ТАРАЗ. 29 ақпан. Болашақта жамбылдық шаруалар бір жылда екі рет өнім жинауды жоспарлап отыр. Тың тәсілді облысқа арнайы келген Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары ұсынып отыр. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Аргарлық өлке мен оқу орнының арасындағы байланыс бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Жыл басында Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев Қазақ ұлттық университетіне арнайы барып, өңірдегі ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты ғалымдармен кеңескен болатын. Араға уақыт салып ғалымдар Әулиеата жерінде қайта бас қосты. Бұл жолы салаға тың жаңалықтар енгізумен қатар, өнімділікті арттыруға қатысты да жаңа технологияларды таныстырды. Соның бірі – бір жылда екі рет өнім жинау. Ғалымдар тәжірибені Меркі ауданындағы «Нұржан» шаруа қожалығының егіс алқаптарында жүргізген. Масақты-майлы дақылдардың 10 түрін егіп, оның өнімін алуды көздеген тәжірибе сәтті жүзеге асты. Аймақтағы 6 ауданды пилоттық деп таныған олар биылдан бастап шаруа қожалықтарының бейініне қарай бірлесе жұмыс атқармақ.
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев арнайы жиында ауыл шаруашылығында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Болашақта іске асырылатын жобалармен бөлісті.
Сондай-ақ, облыс көлемінде ет бағытындағы ірі жобалар іске асырылуда.
«Меркі ауданындағы «Агростан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің малайзиялық кәсіпкерлермен бірге Жаңа Зеландияның жобасы негізінде салынған 5000 ұсақ малға арналған бордақылау кешені пайдалануға берілді. Мойынқұм ауданындағы «Агро фирма Түрікпен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 3 мың бас мүйізді ірі-қара малға арналған бордақылау кешенін және 5 мың бас мүйізді ірі-қара мал шаруашылық репродуктор жобасының құрылысын жүзеге асыруда. Осы жобаны іске асыру мақсатында Ресей Федерациясынан 900 бас қалмық тұқымының ірі қара малын және 1200 бастан жылқы сатып алынды. Жалпы осы салада өнімділікті арттыруымыз керек», – деді аймақ басшысы.
Екі күнге созылатын семинар кеңес барысында ғалымдар аудандарды аралап, шаруашылық басшыларымен практикалық кездесулер өткізетін болады.
Оралхан Дәуіт.
Дерек, сурет: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.