• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
07 Қаңтар, 2011

Алаңдауға негіз жоқ

606 рет
көрсетілді

Жарияланбаған хаттың дерегі

Ауылды өркендету тетігі –  инвестиция тарту, дейді кәсіпкер Дүйсен Нұрланов Қазіргі кезде алыс ауыл­дар­ды көркейту мен халықтың әлеу­меттік жағдайын көтеру­дің бір көзі – инвестиция тарту. Бұл туралы көреген Көш­басшы – Тұң­ғыш Президентіміз Нұр­сұл­тан Назарбаев ауыл ша­руа­шы­лығы қызмет­кер­лері­мен кез­дескенде жергілікті ат­қару­шы билік алдына нақты тап­­сырма қойды. Онсыз ауыл­ды өркендету мен сан-салалы ша­­руа­шылық жұмыстарын бүгінгі өркениет талаптарына сай жүр­гізу қиын. Оны Бақанас ауы­лы­ның іргесіне орналасқан «Ақ­да­ла-Өтес» агро­фир­масының бү­гін­гі тыныс-тір­ші­лігінен байқауға болады. Агрофирма тізгінін та­нымал кәсіпкер Дүйсен Нұрланов ұстағанда, ха­лық қуанған. Айт­қандай, елдің жағдайы алғашқы жылдары жедел жақсарып, көп­ші­ліктің тілеуі орындалғандай еді. Бертін келе шаруа жайы қо­жы­рай бастады. Қаржы тап­шы­лы­ғы қолбайлау болып, жұмыс­шы­лар бірнеше ай табан ақы, маң­дай терлерін ала алмады. Сон­дықтан болар, агорфирмада ұзақ жыл істеген тәжірибелі мамандар табыс көзін іздеп, кете бастады. Осы сәтте елді алаң­дат­қаны – ұлты қытай оншақты ма­ман­ның агрофирмаға келіп, жұ­мыс істегені. Елдің арасында «Дүй­сен ша­руашылықты қытай­лар­ға жалға береді екен» деген қауесет осы­лай өрбіп, бірден-бір­ге жеткен. Биылғы ерте көктемде жер өңдеп, тұқым себетін қытай тех­­никалары шаруашылыққа жет­кілікті әкелінді. Бес-алты қытай азаматы егіс басында, төрт-бес қытай азаматы агрофирма президенті Дүйсеннің туған інісі Ғабиттің үйінің жанындағы шағын жер телімінде жаз бойы жұмыс істеді. Қолмен соя, күріш екті. Күріш, соя өсірудің шеберлері болу керек, жаңа тәсілмен егілген егін бітік шықты. Ақдалалықтар мен бақанастықтар оған куә болды. Олар Бақанас ауылы тұр­ғын­дарының бақшасына су жет­кізетін арықты байлап қой­ып, жергілікті халықтың ренішін туғызған. Байланған арық­та біраз уақыт су болмады. Селолық округ әкімі Дүйсебай Ұйқас­баев аптап ыстықта ел қамын ой­лап, мәселені шешу үшін арықтың бойында жүргенін де айтады. – Қытай азаматтарына арық­­тағы суды екі күн алсаң, бір күн халыққа жібер деген сөзді түсіндіре алмай қойдым. Тіл білмейді екен. Ғабит болмаған күндері халық үшін мен де қатты қиналдым. Үлкен шаруа­шылық иесінің «эксперимент» ретінде пайдаланған учаскесіне село тұрғындарына арналған арықтың суын пайдаланғаны көңіліме қонбады,– деді ол. Екіншіден, «Ақдала-Өтес» агро­фирмасы жұмысшыларына айлық жалақыны кешігіңкіреп беруді дағдыға айналдырды. Нау­қандық жұмыстар да ал­ғаш­қы кездердегідей уақы­тын­да жүр­гізілмей, қожы­рай бас­тады. Оның үстіне жоғарыда айтыл­ған­дай, қытай азамат­та­ры агрофир­маға келіп, жұмыс істеп, көзге түсетін су жаңа тех­никаларын да ала келді. Осы­дан соң «Дүйсен інілерінің ша­руашылықты бас­қара алмай­тынына көзі жеткеннен кейін жерді қытайларға жалға береді» деген сөздің одан әрі өріс­теуіне негіз болғандай. Осы деректерді зерттегенде ауданда жоғарыдағыдай дақпырттың өрістеуіне агрофирманы бас­қар­ған Дүйсеннің інісі Ға­биттің де ептеп кінәсі бар деуге болады. Ол жергілікті халықты жинап, ауыл қариялары мен беделді азамат­тардың басын қосып, атқарылған жұмыстар, оның бо­лашағы ту­ралы құлағдар еткенде бәлкім, мұндай әңгіме тарамас па еді. Ол туралы агрофирма президенті Д.