Сайлау науқаны қыза түсуде. Қазіргі таңда елімізде үлкен додаға түсіп отырған саяси күштер өздерінің сайлауалды тұғырнамасында белгіленген міндеттерді шешу жолдарын ел тұрғындарына түсіндіру үшін өңірлерді аралап жүр. Сол сияқты «Нұр Отан» партиясының сайлауалды штабы да біраз облыстарды аралап, атқарылған істерді ғана емес, сонымен қатар, алдағы атқарылар міндеттерге де ерекше ден қоюда.
Қатарында 800 мыңнан астам мүшесі бар еліміздегі ең ірі саналатын саяси ұйым қазіргі таңда өңірлерде көптеген шаралар өткізуде. Мұндағы басты мақсат – партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың алға қойған нақты тапсырмаларын бұлжытпай орындай отырып, қазақстандықтарды бес институттық реформа айналасына жұмылдыру. Бұл ретте, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру барысы бесжылдық кезеңге арналған «Нұр Отан» партиясының жаңа Сайлауалды тұғырнамасының негізгі өзегі болып отыр.
Партия Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов бастаған республикалық сайлауалды штаб делегациясы Павлодар облысында «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып жатқан құрылыс нысандарына рейд жүргізуі біраз жайтты аңғартты. Мұндай рейдтер Елбасы тарапынан тапсырылған міндеттердің орындалуы барысын ғана емес, алда нендей іс-шараларды қолға алу керектігін тағы бір қырынан пысықтап алуға өзіндік оң ықпалын тигізетіні айтпаса да түсінікті. Аталған бағдарлама аясында 5 мың шақырым автожол және 2,5 мың шақырым шойын жол төселеді. Сонымен қатар, тұрғын үй, индустриялық-энергетика және коммуналдық инфрақұрылымдар құрылысын салу да назардан тыс қалмақ емес.
Әрине, қолға алған реформаның негізгі мақсаты Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосу болса, бұл бағытта жұмыс та ширай түскенін көріп отырмыз. Әлемде шикізатқа деген баға құлдырап барады. Бірақ сол уақытша қиындықтарға қарамастан, бірқатар шаралар қолға алынып жатыр. Басқа саланы айтпағанда, Елбасы тапсырмасына сәйкес 2020 жылға қарай агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру 4, 5 есеге артады.
Саланы дамытуға қатысты жайттар партияның Республикалық сайлауалды штабы мүшелерінің Ақмола облысына жасаған сапары барысында кеңінен сөз болды. Бұдан басқа, елімізде партияның мұрындық болуымен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерді қолдаумен қатар, өз ісін енді бастағысы келетіндер үшін «Өз ісіңді қалай бастау керек» деген тақырыпта оқу курстары да өткізіліп келеді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.