Оның Ұлт Жоспарындағы орны қандай?
Қазіргі дәуір таңындағы жаһандық жаңғыртуларда геоинформатика ілім-білімі мен іс-тәжірибесінің алар орны баға жеткісіз екенін байыптамайтын ойлы көкірек жоқ болар, сірә. Дүниедегі озық отыз елдің бел ортасынан ойып тұрып орын алу орайындағы Елбасы жария еткен қазақстандық арманды ақиқатқа айналдыру, Ұлт Жоспарын әрбір қадам-қадамымен қалтқысыз орындау үшін де ел бойынша халықаралық стандарттарға сай кеңістік мәліметтердің ұлттық инфрақұрылымы (КМҰИ) жасалуы керек. Ал кеңістік мәліметтерінің инфрақұрылымы (КМИ) мен оның, геосервистерімен қоса, геопорталын әзірлеу аса күрделі ғылыми-инновациялық міндет, ел дамуының жоғары ақпараттық деңгейінің көрсеткіші екендігі айтпаса да түсінікті. Осы орайда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің картография және геоинформатика кафедрасында ұлттық һәм жергілікті КМИ әзірленіп, оның геопорталы жасалып жатқандығы құптарлық жайт. Әрине, әзірге факультеттік деңгейде болса да, уақыт өте келе ұлттық ауқымға көтерілетін мүмкіндігі бар. Бұл арада әзірленімнің құны мен мерзімін азайту мақсатында АҚШ, Германия, Испания, Ресей сияқты елдердің бай тәжірибесі мен стандарттары ескеріліп отырғандығын атап өтеміз. Осынау игі істің басы-қасында тұтқасын ұстап жүрген саусақпен санарлық білікті маманның бірі геоинформатика және тау-кен ісі мамандықтары бойынша техника ғылымдарының докторы (яғни әрі ғалым, әрі технолог), әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аталмыш кафедрасының профессоры Батырхан Бекмұрзаев болып табылады. Ол тау-кен саласы үшін көптеген халықаралық талаптарға сай келетін геоақпараттық жүйе жасақтап берген жақсы тәжірибенің иесі. Сонымен бірге, «ҚазХром» трансұлттық корпорациясының тәуелсіз директоры ретінде осынау мекеменің сапа менеджментінің халықаралық сапасына көшуі жолында да көшелі еңбек сіңірген азамат. Біз де елімізді өркениетке сүйрейтін дерте есебіндегі геоинформатиканың Ұлт Жоспарындағы орны, мән-маңызы орайындағы сұрақтарымызды білікті, инновацияшыл ғалымға көлденең тарттық.
– Батырхан Жағыпарұлы, әуелі «Егеменнің» оқырмандарына геоинформатика ұғымын, оның бізге не үшін қажеттігін таратыңқырай түсіндіріп алғанымыз дұрыс болар?
– Осызамандық геоинформатика үш тұғырдың, яғни ғылымның, технологияның және өндірістік қызметтің бірлігінен құрала отырып, теорияны зерттейді әрі ақпаратты пайдалану технологиясын жасайды. «Гео» деген түбірсөз тұрғысынан алғанда, оның қызметінің арқауы бүтін Жер шарымен ауқымдас, күрделі де көлемді жүйелер болып келеді. Геоинформатиканың мемлекеттегі рөлін Германия үкіметінде геоинформатика жөнінде комиссия құрылуы айғақтай түссе керек. Ал АҚШ президенті Б.Клинтонның 1994 жылғы 13 сәуірдегі жарлығында: «Геомәліметтердің жиналуын үйлестіру және оған кіруді қамтамасыз ету: кеңістік мәліметтерінің инфрақұрылымы» деп тайға таңба басқандай етіп көрсетілген.
Біздің елімізде информатиканы дамыту үшін не қажеттінің бәрі істелуде. «Геофизика және картография туралы» ҚР Заңы, Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 8 қаңтардағы №464 «Ақпараттық Қазақстан-2020» Мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлығы, 2013 жылғы 7 ақпандағы №101 «2013-2017 жылдарға арналған «Ақпараттық Қазақстан-2020» Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» Үкімет қаулысы, т.б. осыған дәлел.
