• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2016

Сырымбеттегі мұражай

1691 рет
көрсетілді

Қазақ тарихы мен көшпелілер мәде­ниетінде ер-азаматтармен қатар ақ жау­лықты әйел-аналардың да, керім қыз-келін­шектердің де алар орны ерекше. Кеудесін кек кернеген, намысынан найза­ғай ойнатқан, қылығымен қар еріткен сол бір нәзік жандылардың ішінде де тарих сах­насында, даламыздың ұлан-байтақ аймағында даңқы дүбірлеген тұлғалық дәрежеге жеткендері аз болмаған. Сонау Сақ пен Ғұн дәуірлеріндегі Тұмарбике (То­­мирис) мен Зарина, Ұмай, Дома­лақ, Қарқабат аналар бір халықтың бақыты мен бағына туғандай. Сол арғы-бергі тарихтың еншісінде қалған, құбылысқа айналған әйел затының ішінде Уәли ханның зайыбы, ұлтымыздың ұлы ғалымы Шоқанның әжесі Айғаным да бар. Тарихтан белгілі, Айғанымның туған жері – исі қазаққа мәш­һүр сұлу Көкшенің Сырымбет баурайы. «Ауылым қонған Сырымбет саласына, Ғашық болдым ақсұңқар баласына...», деп Ақан сері ән-жырға қосқандай, Сырымбет өңірі өзінің сұлулығымен, әсемдігімен әр адамның жан дүниесіне жарқын нұр, жү­регіне рух, көңіліне қуаныш сыйлары сөзсіз. Осынау шұрайлы да киелі мекенде туып-өскен Айғаным өзінің ақыл-па­расатымен, кескін-келбетімен, сыр-сымбатымен, ел басқаруға қосқан әділдік төрелігімен аңызға айналған адам. Қазақ хандығының тарихында атақты Абылайдың баласы Уәли басқарған кезең – өте күрделі әрі қайшылықты кезең еді. Себебі, ұзаққа созылған жаугершілік заман аяқталып, ел отырықшылық пен отаршылдыққа көн­діккен уақыт болатын. Ормандай орыс­тың ықпалындағы ат төбеліндей аз ғана қазақ халқының әлеуметтік тір­ші­лігін, тарихи бет-бейнесін, рухани құн­дылықтарын, бір сөзбен айтқанда, болашағын сақтап қалуға ұмтылғандардың басты да басым бөлігі хандар галереясы екендігі тарихтан мәлім. Осы орайда, орыс пен қазақтың арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты, саяси мәмілегерлікті әкесі Абылайдан кейін қолға алып жалғастырған Уәли ханның ұлт тарихындағы еңбегі зор. Ал сол хан өмірден өткеннен кейін біршама уақыт оның дипломатиялық қарым-қатынастарын, халық бірлігі мен ел мүддесі үшін жасаған іс-әрекеттерін жұбайы Айғанымның жал­ғастыруы да ел ішінде аңызға айналып, тарих қойнауында жақсы сақталып қалғаны да шүбәсіз шындық. Аяулы жар, батыр ана, ақылгөй де дана әженің осынау ерлік істері, ақыл-парасатқа толы шешендік толғамдары, билікке бағытталған байыпты сөздері де ұрпақ үшін баға жетпес байлық деуге болады. Баласы Шыңғыс сұлтанды, немересі Шоқанды ойшылдыққа тәрбиелеп, бағыт-бағдар берген де осы Айғаным екен­дігі белгілі. Ел ішінде өте беделді, сыйлы, құрметті Айғаным өз кезінде қа­зақ арасында ғана емес, көршілес әрі үстемдік жүргізіп тұрған орыс халқының ұлықтарымен де, тіпті, патша-ағзамның өзімен де тең дә­режеде сөйлесе алатын, пікірлесе білетін сауатты жан болған. Бір деректерге қарағанда, Айғаным Көкше өңірінде ел билеп тұрған тұсында орыс патшасының жарлығымен оған Сы­­рымбеттің әсем бір саласынан арнайы жер беріліп, үй тұрғызылып құр­мет көрсетіледі. Мұндай сый кез келген ел басқарған