Өлгенін, жерлегенін күтіп жүрмей,
Талантты құрметтейік тірісінде.
Қадыр Мырза Әлі.
Талант – елдің қазынасы, ұлттың алтын қоры. Алтынға да зер керек. Талантқа да ыстық ықылас, сый-құрмет, оны айтасыз, атақ-даңқ та керек, бәрінен бұрын әділеттілік керек. Қоғамда ондай ауа райы, әділеттік болмаса ол жеке адамға емес, берісі өнерге, әрісі тарихқа қиянат. Он тоғызыншы ғасырдың алмас қылыш, ақиық ақыны М.Ю. Лермонтов айтқандай: «Поэт за славу платит мукой, Он славу даром не берет». Осы тұста гүлдей нәзік, граниттей берік Булат Окуджаваның: «Давайте жить во всем друг другу потакая, Тем более, что жизнь – короткая такая», – деген сөзі еске түседі. Жеті белестің биігіне ентікпей еркін көтерілген ақсұңқар ақын Серік Тұрғынбекұлы, оның тау бұлағындай мөлдір, тасқын судай арынды поэзиясы жайлы қалам ұшына оралған алғашқы ой осы. Бүгінде Елордада тұратын Серік Тұрғынбекұлын қалың оқырман қауым, «Астананың бас ақыны» деп санайды. Оған Серіктің жасы да, шашы да, шашасына шаң жұқтырмайтын тұлпарлығы да, қияға самғайтын сұңқарлығы да толық дәлел. Ол елімізде, одан да тысқары өткен отандық, шетелдік жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Бабында жүрген жүйрік талай-талай жыр жарыстарында Бас бәйгеге ие болып, жұлдызы жарқырап, бағы жанды. Бүкіл Түркі дүниесі халықтары поэзиясының бірнеше мәрте лауреаты атанып, мақтаулы марапатқа кенелді. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер. Осы марапаттардың бәрінен де, оның маңдайына бұйырған ақын деген халық берген атақ әлдеқайда биік екенін бүгінгі оқырман қауым жақсы түсінеді. «Мен мына мылтықты наган кезінен білем», – деген екен біреу. Сол сияқты, ақын інім Серік Тұрғынбекұлы маған бозбала күнінен белгілі. Өйткені, оның өлеңдері сонау алпысыншы жылдардың аяғы мен жетпісінші жылдардың басынан бермен қарай маған етене таныс. Сол жылдарда бозбала Серіктің балапан жырлары Торғай өңірінің аудандық, облыстық, тіпті сол жылдары шығып тұратын «Тың өлкесі» газетінен де көрініп қалып жүретін. Маған Серіктің ең алғаш аудандық газетте жарияланып, бірден әнге айналып, халық арасына кең тарап кеткен «Амангелді ұрпағы» деп аталатын өлеңі әлі күнге дейін жадымда жатталып қалған. Мен ол кезде, әлі Серікті көре қойған жоқпын. Кейін Алматыға келген, әлі оқуға түсіп үлгермеген абитуриент балаң жігіт мені Жазушылар одағына іздеп келіп, әдейі амандасып, сәлем беріп, танысты. Орта бойлы, бұйра шашты, ажарынан шабыт шырайы шалқып тұрған жалынды жас жігіт маған бірден ұнады, тез тіл табысып кеттік. Міне, содан бері зулап өте шыққан жарты ғасырдан астам уақытта мен Серіктің өзінен де, оның шығармаларынан да бір сәт көз жазған емеспін. Оның осынау алғашқы өлеңнен бастап, күні бүгін халықтың көңілінен шығып, ыстық ықыласына бөленген жырларын кейде іздеп жүріп оқып, өзімен үнемі пікірлесіп тұрамын. Серік өте өнімді жазатын ақын. Алғашқы жылдардағы жас ақынның туған жер табиғаты, жеке көңіл күйін күйттеген балаң өлеңдерінің бірте-бірте бұғанасы бекіп, арқауы ширап, тіні беки түсті. Қадау-қадау шумақтары ойымда қалып, шағын жырларымен шабыт отын тұтатып жүрген Серік Тұрғынбекұлының бірте-бірте оқиғалы өлеңдерге ойысып, онысы тіпті балладалар тізбегіне ұласып, поэмалардың жалғасын табуға жол ашты. Міне, ұзақ жылдарға созылған осы үрдіс, ақынды, ақыры ауқымды дастандар авторына айналдырды. Ақын дастандары оқырман жүрегіне бірден жол тартты. Аламан бәйге, жыр-жарыстарында, үлкен ауқымдағы мүшәйраларда ақынның абыройы артып, үнемі жүлделі орындарды иеленіп жүрді. Мәселен, Астана қаласының 15 жылдығына орай ұйымдастырылған мүшәйраның Бас жүлдесін алып, жеңіл көлік иеленген Серіктің «Астана – дастан» поэмасының бастауындағы алғашқы шумақтары есімде қалыпты: «Жалғанның желбіресе Туы шыңда, Жақындап бұлттың өзі жуысуға. Бар ақыл, Бар парасат басын қосып, Қала тұр – Уыз нұрдың уысында», – дей келіп, өз оқырманын бірден баурап алған ақын, Елордадағы әзірге көз тартып тұрған – Кенесары, Бөгенбай, Абай ескерткіштерін бір-бір шумақпен-ақ шырайын келтіріп ажарын аша түскен. Оқып көрелік: «Жиегі жасыл құрақ, жас қарағай, Дүниеде қала бар ма Астанадай?! Жүргінші көшедегі біз түгілі, Қарайды тебіреніп тастағы – Абай. Алсаң сен өткен күнді есіңе ептеп, Болсаң сен тарих сырын несібе етпек. Астына тұлпар мінген Кенесары, Ойы бар – Көк Есілді кешіп өтпек. Басына аумайтындай бақ тұнғасын, Біледі ел – мұндай қала таптырмасын. Бөгенбай – Ол да өзінің даңғылымен, Дайын тұр жіберуге аттың басын». Астанадағы үш ескерткіш, үш тұлға. Астананы жырлаған ақынның осынау үш тұлғаны аттап өтуге хақысы жоқ. Әйтседе, ақын осы үш бейнені сыршыл сезімге бөлеп, әрқайсысын бір-бір шумақпен – әрі қысқа, әрі нұсқа күйінде шырайын шығарып, жыр құдіретімен қапысыз мүсіндей білген. Міне, бұл ақын шеберлігі. Осы уақытқа дейін жиырмадан астам жыр жинақтарын шығарған, соңғы жылдары бір соны соқпаққа түсіп, поэзияның үлкен жанры – поэма-дастандарға ден қойған Серік ақынның осы саладағы қадамына үнемі қызыға қарайтын болдым. Тәуелсіздіктің алаң-елеңінде Кейкі батырды кейіпкер етіп сомдаған Серік ақынның бұл поэмасы оқырманға орасан олжа салды деп батыл айта аламын.Кеңес кезеңінде есімін атаудың өзіне тыйым салынған Кейкі сынды күрделі тұлғаны ешкім де ашық айтып, жарқыратып жаза алмады. Амангелді тақырыбына қалам тартқан жазушылардың ішіндегі ең қомақтысы Қоғабай Сәрсекеевтікі ғана болып еді. Бұл орайда, тағы бір көңілге дәт дүние, өмірден ерте кеткен талантты жазушы Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» романы ғана ауыз толтырып айтуға тұрарлық туынды болды. Оның өзінде де ол Кейкінің есімін тайға таңба басқандай анықтап жаза алмады. Құлан деген әдеби кейіпкер арқылы ғана тұғырлы тұлғаны бірегей сомдауға мүмкіндік алды. Кейкі туралы айтуға да, жазуға да еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жол ашылды. Осы сәтті ең алғаш ұтымды пайдаланған Серік Тұрғынбекұлы болды. Қазір бұл ерек тұлға – ғажайып батыр туралы әркім-ақ қалам тартқысы келеді. Әйтсе де, Ақан Нұрмановтың іргелі туындысы «Құланның ажалы» романы, Серік Тұрғынбекұлының тұғырлы дастанынан кейін қалам тартуға әзір ешкімнің әлеуеті жете қойған жоқ. Себебі, Кейкі сынды керемет кейіпкерді сомдау сол топырақта туып, сол елдің тарихымен біте қайнасқан таланттардың ғана қолынан келері хақ. Кейкі тұлғасын игеруге екінің бірі бара бермесінің себебі осы. «Кейкі батыр» дастаны жарыққа шығардан бұрын қолжазбамен танысқан Әбіш Кекілбаевтың аталы да, баталы сөзі бұл шығарманың бағын ашты деуге болады. Әбіш алғы сөзінде «...