Жас мамандарды ауылдық жерлерге орналастыру, тұрақтандыру арқылы кадр тапшылығы мәселесін шешуде өзін-өзі ақтап отырған мемлекеттік жобалардың бірі «Дипломмен – ауылға!» жобасы екенін үлкен сеніммен айтуға болады. Аудан әкімдіктері мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ өңірлік филиалы аталмыш шара аясында бес жылда 2,1 миллиард теңгенің бір реттік жәрдемақысы мен тұрғын үй сатып алу қызметін көрсеткен. Өткен жылы 416 миллион теңгенің 157 займы берілсе, биыл 318 миллион теңге қарастырылған.
– Біздің ауданда да жас кадрларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Мәселен, Дарья Торчевская баспанамен, жұмыспен қамтамасыз етілген. Консерваторияны бітірген Еркебұлан Карипов деген дипломды маман мәдениет үйіне әнші болып орналасты. Келе салысымен «Парасат» мектеп-лицейінде дәстүрлі ән үйірмесін ашты. Жары – хореограф. Жуық арада бұл отбасының әлеуметтік мәселелері толығымен шешіледі, – дейді аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Сара Әлтаева.
Маргарита Кузнецова – аталмыш бағдарламаның игілігін көрушілердің бірі. Ол Бескөл кентіндегі мәдениет үйіне маман ретінде орналасып, тұрақты жұмыс тапқан. 2012 жылы Петропавлдағы өнер колледжін бітірген соң мейрамханаларда өтетін той-думандарда тамылжыта ән шырқап, нәпақасын тауып жүрген. Алайда, шығармашыл ортамен жұмыс істегенді ұнататын оны бұл қарекеті қанағаттандыра қоймаған. Өз өмірін басқаша қалыптастыруға бел буған өнерпаз қыз Бескөлдегі мәдениет үйінде бос штат барын естіп, бағын сынап көруді ұйғарған. Конкурс сынақтарынан ойдағыдай өтіп, режиссерлік қызметке қабылданған. Бірер жылдай облыс орталығында тұратын ата-анасының үйінен қатынап жүрген. Арақашықтық онша алыс болмаса да, едәуір қиындықтар келтіретін. Тығырықтан шығудың жолдарын әрлі-берлі іздестіріп, ақырында «Дипломмен – ауылға!» жобасы бойынша тиісті орындарға қайырылуды жөн көрген. Өтініші мақұлданып, тиісті шешім алынғанда төбесі көкке жеткендей қуанған. Мемлекеттік қордан үй сатып алуға 12 мың АҚШ доллары және 138 мың теңге көтермеақы берілген. Несиені ай сайын 12500 теңге төлеммен 15 жылда өтейтін болып келіскен.
Маргарита – сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз жастардың бірі. Оның күміс көмей әншілігі ешкімге ұқсамайды. Ағылшын, итальян, испан тілдерінде әуелете шырқағанда тыңдармандарын бірден еліктіреді. Өнер колледжінің оқушысы Бүркіт Жанаймен «Сезім» атты дуэт құрып, қазақ әндерін талмай насихаттап жүр. Бұдан тысқары Дарья, Нарқыз деген құрбыларымен бірлесіп «Іңкәр» тобын құруы да қолдауға тұратын бастамалардың бірі екені даусыз. Сүйіп айтатын әндерінің бірі – «Дудар-ай». Қазір облыс орталығында өтетін байқау дайындығына қызу кірісіп, Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін ұсынбақ ниетте.
Жан-жақты болуға талпынған оның бір арманы – білімін одан әрі жалғастыру, шеберлік шыңына көтерілу. Өнер колледжінің вокал тобын тәмамдаса да, мәдениет саласының басқа да бағыттарында бағын сынап көруді игі мақсат тұтқан. Таланты мен талабын ұштастыра отырып, бірде-бір концерттік бағдарламалардан шет қалған емес. Жақында ұжымның құрамында Соколовка, Якорь ауылдарына барып, өнерімен көрермендерін тамсандырып қайтты.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ.
Солтүстік Қазақстан облысы,
Бескөл ауданы.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.