламаны «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» акционерлік қоғамымен бірлесе жүзеге асырып жатқанын айтқан комитет төрағасы, қазіргі таңда еңбек өнімділігін арттырумен қатар, кәсіпорындардың тиімді жұмыс істеуіне де баса назар аударылып отырғанына тоқталды. «Осы күнде әлемдегі жоғары стандартқа қол жеткізу бойынша нақты еңбек өнімділігіне қатысты саясат жүргізіліп отыр. Осынау саясатты жүзеге асыруға байланысты министрлік пен институт бірлесе отырып, «Өнімділік-2020» бағдарламасын тағы да жетілдіре түсті. Бұл бағдарлама озық елдердің тәжірибелерін зерделеген соң ғана дайындалғанын айтқым келеді. Қолға алынған бағдарлама отандық өнім шығарушылар мен қарапайым жұмысшылардың қызметін үйлестіріп, жақсы нәтижелер көрсетуде», деді ол.
Бағдарлама 2011 жылы жасалып, содан бері жүзеге асырылып келе жатқаны мәлім. Бүгінде ол жетілдіріліп, жаңа талаптар енгізіле бастаған. Осыны негізге алған ведомство басшысы өндіріс орындарын жаңғыртумен қатар, маңызды жұмыстарды атқаратын қызметкерлердің біліктіліктерін үнемі арттырып отыру аса қажет екенін айтты. «Бүгінде бірінші кезекте индустрияландыру картасының жобаларына арналған техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеу мен оны үнемі сараптап отыратын жүйе енгізу керектігін атап өтті. Сондай-ақ, кадрларды, оның ішінде, топ-менеджерлерді даярлау мен қайта даярлау ісіне баса назар аудару қажет екенін жеткізді. Бұлармен бірге, әлемдегі ең мықты сарапшыларды тарта отырып, өндірістік тәжірибелерді толыққанды пайдалану ләзім, деді. Комитет төрағасы консалтингтік, жобалау және инжинирингтік ұйымдардың қызметін салаға тарта отырып, басқарушылық және өндірістік технологияларды мүмкіндігінше ертерек енгізген жөн болатынын айтты. «Жоғарыда айтылған шарттар жүйеленіп енгізілгенде ғана еңбек өнімділігі екі еседен де артып, Мемлекет басшысы жүктеген тапсырма толық орындалған болады», деді ол.
Осы күнге дейін «Өнімділік-2020» бағдарламасы аясында 140 кәсіпорынға 27 млрд. теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетіліпті. «Өнімділік-2020» бағдарламасы аясында қолдау көрсетілген кәсіпорындарға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырамыз. Оны іске асырудың бірінші кезеңінде 140-тан астам кәсіпкерлік субъектісіне сомасы 27 млрд. теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетілді. Соның ішінде 25 млрд. теңгеге 13 инвестициялық жоба бойынша ұзақ мерзімді жергілікті лизинг берілді. Осы шаралардың нәтижесінде лизингтік қаржыландыру алған кәсіпорындарда еңбек өнімділігі 1,5-2 есеге дейін өсті», деді А.Ержанов.
Ведомство басшысының тағы бір маңыз беріп айтқаны, бағдарламаның жаңа форматы бойынша келіп түскен өтініш орташа есеппен 8 жұмыс күні ішінде қарастырылады. Сонымен қатар, құжаттарды нотариалды куәландыру талабы алынып тасталған. Онда кәсіпорын басшысы кепілдік берсе, соның өзі жеткілікті болады екен.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».