Қазан төңкерісінің бізге жасаған ең үлкен қиянаты – халқымызды өз-өзінен екі айырып, бірін-бірі төмпештейтін әлеуметтік қаныпезерлікке баулығаны. Аталмыш дастан осы бір ащы ақиқатты қаз-қалпында жеткізеді», депті. Ал, осы дастанды оқып пікір жазған атақты ғалым-жазушы, зерделі сыншы Ақселеу Сейдімбектің пікір-пайымы қалай? «Автор кең тынысты эпикалық қарыммен қалам тарта отырып, Кейкінің ғұмыр кешкен заманы мен қоғамына қатысты тарихи деректерді көсіп пайдаланады. Құжатқа түспегенімен құлақтан кетпеген ғибратты оқиғалар мен қимас естеліктер дастанның сюжеттік арқауына айналып, кейкінамалық жыр – шежіресі жасалған», дейді. Бұл арада қос қаламгер бір дастан төңірегінде ой толғай келіп, бірі – поэманың тарихи ерекшелігіне тоқтаса, екіншісі – автордың ақындық ауқымын, ақиқатшыл шындығын тілге тиек етеді. Дастанның көркемдік кестесіне көңіл бөледі. Ал, мен, өз басым, Серіктің «Махамбет және Жәңгір хан» дастанына тәнті болғанымды жасыра алмаймын. Бұл дастан туралы алғаш тың пікір айтқан талантты сыншы Мырзан Кенжебайдың сарабдал сыншылдығына тәнті бола отырып, өз ойларымды өрбіткім келеді. Алдымен Мырзанның мына пікірінен бастап сөз сабақтайын. «Исатай мен Махамбет бастаған ұлт азаттығы үшін болған көтеріліс туралы талай-талай жыр, дастан, толғаулар, ғылыми еңбектер жазылды. Сол туындылардың бір-біріне егіздің сыңарындай бір ұқсастығы мынадай болатын. Исатай батыр, Махамбет әрі батыр, әрі ақын. Ал, Жәңгір хан барып тұрған залым, қанішер, патшаның сойылын соғушы. Рас, кейінгі жылдары Жәңгір хан туралы жұртшылық пікірі екіге жарылды. Жәңгірдің де ұлт қамын ойлаған саяси тұлға екені, оның өте білімді, парық-парасатты, мәдениетті және жүрегіне нәзік сезім ұялаған жан екені айтыла бастады. Осындай бір тың түйінді көзқарас «Махамбет және Жәңгір хан» дастанында ап-анық байқалады. Өлең жазып отырған шын ақын да бала емізіп отырған ана сияқты. Ол да исінеді, ииді, бусанады, балқиды. Ал, Махамбет туралы дастан жазып отырған ақынның Махамбетше жай оғындай жарқылдап, Махамбетше кейде арқырай долданып, кейде бұл жалғаннан түп-түгел түңіліп, күрсінбеске амалы қалмайды. Өйткені, Серік Тұрғынбекұлы сынды бүгінде нағыз шабытты шағында, тұлпар шыққан Бурылдай бабында тұрған ақын нені, кімді жырға қосса да, шынайы, үрзада жүрек, пәкизат сезіммен жырлайтыны хақ! Махамбетті жырлаған ақын тек Тұрғынбекұлынша жырласын! («Ана тілі» газеті. «Үрзада жүрек, пәкизат сезім», 15 қыркүйек, 2005 ж.) Ақын «Махамбет және Жәңгір хан» дастанын бір демде, бір тыныспен бітіріп, соңынан салиқалы ой, мағыналы мақамдарға ерік береді. Поэманы оқып болғаннан кейін, ойың онға, санаң санға бөлініп, шытырман оқиғалардың шырмауынан шыға алмай пұшайман күйге түскендей боласың. Бастан-аяқ Махамбет заманының зымиян саясатына, аярлық пен астамшылдыққа, рахымсыздыққа бой алдырған дүние кейпіне көңілің құлазиды. Апыр-ай, осы қиянатты қай жерде көрдім, қай жерде байқадым деп, алды-артыңа пайымдай қарайсың. Баяғы Махамбет заманындағы залалды көріністер бүгін жоқ па, бәрі де уақыт көшімен ығысып кете барған ба?! Оның үстіне ақынның: «...