«Тыңда, дала, Жамбылды!»
«Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым» деп жырлап, елдің рухын аспандатқан Жамбыл Жабаевтың әрбір жыр шумағы ұранға айналып кеткелі қашан. Халық ақындарының жасампаздық рухтағы жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен ерекшеленген Жамбыл жәкем, содан да болар, халық поэзиясының атасы атанды. Жүз жасаған жырау ел өміріндегі табыс пен шаттықты, жеңіс пен ерлік істерді ерекше шабытпен жырлаған. Жыр алыбының 170 жылдық мерейтойына орайлас Жамбыл жерінде де көптеген іс-шаралар қолға алынды.
Жамбыл облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Тараз қаласында республикалық «Тыңда, дала, Жамбылды!» атты жыршы-термешілер байқауы өтті. Байқауға республикамыздың әр аймағынан бас-аяғы 33 талапкер қатысып, Қапаш Құлыш, Дүйсенбек Өмірәлиев, Әбдімомын Желдібаев, Аяз Бетбаев, Елікбай Иса сынды елімізге танымал өнер қайраткерлері қазылық етті.
– Әрине, Жамбыл бабамыздың бұған дейінгі мерейтойларында талай өнер байқаулары ұйымдастырылған. Бірақ бұрын-соңды еліміздегі үздік жыршы-термешілердің басын қосып, Жамбыл Жабаевтың жыр-дастандарын насихаттаған байқау болмапты. Сондықтан, бұл Жамбыл жырларын жұртшылықтың жүрегіне жеткізіп қана қоймай, термешілердің де рухын көтеріп, абыройын аспандатқан іс-шара болды, – дейді облыстық басқарма басшысы Дүйсен Бықыбаев.
Сөйтіп, қазылар алқасының ұйғарымымен Жамбыл Жабаевтың және Жетісуда өмір сүрген ақын-жыршылардың шығармаларын нақышына келтіре орындап, көрермен жүрегіне жол тапқан Данияр Рахымбай (Алматы облысы) бас жүлдені иеленді. Бірінші орынды Мақпал Тоқтағанова (Алматы облысы) және Сұлужан Әбенова (Жамбыл облысы) иеленсе, екінші орын Жарасхан Төлебай (Қызылорда облысы), Ерболат Шалдыбеков (Алматы облысы), Мұратхан Донбаев (Шығыс Қазақстан облысы), үшінші орын Марат Сүгірбай (Қызылорда облысы), Құрман Байтасов (Астана қаласы), Төлеген Шәкәрімовке (Шығыс Қазақстан облысы) бұйырды.
Сондай-ақ, Сүйінбай атындағы арнайы жүлдені ақтөбелік Ғазиза Абдирова, Қабан жырау жүлдесін жамбылдық Қарлыға Жамбаева, Сауытбек ақын атындағы жүлдені тағы бір жамбылдық Жұлдыз Ысқақов, Бармақ ақын атындағы жүлдені атыраулық Байбақ Ыдырбай, Кенен Әзірбаев атындағы жүлдені шығысқазақстандық Гүлмира Темірбекова, Аяз Бетбаев атындағы жүлдені қостанайлық Абзал Алпысов қанжығасына байлады.
Ал облыстық тілдерді дамыту басқармасы мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, Жамбыл Жабаевтың шығармаларын насихаттауды жандандыру мақсатында «Жамбыл оқулары» атты жас ақындар байқауын өткізді. Ақынның шығармашылық-адами келбетін, туған жерінің сұлу табиғатын, шежірелі тарихын танытатын және қазақ тілінің баға жетпес байлығын, сөз құдіретін, бабалардан қалған асыл мұралардың сарқылмас қазынасын тілге тиек еткен 15-ке жуық үміткердің ішінен бас жүлдені тараздық Нұрболат Сатымқұл жеңіп алды.
Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы облыстық филармония және халықтық шығармашылық орталығымен бірлесе отырып, ақын ескерткішінің алдында әдеби-сазды кеш ұйымдастырды. Мойынқұмның маң даласындағы Жамбыл тауының бөктерінде, боранды ақпан айында дүниеге келіп, кейін әлгі тауды да, бүкіл қазақ халқын да әлемге танытқан Жамбыл Жабаевтың шығармашылығын кеңінен насихаттай отырып, ақын рухына бас иіп, шығармаларын болашақ ұрпаққа үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған бұл іс-шараға жиналған жұртшылықтың қарасы мол болды.
Қазақ халқының ар-намысы, үні мен жүрегі болған Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығы аясындағы іс-шаралар әлі де жалғасын табуда.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.
Суретті түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН.