• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Наурыз, 2016

Жауапкершілік жүгі ауыр шақ

331 рет
көрсетілді

Петропавл қаласында «Бірлік» саяси партиясының мүшелері өңірдің ірі кәсіпорындарының бірі – «Масло Дел» компаниясында болды. Ұжыммен кездесуде партиялықтар шағын және орта бизнесті дамытудың әрі қарайғы перспективаларын талқылады. Әңгімелесу барысында қатысушылар отандық бизнесті жаңа мүмкіндіктермен қамтамасыз етіп отырған мемлекет тарапынан ықылас пен қолдаудың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Олар­дың пікірінше, мемлекеттік бағдар­ламалар бизнесмендердің жаңа нарықтарды игеруіне, соған сәйкес, Қазақстан өнімдерін өткізуді жоспарлы түрде көбейтуге көмектеседі. Бұл жаңа жұмыс орындарының құрылуын қамтамасыз етеді, табанды орта таптың қалыптасуына ықпал етеді. Партиялықтар, сондай-ақ, елдің әлеуметтік негізінің тірегі ретінде орта таптың қалыптасуы мен дамуын бағ­дар­ламалық мақсаттардың бірі деп танитындықтарын, олар қазақстандықтардың өмір сүруінің жалпы деңгейін көтеру тек орта және шағын бизнестің қолдауы арқасында ғана мүмкін екенін жеткізді. «Бірлік» партиясының мүшесі Мәдина Дәрібаеваның айтуынша, партия жаңадан еңбекке араласқан мамандардың еңбегі қажет болатын, жаңа технологиялар қолданылатын, экология мен еңбек ресурстарын сақтауға мүмкіндік беретін мұндай кәсіпорындарды қолдайды. Кездесу соңында партиялықтар биз­несмендердің барлық өтініштерін мұ­қият тыңдап, оларды өздерінің әрі қарайғы жұмыстарында ескеруге уәде берді. Сонымен қатар, «Бiрлiк» партия­сының мүшелері мен Астана қаласының кәсіпкерлері бірлескен кездесу өткізді. Талқылау тақырыбының өзегі әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында Қазақ­стан­дағы экономика мен бизнесті дамы­ту мәселелері болды. Жиында дағ­дарыс қауіп-қатерлерімен қоса, сапалы оң өзгерістер үшін де қолайлы мүм­кіндік туғызатыны айтылды. Нарықтық эко­но­миканың ойдағыдай дамуы үшін Қазақ­станда саяси жаңғырту жал­ғастырыла беруі керек деген мәселеде қатысушылардың пікірлері бір жерден шықты. Алдағы парламенттік сайлау – осы жол­дағы маңызды қадам. «Бiрлiк» пар­тиясының өкілдері: «Өзегінде бәсекеге қабі­летті бастау жатқан ширақ әрі табан­ды Парламент шенеуніктердің эконо­микалық жобаларды жобалап, іске асыру кезінде үлкен жауапкершілікке қол жеткізуіне көмектеседі» деген ойларын жеткізді. Сонымен қатар, жеке бизнестің мүдделеріне нұқсан келтірмей, оны қосымша әлеуметтік төлемдер, салықтар және алымдар арқылы ауыртпалық салмай, әлеуметтік бағдарлы мемлекетті қалай құру қажет деген тақырып кезде­судің өзегіне айналды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».