Тәуелсіздігіміздің жиырма бес жылдық торқалы тойы қарсаңында Сырым Датұлы ауданында болып қайтқан едік. Іссапардан өте жақсы әсермен оралдық. Өйткені, Сырым елінде елеулі істер мен өркенді өзгерістер мол екен.
Ауданның басты экономикасы ауыл шаруашылығына негізделген. Соның ішінде өңірде бүгінде төрт түлік мал өсіру басым сипатқа ие. Өнімділігі аз, тұқымы мен тұрқы төмен әрі селекциялық-генетикалық шаралардан тыс қалған жай малдан гөрі, саны азырақ болса да асыл тұқымды мал өсіру әлдеқайда тиімді екені басы ашық ақиқат. Сырымдықтар осындай ұстанымға арқа сүйеп отыр екен. Егер мысал келтіре кетер болсақ, 2013 жылға дейін ауданда асыл тұқымды мал өсіретін бір ғана шаруашылық болса, қазір олардың саны алтыға жетіпті.
Мал семірту мен бордақылау кешендері де жаңа үлгіде бой көтерген. Малшыларға арналған тұрғын үйлер де айнадай жарқырайды. Тағы бір сүйсінерлік жайт, жапан далада асыл тұқымды мал өсіріп отырған ағайындылардың дені баламалы энергияны пайдалануға көшіпті. Соның ең бастысы – күн тақтайшалары арқылы алынатын қуат көздері. Бұл әрі арзан, әрі тиімді, ең бастысы, шаруашылықтың тұтынатын қажеттілігіне жетеді дейді олар. Сонымен бірге, ел еңбеккерлері мал өсіруге «Сыбаға», «Алтын асық» және «Құлан» бағдарламаларының үлкен көмегі тигенін ризашылық сезіммен айтып берді.
Бұдан бес-алты жыл бұрын Сырым ауданы тұрғындарының көгілдір отынды тұтыну деңгейі бар мен жоқтың арасында болатын. Ал биыл пайыздық көрсеткішпен алғанда оның көлемі 92-ге жетіпті. Әрине, бұл өте тамаша нәтиже. Үлкен әлеуметтік жоба. Оның құны 1 миллиард 523 миллион теңге құрайды. Осыған дейінгі табиғи газ құбырларының ұзындығы 189 шақырымға жеткізілген. Тек соңғы бір жылдың ішінде тұрғындардың газды пайдалану деңгейі отыз пайызға өсіпті.
– Дүниенің рахаты көгілдір отын емес пе?! Ешқандай машақат көрмейсің. Көмір тасымайсың, күл шығармайсың. Газ – ең таза отын. Тек бір тал сіріңкені тартып жіберсең болғаны, көгілдір отын маздап ала жөнеледі. Әйтсе де оны тек ғимаратты жылытатын, үйді қыздыратын, тамақ әзірлейтін жай ғана отын деп қарастырсақ, ұшқарылыққа ұрынар едік. Газ сонымен бірге, шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін өте қолайлы жағдай туғызады, – деді бізге Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков.
Расында да, шалғайдағы елді мекендерге газ құбыры жеткізілген соң Сырым елінде шағын кәсіпкерлікке бет бұрушылар қатары көбейе түсіпті. Сонымен бірге, шағын несие алуға тілек білдірушілер саны да күрт өсіпті. Айталық, тек өткен жылдың өзінде табаны күректей 43 миллион теңге шағын несие алуға бөлінгені осы сөзіміздің дәлелі. Қысқасы, Сырым елінде бұл іс отбасын қаржыдан тарықтырмаудың мүмкіндігі ғана емес, сонымен бірге, көрші аудандармен іскерлік байланыстар және өзара қарым-қатынастар жасаудың басты жолы да болып отыр.
