ОРАЛ. 24 ақпан. Өткен жылы Батыс Қазақстан облысында 91,8 млрд. теңгенің ауылшаруашылық өнімдері өндірілді. Аталған көрсеткіш қуаңшылық салдарынан 3,9 пайызға төмендеген. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың мәлімдемесіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 488,2 мың гектар алқапты құраса, оның ішіндегі дәнді дақылдардың үлесі – 260,1 мың гектар.
Қуаңшылықтың салдарынан дәнді дақылдар егісінің 115,7 мың гектары немесе жалпы дәнді дақылдар алқабының 44,5 пайызы есептен шығарылды. Орташа өнімділігі гектарынан 6,6 центнерден 95,4 мың тонна дән жиналды.
Облыс халқын маусымаралық кезеңде қолжетімді бағамен ерте пісетін көкөністермен қамтамасыз етуге арналған жалпы ауданы 24,4 мың шаршы метр 62 жылыжай бар.
Темір Құсайын.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: caravan.kz.