[caption id="attachment_27207" align="aligncenter" width="560"] SONY DSC[/caption]
«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев елордада Қазақ технология және бизнес университетінің ұжымымен кездесті. Бұл жолғы үгіт-насихат жұмыстарының да нәтижелі болғаны кездесуге келгендердің көптігінен аңғарылды. Шараға қатысқандар қатарында Парламент Мәжілісі депутаттығынан үміткерлер Мақсат Раманқұлов, Қайырбек Кемеңгер, Әсет Атабаев және «Ақ жол» партиясының қалалық филиалының басшылығы болды.
«Ақ жол» партиясы ҚазТБУ-дің оқытушылары және студенттерімен 2011 жылғы сайлау науқанынан бері достық қарым-қатынаста. Бұл оқу орнының ұжымы партияның көптеген шараларына белсенді қатысып келеді. Сондықтан да университет қызметкерлерінің партия үшін орны бөлек. Жиылған қауым осы партияның атқарып келе жатқан істеріне сәттілік айтып, сайлауда жеңіске жетуіне тілектестік білдірді.
– Маған университеттің бүгінгі жағдайы, ұжымы, студенттердің қалай тұрып жатқандығы қашанда қызық. Біздің саяси және сайлауалды бағдарламаларымызда дәл осы экономикамызға қажет кадрларды даярлау мәселесіне өте үлкен назар аударылады, – деген партия төрағасы білім алушылардың білім сапасы, оқу деңгейінің жоғары болуы қажеттігін жеткізді.
Сондай-ақ, фракцияның білім беру, гранттарды әділ бөлу, оқуды бітіргендерді жұмысқа орналастыру секілді сауалдарына бірқатар мысалдар келтіріле отырып, жауаптар берілді. 2013 жылдың наурыз айында Білім және ғылым министрлігінің бір ғана аймақтан басқа жерлерде жекеменшік жоғары оқу орындарын жабу жөніндегі бастамасына жауап ретінде, аталған министрлікке жекеменшік оқу орындарын жабудың орнына, білімнің сапасымен айналысу керек деген талап қойылғандығын еске салды.
Сонымен қатар, шара барысында партияның «Ақ жол» – еңбек етер кез келді» деп аталатын сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары мен тетіктері кеңінен айтылды. Осы орайда, «Білімді және денсаулығы мықты ұлт – қуатты және ауқымды еңбек ресурстары» аталатын партия бағдарламасының бөлімінде айқындалған қазіргі заманда білім мен ғылым елдің және әрбір азаматтың бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы болып табылатыны, азаматтардың сапалы білім алу құқығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттің білім беру және ғылым жүйесін дамытуға арналған шығыстарын дамыған шетелдер деңгейіне дейін ұлғайту, білім берудің барлық деңгейі үшін оқу бағдарламаларының, оқулықтардың және оқу құралдарының сапасын жақсарту қажеттігі жайында айтылды.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.