• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
03 Наурыз, 2016

Спорт модулі

468 рет
көрсетілді

– чемпиондар даярлаудың жаңа мүмкіндігі Тарбағатайлық спортшылар былтыр дәстүрлі облыстық ха­лықтық спорт ойындары спартакиадасында командалық есеп бойын­ша қатарынан бесінші мәрте жеңімпаз атанған болатын. Сайыпқыран өрендер көп­теп тәрбиеленетін ауданның орталығында жуырда заманауи спорт модулі пайдалануға берілді. Облыстық бюджеттен 197,5 миллион теңгеге салынған жаңа нысанда саламатты өмір салтын серік еткен жандарға арналған әмбебап ойын залы, күрес, бокс залдары, жуыну, киім ауыстыру, жаттықтырушылар мен дәрігерлер бөлмелері және гар­дероб бар. Аталған модуль Ақсуат ауылындағы М.Имашев атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің теңгеріміне беріліп отыр. Бұрын ескі кинотеатр үйін пай­даланып келген мектеп шәкірттерінің қуанышында шек жоқ. Жаңа нысанның ашылу салтанатымен құттықтаған аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев модульдің әле­уетін толық пайдалану мақ­са­тында жаттықтырушылар құ­рамы толықтырылып, 30 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылғанын жеткізді. – Елімізде спорт саласына, соның ішінде бұқаралық спорт түрлерін дамытуға үлкен көңіл бөлінген. Спорт инфрақұрылымы жылдан-жылға жақсарып келеді. Соңғы жылдары «Туған жерге – тағзым!» акциясы аясында кәсіпкерлердің, жерлестердің көмегімен Тарбағатай ауданын­да 25 хоккей қорапшасы пай­далануға берілді. Барлық ауылдарда дерлік жасанды көгалмен жабдықталған футбол алаңдары жұмыс істейді. Мұндай нысан­дар шағын елді мекендерді де қамтыды. Мұның барлығы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, балалар мен жас­тардың бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған. Алдағы уақыт­та өңірімізден шыққан спорт ардагерлері мен жоғары жетістік­ке жеткен чемпиондарымызға ар­налған саябақтар мен аллея­лар ашуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, ауданымызда спортқа деген сүйіспеншілікті ояту жұмыстары түрлі бағытта жүргізіле береді, – деді аудан басшысы Ділдәбек Тәжібайұлы. Салтанатты шарада тарба­ға­­тайлық спорт ардагері Болат Оразғалиев «Еңбек ардагері» ме­далімен марапатталса, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, грек-рим күресінен КСРО спорт шебері Мұқан Сахариев ауыл өрендерін қуанышқа бөлеген зәулім спорт ғимараты тәуелсіздіктің тартуы екенін ерекше атап өтті. Қазіргі кезде спорт мектебінде 22 жаттықтырушы 444 баланы спортқа тәрбиелеуде. Аталған мектеп аудан орталығына жақын бес ауылдық округтің балаларын да қамтып отыр. Біз бокс залындағы жасөспірім спортшылардың өнерін тамашалап, оларды сөзге тартқан едік. Былғары қолғап киіп, шаршы алаңда өнер көрсеткеніне төрт жыл болған Нұрсұлтан Кәрімханов республикалық, облыстық жарыстарда жеңіс тұғырынан кө­рініп жүр екен. 15 жастағы бокс­шы бұған дейін ескі кинотеатр ғимаратындағы тар залда жат­тығып келгенін, жаңа спорт модулінің бүкіл ауыл спортшыларына қолайлы жағдай жасағанын айтады. Жас Нұрсұлтанның ендігі арманы – халықаралық жарыстарда туған елінің туын желбірету. – Ақсуат ауылында алғашқы спорт модулінің салынғанына өте қуаныштымыз. Осы уақытқа дейін спорт мектебіне бейімделген ғимаратты пайдаланған едік. Мектепте бокс, волейбол, футбол, тоғызқұмалақ, дзю-до, қазақ күресі секциялары жұмыс істейді. Енді жаңа модульдің мүмкінді­гін пайдаланып, баскетбол мен шығыс жекпе-жегі бөлімдерін ашуды жоспарлап отырмыз, – деді М.Имашев атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Манар Рахманқұлов. Жалпы, бұл өңірден бокстан жастар арасындағы әлем чемпионы Қанат Ілиясов, самбо күресінен әлем чемпиондары Бауыржан Садыханов, Қайрат Күнсафин, қазақ күресінен ардагерлер арасында әлемнің екі дүркін чемпио­ны Тұрсын Қалмақбаев, әлем чемпиондары Қали Иманбаев, Керей Көшкінов сынды танымал спортшылар шыққанынан, Ақсуаттағы мектепте 21 спорт шебері тәрбиеленгенінен-ақ ауыл спортының әлеуетін байқауға болады. Жаңа спорт модулінің ендігі межесі – Олимпиада биігі! Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы. Суретті түсірген автор.