басшыларға бұйыра бермеген. Бұл құрмет Айғанымның алғырлығын, білім-біліктілігін, ел басқару ісіндегі саяси-дипломатиялық бірлікке, тыныштыққа, бейбіт өмірге шақырған парасат-пайымын, әділеттілікті жақта­ған жұлдызды жан дүниесін, ақ пейілі мен аппақ көңілін дәлелдей түскендей. Тектінің ұрпағы, тектінің жары, тектілердің анасы мен әжесі бола білген Айғаным да, әлбетте, қазақ қыздары өнеге тұтарлық қа­сиетті жан. Ұлтымыздың ғажап ханымы жайында зерттеулердің аз болып жатқаны өкі­нішті-ақ. Айғаным Сарғалдаққызы 1783 жылы Көкшетаудың Сырымбет саласында дү­ниеге келген. Абылайдың үлкен ұлы Уә­ли ханның екінші әйелі. Өмірге тоғыз перзент әкелген ардақты ана. Солтүстік Қазақстан мен Көкшетау аймағының сая­си және мәдени өміріне көп араласқан. Өз заманының алдыңғы қатарлы оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу адамдарының бірі болған. Шығыс тілдерінің бірнешеуін еркін меңгерген. Сондай-ақ, орыс тілін де жақсы үйреніп, сауатты сөйлеген. Ре­сейдің Петербург, Омбы, Тобыл секілді ірі қалаларындағы, өзіміздің Қызылжар қаласындағы ұлықтармен, патша әкімшілігімен тығыз байланысып, Ресейдегі Азиялық өкілдердің бірі болған. 1821 жылы Уәли хан қайтыс болғанда ел басқару ісі дәстүр бойынша үлкен ұлы Ғұбайдоллаға тапсырылады. Ол кезде Шоқанның әкесі Шыңғыс 10 жаста ғана еді. Хандық басқару ісін Ғұбайдолла қолға алғанымен көп ұзамай саяси көзқарастары орыс патшалығына жақпағандықтан қу­ғынға ұшырайды. Ұзақ жылдар айдауда болып, қуғын-сүргінде қайтыс болады. Осы уақыт аралығында ел басқару ісі, яғни Орта жүздегі билік Ғұбайдолланың шешесі Айғанымның қолына көшеді. Басында уақытша болғанымен, Уәли ханның жесірі ретінде 30 жылдай сол тізгінді ұстайды. Қазақ жерінің аса ірі бөлігін алып жатқан округті өзінің ақыл-парасатымен, салмақты да салиқалы саясатымен басқара білген Айғаным халық арасында, ел ішінде өте беделді, құрметті адам болған. Мұрағат деректерінің айтуынша, сондай ұзақ мер­зімде Солтүстік Қазақстан мен Орталық Қазақстан аймағында өткен барлық тарихи һәм әлеуметтік жағдайлар, қандай да болмасын саяси оқиғалар Айғанымның аралас­уымен өтіп отырған. Әсіресе, ұлан-байтақ даламыздағы халықтар бірлігін, орыс-қазақ достығын, жарастығын сақтауға көп күш жұмсаған. Қазақ өлкесіндегі ағартушылыққа мән беріп, бірнеше шәкірттерді жан-жаққа оқуға жіберуге мұрындық болып, көмектескен. Өзінің ұлы Шыңғысты Омбы қаласындағы әскери училищеге оқуға беріп, 12 жасар немересі Шоқанды да сол Омбыдағы Ка­дет корпусына түсіріп, оның ғылыми ға­жап өміріне жол ашқан. Шоқанды бала күні­нен бауырына басқан әжесі қазақ фоль­клорының небір асыл үлгілерін, інжу-маржандарын санасына сіңіріп, ақылды да саналы, зерек те ойшыл болып өсуіне зор ықпал еткен. Шығыстың дара қызы, қа­зақтың дана келіні Айғаным немересі Шоқанды ерекше тәрбиеледі. Айғаным­ның қонысынан дәм татқандардың қатарында қазақтың небір жақсылары мен жайсаңдары болды. Орынбай, Арыстанбай, Шөже, Жанақ секілді өз дәуірінің дүлдүлдері Ай­ғанымның шаңырағында талай рет бас қосты. Атақты Жанақ ақыннан Шоқан осы