Басқан ізім байқалмай, Ақиқатты айта алмай – Дәл өзіңдей батырып, Сарқылмайтын қазына, Таусылмайтын тақырып, Аяғы жоқ, Басы жоқ, Жып-жылмағай, Жып-жылтыр Жыр жазамын қатырып», – деп жалғастырады ақын дастанның шарықтау шегіне жеткенде. Мәссаған! Махамбетті жырлап отырған ақынның бүгінгі кейпі осы ма? Өмір болған соң, заман ағымында, оның зұлымдығы мен зиялылығы, харамдығы мен адалдығы күн мен түндей кезектесіп, қыс пен жаздай жалғасын тауып жатпай ма? Әлде бар қастандық пен қасірет сол Махамбет заманымен келмеске кетті ме? Жо-жоқ! Өткеннің өкінішін өзегі жарыла жырлаған ақынның бүгінгі заманға да өкпесі қара қазандай екен. Тақырып қуып келе жатқан ақын табан астында талағы жарылып тас-талқан болады? Тұтқиыл шешім қабылдайды. Ағынан ақтарылады: «Ұландарың қор болды, Ашық күннің астында, Шынжыр емес, білегі – Шуда жіпке шатылып. Артыңдағы ұрпағың Айтып-айтпай не керек, Дауды қумай ақырып, Жауды қумай жапырып. Айналып бір келгенде – Ақырында болып тұр, Адам тектес, Мақұлық!» («Жерорта», «Жазушы» баспасы, 136 б. 1999 ж.) Бұл дастандар өткен заман батырларының бейнесі, көне заман кейіпкерлерінің кейпі екені белгілі. Ал, бүгінгі заман батырлары мен тұлғаларын сомдайтын поэма-дастандар ақындарымызда бар ма екен? Көбісі өткен тарихты қаузап, баяғы батырлардың тұлғасын сомдауға әуес. Өзіміз өмір сүріп отырған бүгінгі заман батырлары мен тұлғалары бар ма? Бар екен. Оған Серіктің өз замандасы, құрдасы, тұңғыш қазақ ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров туралы толғау-дастанын айтсақ та жеткілікті. Қазақ топырағынан бастау алған ғарыш тақырыбы біздің қазақ оқырмандарына беймәлім емес. Кеңес үкіметі кезінде Ю.Гагариннің дүниені дүр сілкіндірген ғарышкерлік жолын сол заманда асқақтата жырлаған бірден-бір ақын Олжас Сүлейменов екені баршаға мәлім. Оның «Адамға табын, Жер енді» поэмасы сөз жоқ, сол кездегі кеңестік поэзияның космоспен бірге ғарышқа көтерілген тұсы болды. «Нет Востока, и Запада нет» деп келетін Олжастың өлең жолдарының бірден-бір дәлелі. Ал, Тоқтарды жырлаған біздің Серіктің ғарышкер туралы поэмасының заманы да, амалы да, тіпті саясаты да бөлек. Қазіргі аласапыран, алас-күлес, қараталас, жанталас кезеңді ақын ғарыш биігінен былай суреттейді: «...Қарасаң жоғарыдан төмендерді, Таппайсың кереметті – кемеңгерді. Сенбейді ол, Көзі көрді мына жерді, Бәрібір, тұтас дене дегендерді. Мына жер – тілім-тілім, шимай-шимай, Қалпы жоқ бірін-бірі қимайтындай. Дүние атыс-шабыс, алай-түлей, Адамдар Жер бетіне симайтындай. Осы жай сабақ болар әр адамға, Халықтың кәдесіне жарағанда. Дүниенің баршылығын, таршылығын, Білесің – Тек Биіктен қарағанда!» Серік ақынның ескі, жаңа заман тақырыбында жазылған поэма-дастандарын одан әрі талдай беруге болар еді. Бірақ, бұл тақырыптар өзінше бөлек әңгімені қажет етеді. Мені бәрінен бұрын табиғатында лирик ақын Серіктің махаббат тақырыбындағы мақамдары қызықтырады. Нәтінде Серік махаббат жыршысы. «Ақ махаббат қашаннан кием едің, Саған деген таусылмас сый-өлеңім. Қиналғанда – қан жұтып, Қамыққанда – Иек артып, өзіңе сүйенемін!» – деп махаббат деген қастерлі ұғымды өзіне үнемі серік еткен сері ақынның мәңгілік ұстанымы осы болды. Серіктің махаббат өлеңдерін оқи отырып, мен орыстың ұлы ақыны Есенинді еске аламын. Оның туған жері – Рязаньға деген риясыз ғашық көңілі, оның сұлу табиғатын тамсана жырлауы – Серіктің ұлы дала – Торғайды жырлауымен үнемі үндесіп жатады. Ал, ғашықтық машыққа келгенде, Серік сол Есениннен кем түспейді. Әсіресе, оның «Әйел сүйсе» деген өлеңіндегі: «...