Бірақ ақпараттық даму өте жедел жүруде. Өмірге геоинформатика келді. Оның негізгі жетістіктері әлем назарын аударуда. Нақ осынау ақпараттық дамудың жаңа кезеңінде кеңістік мәліметтерінің ұлттық және халықаралық өңірлік инфрақұрылымын жасаудың жаңа, заманауи бағдарламалары мен жобалары әзірленуде.
Ақпараттық жағынан дамыған елдердің тәжірибесіне қарасақ, КМИ құру, басқару және саяси шешімдердің тиімді қолдау табуын, қоғамның тұрақты дамуын және қоршаған ортаның қорғалуын қамтамасыз етеді. Барлық ғылымдарға, барлық ұйымдарға, геомәліметтер мен геосервистерді ұсынушылар мен тұтынушылардың барлығына бірдей кеңістік мәліметтерінің инфрақұрылымдары қазіргі кезде әлемнің 120-дан астам елінде құрылған. Олай болса, Қазақстанның дамыған мемлекеттердің үздік отыздығына кіру жөніндегі жоспары – «100 нақты қадамның» 100-ші қадамында халықаралық стандарттарға сай кеңістік мәліметтерінің ұлттық инфрақұрылымын құру қажеттігі қадап айтылған.
– Ал енді осы кеңістік мәліметтерінің ұлттық инфрақұрылымы дегеніміз не? Оларды құрудағы мақсат қандай?
– АҚШ президенті Б.Клинтонның жарлығында КМҰИ мағынасы кеңістік (3 өлшемді) мәліметтерін жинауға, өңдеуге, сақтауға, таратуға және пайдалануды жетілдіруге қажетті технология, саясат, стандарттар мен еңбек ресурстары деп пайымдалады. Оны құрудағы мақсат – әр алуан салалардағы және әртүрлі басқару деңгейлеріндегі әрқилы дереккөздерінен кеңістік мәліметтерін бірлесіп пайдаланудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашу және оның қолжетімділігін арттыру. Ал бұл мақсатқа жету үшін ақпараттық әмбе коммуникативтік үдерістер мен операцияларды оңайлату қажет. Бір жағынан, басқару құрылымдарының өз ішінде, екінші жағынан, үкіметтік ұйымдар мен азаматтар қоғам, экономика мен ғылым арасында. КМҰИ дегеніміз – сыйысымды кеңістік мәліметтерінің негізінде құрылған республиканың, облыстар мен аудандардың ашық инфрақұрылымы болмақ. Бұл, біріктіруші технология ретінде, қолданыстың бірқатар салаларында электронды үкіметтің аса маңызды құрамдастарының бірі болып табылады (32,35,38,49,50, 55,57,58,65,100-қадамдарды қараңыз).
Тәптіштеп айтсақ, кез келген КМИ-ді құрайтын компоненттері болады. Соның біріншісі – базалық кеңістік мәліметтері мен метамәліметтерден тұратын ақпараттық ресурстар. Мұндағы базалық кеңістік мәліметтері базалық кеңістік нысандарын цифрлы түрде сипаттайды, нысанның атауын, мекенжайын және басқа деректерді жайып салады. Ал метамәліметтер – кеңістік мәліметтері туралы мәліметтер. Олар кеңістік мәліметтерін іздеуге, оның сапасын, жарамдылығын бағалауға бағыт береді, өңдеу мүмкіндігін нұсқайды. Екіншіден, кеңістік мәліметтерін түзудің дербес стандарттары мен пішімдері болады. Үшіншіден, базалық мәліметтерді сақтау және КМИ геопорталын құру үшін арнайы технология мен техникалық құрал-жабдықтары болуы шарт. Төртінші, құрамдас мемлекеттік спутниктік геодезиялық желі құру және кеңістік-уақыттық координаттар жүйесін белгілеу болып табылады. Одан әрі, КМИ-дің жасақталуы мен дамуына жауап беретін үкімет органдарының, комиссия мен өкілетті ұйымдардың басын қосатын ұйымдық құрылым алға шығады. Осының бәрін КМИ-ді құруға, пайдалануға және дамытуға бағытталған заңдардан, нормативтік-актілерден және техникалық регламенттерден тұратын нормативтік-құқықтық база түйіндейді.