Сырымбетте тәрбие алып, қазақтың лиро-эпос жырларын жаттап өсті. Небәрі алты жасында «Қозы Көрпеш – Баян сұ­лу­­ды» таныды. Шоқан алғашқы жазбаларын әжесінің қасында жүріп жазды. «Едіге» мен «Еркөкше» дастандары осы Сырымбетте жазылып алынды. Ай­ғаным әжесі Шоқанды сурет салуға да баулыды, мүсін жасауға да үйретті. Шоқан сал­ған суреттердің бірінде Сырымбет тауы бейнеленгенін жақсы білеміз. Кейін сурет салуды өзінің үйреншікті ісіне айналдырып алады. Немересінің озық ойлы, білімдар азамат болып қалыптасуына мол тағылым береді. Бұл жөнінде академик-жазушы Сәбит Мұқанов «Аққан жұлдыз» романында жақ­сы баяндаған. Айғанымның саяси көзқарасы мен ел басқарудағы еңбегі жайында орыс ғалымы П.П.Семенов-Тянь-Шанский былай деп жазады: «Айғаным! Уәлиханның артында қалған жесірі. Өзі­нің балаларымен бірге Ресейге адал қызмет еткен жандардың бірі. Орыс патшасы Александр І-нің өзі оны құрметтеп, Сырымбет жерінде үй салғызып берді. Сол үйде менің досым Шоқан Уә­ли­ханов тұрған». Сол үйдің жанынан Ай­ғаным өзі бас болып, мектеп, мешіт, қонақ күтетін үй, диірмен, монша, жылқы ұстайтын шаруашылық, т.б. халыққа қажетті жайларды салғызған. Пайдалануға берілген мектепте балалар діни және кейінгі за­ма­­науи оқуды оқыған. 1828 жылы Қызылжарда (Петропавловск) Айғаным орыс Сенат өкілдері В.К.Безродный және Б.А.Куракинмен кездеседі. Олар Батыс Сібір аймағын тексеруге арнайы жіберілген-ді. Сол комиссия мүшелеріне тұрғылықты жердің тыныс-тіршілігін, елдің мұң-мұқтажын, халықтың хал-жайын айтып, жоғары жақтан көмек сұрап, хат тапсырған Айғанымның бұл іс-әрекетін тарихи құжат, өз заманының айғақ-дерегі деуге де болады. Ұзақ жылғы ел басқару ісінде Айға­ным қазақ даласындағы зерттеуші инженер, геологтарға, этнографиялық және фоль­клорлық бағыттағы ізденушілерге, халық мұрасын жиыстырушыларға да көп көмегімен тигізген. Дәл осылай өзінің бар­лық саналы ғұмырын ел игілігіне, ұлт мүддесі мен ұрпақ болашағына арнаған Айғаным Сарғалдаққызы секілді тари­хи тұлғаны, аяулы да асыл жанды, текті тұ­қым­ды насихаттап, бүгінгі буын мен келер толқынның санасына құйып, зердесіне тоқу біздің мемлекет алдындағы міндетіміз, ұлт алдындағы парызымыз болып қалмақ. Бір кездері салынған сол Айғаным ха­нымның тарихи мұражайын ашқан Сырым­бет ауылының тумасы, Шоқанның жиені Зайкен Қаскейқызы Атығаева. Зайкен Қаскейқызы көп жылдар бойы білім беру саласында мұғалім, мектеп директоры және селолық кеңес төрайымы қызметтерін атқарады. 1985 жылы құрметті демалысқа шыққаннан кейін мұражай ашу жұмыстарымен айналысады. Зайкен апайды елге танымал еткен ең­бегі – ол Сырымбетте Шоқан Уәлиханов атындағы тарихи-этнографиялық мұражай аштыруы. Апай Сырымбет, Саумалкөл, Кирилловка жерлерінде кеңес, мектеп бас­­шылығында қызмет істейді. Сырымбет орта мектебінде жүріп қазақ тілі пәнінің мұғалімі Күлпән Хайруллинамен бірге та­рихи-өлкетану мұражайын ашады. Мұражайдың ресми ашылуы 1985 жылы Шоқан Уәлихановтың 150 жылдық тор­қалы тойымен орайласады. Бұл іске ұйыт­қы болған жерлестерін апай әлі де үлкен ризашылықпен айтып отырады. Тарихи жәдігерлерді, мұраны жинап-сақ­тауға үлес қосқандар: Р.