Мағырыптың қылтиып қырдан күні, Себелейді сеңгірдің нұр жаңбыры. Әйел сені сүймесін, Әйел сүйсе – Махаббаттың сен адал құрбандығы», – деген жолдар сол Есениннің өмірімен де, өлеңімен де тамырлас, тағдырлас жыр екеніне көз жеткізесің. Әрине, әсіресе, махаббат тақырыбындағы үндестік пен үйлесімді тек орыс ақыны Есениннен ғана іздей берудің реті жоқ. Жалпы, Серікте Шығыс шайырларының шынайы сөзі, шырын сезімі көзге ұрып, көңіл тебірентері хақ. Оны ақынның ғашықтық ғазалдарынан айқын аңғаруға болады. Серік соңғы жылдарда саяси тақырыпқа бірыңғай ден қойып кетті деуге болады. Саясаттың сан құбылып тұратынын ескергенде Серіктің бұл қадамын құптамауға да болар еді. Бірақ, Серік саяси толғауларында, жеке бастың көңіл-күйі емес, жалпы, ұлттық идеяны адамгершілік, дүниетаным тұрғысынан пайымдайды. Содан да болар, Серіктің саясат тақырыбына жазған жырларының өзі қалың оқырман қауымның жүрегіне жол тартып жатады. Осыған орай, Серіктің бір-ақ өлеңіне назар аударайын. «Алқымнан алып бір тұмау, Күшейтті жанның жарасын, Саудаға салақ жұртым-ау, Жер сатып қайда барасың?!» – деп түйіледі ол шамырқанып. Міне, осылайша күңірене толғаған ақынның бұл өзекжарды өлеңі сонау тоқсаныншы жылдардың басында «Халық кеңесі» газетінде жарияланып, халық қалаулыларының жан айқайына айналып, талқысына түскені бар еді. Кейін, сол Серік айтқан «саудаға салақтықтың» салдары ма, соңғы жылдары сатылған жердің көбі игерілмей мемлекет меншігіне қайтарылғанына куә болдық. Ақын сезімінің алдамайтындығын, ақынның ұшқыр қиялы ұшқары сөз емес, ұлттың қамын күйттейтін киелі ұғым екенін бағамдауға болады. Серіктің өзі таңдаған осы бір қиын да күрделі жолына ақын ағасы ретінде әрдайым сәттілік тілеймін. Жетпіске толған Серіктің осы уақытқа дейінгі өмір жолы – ақындық сапарындағы қилы кезеңдердің біраз белесіне ат шалдырған жайымыз бар. Оның шығармаларындағы өлең-жырларының орны мен рөлін, поэма-дастандарының салмағы мен жүгін, драматургия саласындағы сындарлы еңбектерін түбегейлі түгендеп, екшеп айту үлкен зерттеуді қажет етері хақ. Ақынның халық арасына кең тараған әндерге мәтін жазу машығының өзі, оның өнер жолының бір саласы деп айтуға тұрарлық. Таудың көркі – бұлақ, көлдің көркі – құрақ, өмірдің көркі – өнер. Бүгінде қасиетті құндылықтардың құлдырауы өнерге өгей баладай қараудан туған қасірет. Сұңғыла суреткер Ғабит Мүсіреповтің фәниден бақиға аттанар сәтте қолынан сусып түскен қаламмен жазып қалдырған: «Әдебиет пен өнер ұлы болмай – ұлт ұлы болмайды» деген өсиеті басшының да, басқалардың да жадында болса екен. Киелі сөз өнеріне өмір бойы жан-тәнімен қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан Серік Тұрғынбекұлының таланты қай құрметке де лайық! Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. АЛМАТЫ.