Нұрлановқа айтқанда, ол оны мойындады. Шынында да бұл біздің жіберген кемшілігіміз. Сырттан инвестиция тартуға күш сала жүріп, жергілікті халыққа түсіндіру жұ­мыс­та­рын жүргізуді ойымыздан шығарып алыппыз, дейді. Келер жылы агрофирма қытайларды алып келіп, отыз мың гектарға соя, күріш егеді, деген қауесет жергілікті жұрт­шы­лық арасында өршіп тұр. Ол жайлы не айтасыз деген сауалға да төмендегідей жауап алдық. Дәл сіздер сияқты атамекенге қытайларды алып келуге қарсы адамдардың бірімін. Бірақ, Елбасы айтқандай ауыл шаруашылығына сырттан инвестиция тартпай, өркендету мүмкін болмай тұр. Мен ауданға қытай аза­маттарын алып келуді емес, ол елден инвестиция тартуды көздеп жүрмін. Ол үшін бізде өндірілетін өнімнің экологиялық талаптарға сай таза болатынына қалталы шет ел азаматтарының көзін жеткізу керек. Осындай мақсатпен алдын-ала келісім-шарт жасасып, биыл аудан­ға Қытайдан оншақты маман алып келіп, өздеріне күріш, соя еккіздім. Алынған өнімдерін олар өздерімен бірге алып кетті. Ол өнімдерді арнайы сараптамадан өткізеді. Айт­қандай, экологиялық жағынан таза болса, инвестиция салатындықта­рын айтып отыр. Күріш, сояны қытайлық­тар­сыз өзіміз де өсіре аламыз. Бірақ өндірілген өнімді өткізу қиын­ның-қиыны. «Бірлік» агро­фир­ма­сы ақталған күріштерін алу­шы­ларға жарты бағасынан да төмен, елу теңгеден өткізіп жатыр. Жұ­мысшыларға еңбекақы беру үшін Әбдужапар Қыстаубаев амалсыз осындай қадамдарға барған. Егер қалталы қытай кәсіп­кер­лерінің тілін табатын болсақ, олар инвестиция салады. Бұдан біз ұт­па­сақ, ұтылмаймыз. Техника мен қа­ра­жатты солар береді. Егістік ал­қап­қа күріш, соя егіп, оны күтіп, бап­тайтын жергілікті адамдар бо­лады. Бірақ өндірілген өнімді өздері сатып алады. Бізге қажеті де осы. Қытайлықтарға экологиялық таза күріш қажет. Ал біз жергілікті ха­лықты жұ­мыс­пен қамтимыз әрі мүм­­кін­ді­гін­ше пайда табуға тырысамыз. Қытай азаматтарының елімізге кіріп, шығуы еліміздегі заң талаптары бойынша қатаң қада­ға­ланатыны тү­сінікті. Олар берілген квота бойынша белгілі бір уақытқа ғана келеді. Елімізде болуға рұқсаты біткен күннен кешікпей шығарылады. Оны қы­тай­лық азаматтар жақсы біледі, деді Дүйсен Нұрланов ағынан жарылып. Еліміз бойынша 2008 жылы жарияланған серпінді бағдар­ла­ма­лардың бірін осы «Ақдала-Өтес» агрофирмасы ұтып алып, оның тұсаукесеріне Үкімет бас­шысы К.Мәсімов қатысқан-ды. Серпінді жобада бес мың басқа арналған мал бордақылау кешені, ет ком­би­наты және басқа да мал өнімдерін ұқсатуға бағытталған кешенді бағ­дарламаны жүзеге асыру мәселесі қаралған-ды. Д.Нұр­ланов айтқан­дай, ауданға және қосымша инвестиция тартылатын болса, онда «Ақдала-Өтес» агрофирмасының ғана емес басқа да көптеген серік­тес­тіктердің тамырына қан жү­гіретіні анық. Агрофирма президенті Дүй­сен Нұрлановтың алдағы жос­пар­лары, болашақты зерделей білетін іскерлігі, патриоттығы қуант­ты. Бірақ халқымыздың көңілге түйіп ұстайтын «Көңіл­дегі ба­ға­ны базар нарқы бұ­зады» деген тәмсілін әсте жадымыздан шығармағаны­мыз жөн. Келісім-шарт жасасудан аспан асты елі ешқашан ұты­лып көрген емес. Мүмкін эко­номи­кадағы уа­қыт­ша дағда­рыс­ты пай­да­ланып, ал­ғашқы жү­рістерін шахмат тақ­тасындағы «атпен» жүріп, айлаларын асыр­ғалы отырған шығар. Десек те, «шегірткеден қорыққан егін ек­пейдінің» кебін киіп, қорқақтап, әр нәрсе­ден тартыншақтай берсек, көрші елдерге есемізді жіберіп аларымыз анық. Ең дұрысы, сұңғыла саясаткер, ұлт көш­басшысы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назар­баев­тың ұс­танған сара жолынан ай­ны­ма­сақ, туған ел, қасиетті же­рі­міздің алдында адал болып, ізденіп, аянбай еңбек етсек, қане. Бұл елдің ертеңін ойла­ған, жа­ңашыл кәсіпкер, «Ақ­адал-Өтес» агрофирмасының пре­зиденті Дүйсен Нұр­ла­нов­тың ұстанған ұстанымы. Әрине, біз осы мәселе жайлы зерделегенде, оған осы­лайша көз жеткіздік, қуандық. Марат Қашқынбаев, журналист, Күмісжан Байжан. Алматы облысы, Балқаш ауданы.