Қасымбекова, Ф.Ай­баш­панова, Ш.Сәрсембаева сынды ізгі жандар болатын. Ауыл-ауылдан ескі бұйымдарды, тарихи заттарды жинау, төре тегінен Уәлихановтарға жататын материал­дар іздестіру, халық арасында насихат жұ­мысын жүргізу, әрине, оңай болған жоқ. Сонымен қатар, мұражай ісімен танысып, әртүрлі семинар-слеттерге қатысуға тура келді. Алтынемелдегі Шоқан, Семейдегі Абай, Достоевский мұражайларына, Омбы­дағы Кадет корпусына, Алматы, Қостанай қалаларына барып тәжірибе алмасты. Мұражай салтанатты түрде 1985 жылы 11 қарашада ашылып, оған 11 мемлекеттен қонақтар келді, тіпті, АҚШ елінен де меймандар болды. Асанәлі Әшімов, Шота Уәлиханов, Қажахмет Балахметов сияқты елге қадірлі, танымал азаматтар қатысып, жүрекжарды тілектерін айтты. Уәлихановтар қонысын ашу да оңай болған жоқ. Апай былай дейді: «Облыстық партия комитетіне барып мәселе көтердік. Елдің белгілі адамдарын жұмылдырып, қоғамдық пікір туғыздық. Республикалық тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамының съезінде сөз сөйлеп, ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның құптауына ие болдық. Содан Алматыдан арнайы комиссия Сырымбетке келді, олардың қатарында сәулетшілер, археологтар, тарихшылар бар. Олар бола­шақ орданың үлгісін жасап, жан-жақты сарапқа салды, кейін үкіметке тапсырыс берілді. Шоқан суреттеріндегі қоныстың ішкі-сыртқы көріністерін жасауға, жиһаз, дүние-мүлкін сол кезеңге сай жабдықтау үшін ауыл-ауылдан, тіпті, бүкіл облыстан қасқыр ішік, аю терісін, киіз-сырмақ, т.б. толып жатқан заттар жинадық. Сонымен, 90-ыншы жылдардың басында ашылған Айғаным әжеміздің мұражай үйіне халық риза болып, үлкендер баталарын беріп жатты». Зайкен апай зейнеткерлікке шыққаннан кейін де он жылдай мұражайды меңгеріп, 1994 жылы мұражай ісінің жанашыры, өлкетанушы Сүлейменов Мұратқа өз ісін тапсырды. Енді қарап отырса, өзінің жүріп өткен өмір жолдарына үңіле сүзіп ойланар болса, бар істеген абыройлы қызметін өзінің атағын көтеру, немесе дүние байлық қуу емес, ел мен жерге деген адалдығына арнаған екен. Абыройға бөленсе, міне, осы адал қыз­метімен бөленіпті. Әрине, Зайкен Қас­кейқызы өткен өмір жолына, жасаған қызметіне, ел-жұртының алғысына ие болғанына шүкіршілік айтады. Көнеден шертер сырлары әлі де жетерлік, Өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекеленді. Осы орайда, сонау Керей, Жәнібек хандардың игі дәстүрін әрі қарай дамытып, елі үшін, халқы үшін өмір бойы қызмет еткен қазақтың қасиетті қызы Ай­ғаным және оның мұражай үйі жайында айтып та, жазып та жүрсек нұр үстіне нұр болар еді! Және де жалпақ даланы, көрікті қала­ларды жайлаған жамиғатқа айтар бір ұсы­ныс-тілек бар. Қасиетті де киелі Айға­ным ханым жерленген зират басын көтеріп, маңына әйгілі әжеміздің рухына тағ­зым ретінде арнаулы ескерткіш белгі қою – бүгінгі ұрпақтың парызы. Осыған қол ұшын беріп, қаражат жағынан көмек бе­рем деушілерге бір Алланың атынан разы­лығымызды білдіреміз. Гуляра НҰРҒОЖИНА, педагогика ғылымдарының кандидаты.