Сырым ауданы Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе, Шыңғырлау және Теректі аудандарымен, Ақтөбе облысының Қобда және Ойыл аудандарымен, әрі Атырау облысының Қызылқоға ауданымен шектеседі. Айтайын дегеніміз, бұған дейін аталған көршілес аудандар арасында тек мәдени-көпшілік байланыстар, концерттік бағдарлама алмасулар ғана болып келсе, өткен жылдан бастап шағын кәсіпкерлікпен шұғылдану нәтижесінде әзір өнімдер алмасу тәжірибесі орныға бастапты.
Бұл не деген сөз? Мысалы, сырымдық кәсіпкерлер бүгінде жергілікті құрылыс индустриясын құрып темір-бетон бұйымдары мен өрнек тастар, шеңберлер және ағаштан жасалған жиһаздар әзірлеуді қолға алыпты. Аудан аумағындағы тоғандарда балықтың бірнеше түрлері өсірілуде. Жылыжайлар да жасақталған. Қолөнермен айналысушылар да аз емес. Мұнда аттың ер-тұрман жабдықтарын жасайтын шеберлер де жеткілікті көрінеді.
Сырым елі, соның ішінде аудан орталығы Жымпиты кенті Самара-Шымкент халықаралық автомобиль жолының бойында орналасқан. Бұл екі арада көлік тасқыны күндіз-түні үзілмейді. Бұл фактор сервистік қызметті дамытуға және жол бойында демалатын орындар – кемпингтер мен қонақ үйлер құрылысын салуға, дәмханалар мен асханалар жүйесін дамытуға қолайлы ахуал туғызды. Солай болып та жүр. Айталық аудандағы «Жібек жолы» ЖШС-нің жетекшісі Ғанимат Нұрмұханов бірнеше ғимараттан тұратын автокешен құрылысын аяқтап қалыпты. Ал жергілікті кәсіпкер Бейбіт Тахамбетов тұрғызған «Алашорда» қонақ үйінде оған келушілерге туғызылған жағдай үлкен қалалардағы үш жұлдызды отельден бір мысқал кем түспейді. Мұндай мысалдар жеткілікті.
Осының бәрі ішкі және сыртқы инвестициялық қаражаттар есебінен іске асуда. Бүгінгі күні инвестициялық тартылымдылықты туғыза білудің орны ерекше деуге болады. Осы тұрғыда жергілікті бюджетке иек арта бермей, сырттан қаражат тартуға икемділік танытып жүрген аудан әкімі Абат Шыныбеков пен оның орынбасары Асыланбек Сарқұловтың тындырымдылығы да атап айтуға тұрарлықтай. Қаржыны көп қажет ететін саланың бірі – автожол құрылысы. Бұл тұрғыда да бюджеттік сомаларға қоса инвестициялық қаражаттар тартылып отырағаны тағы бір мерей. Соның нәтижесінде Орал-Жымпиты-Қаратөбе бағытындағы 25 шақырымдық қатқыл табанды жолға күрделі жөндеу жүргізілді. Аудан аумағындағы Бұлдырты ауылына дейін кірме жол да тақтайдай тегістелді.
Сырым елі тұрғындары тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жақсы түсінеді. ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарында осы топырақта Батыс Алашорда үкіметі құрылып, оның көсемдері Жаһанша және Халел Досмұхамбетовтер Қазақстанның дербес ел болуын ту етіп көтерді. Сол кезде утопия болған осы арманға олардың кейінгі ұрпақтары қол жеткізді. Тәуелсіздіктің бағасы мен құндылығына ештеңе тең келмейді. Сондықтан да азаттыққа жету жолында қол бастаған көсем Сырым Датұлының бүгінгі ұрпақтары өздерінің ерен еңбектерін Тәуелсіздіктің 25 жылдық құрметіне арнағанды жөн санайды. Біз осы киелі жерден облыс орталығына аттанар кезде олар осы тілектерін Отанымыздың бас басылымы арқылы жеткізуді аманаттап еді.
Біз соны орындауға тырыстық. Әлбетте аманатқа қиянат жасауға болмайды.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы,
Сырым ауданы.