– Кеңістік мәліметтерінің ұлттық инфрақұрылымын құрудың тағы қандай ерекшеліктері мен алғышарттары бар?
– Ұлттық КМИ құрудың стратегиясы елдегі нақты жағдайға байланысты анықталады. Бұл ретте мемлекеттік және коммерциялық ұйымдардың, сондай-ақ, жеке азаматтардың –ықтимал пайдаланушылардың оған деген сұранысы ескерілмек. Екінші жағынан, «100 нақты қадам» ішіндегі 99, 35, 36 және 86-90-қадамдарда көрсетілгендей, мемлекеттік органдардың, жер пайдалану мен туризм салаларының мәліметтері мен сервистері сияқты кеңістік мәліметтерінің дайын жиынтығының да көптен-көп көмегі тимек.
Тәжірибеден белгілі болғандай, КМИ құру кезіндегі басты түйткілдер төмендегі үш мәселенің шешіміне тіреледі. Олар – мемлекеттік спутниктік геодезиялық желі құру және кеңістік-уақыттық координаттар жүйесін түзу, ұйымдық құрылым һәм нормативтік-құқықтық база. Мемлекеттік ресурстарды салалық бағдарламаларға шашыратып жібермей, осыларды оңтайына келтіру үшін (92, 100-қадамдар) ең жоғарғы дәрежедегі, мемлекеттік тұрғыдағы (АҚШ-тағы, Германиядағы, т.б. сияқты) құзырлы да пәрменді шешімдер қабылдануы тиіс.
– Мемлекеттік спутниктік геодезиялық желінің осы орайдағы мән-маңызына тоқтала кетсеңіз?
– Мемлекеттік геодезиялық желі ел аумағына координаттардың таралуын қамтамасыз етеді әрі басқа геодезиялық желілерді құруға тұғыр-тиянақ болады. Қазақстанның заңнамалық тұрғыдан бекітілген мемлекеттік геодезиялық желісі бізге КСРО кезінен қалған мұра. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 28 желтоқсандағы «Координаттардың, биіктіктердің, гравиметриялық және спутниктік өлшемдердің, сондай-ақ, мемлекеттік топографиялық карталар мен жоспарлардың масштаб қатарының бірыңғай мемлекеттік жүйелерін белгілеу туралы» №1403 қаулысына сәйкес, бұл жағдайдың ережелері сонау 1946 жылы бекітілген СК-42 жүйесімен айқындалады. Бұл арада дәстүрлі әдістермен жасалған желілердің дәлдігі бірнеше метрге дейін қателікке жол беруші еді. Өйткені, желілер дәстүрлі әдістерді пайдаланып құрылған кезде сол жердің сипаты, ауа райы жағдайы, орындаушылардың біліктілігі, т.с.с. жайлар бұған қатты әсер ететін.
Қазіргі уақытта оларды координаттарды анықтаудың спутниктік әдістері алмастырды. Спутниктік технологияның дәлдігіне келер болсақ, ол бір-бірінен қашықтығы 1-2 мың шақырым, тіпті, одан да алыстағы нысандардың тұрған жерін шамамен 1-2 см. дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді.
Озық дамыған елдердің көпшілігі бүгінгі таңда өздерінің ұлттық (мемлекеттік) спутниктік геодезиялық желілері мен координаттар жүйелерін елеулі дәрежеде жасақтап алған. Олар сол елдердің геодезиялық әлеуетін барынша сақтауға және дамытуға бағытталып, координаттардың жалпы жер-жаһандық геоцентристік жүйесін құру орайындағы халықаралық жобаларға белсенді қатысуда. Бір сүйініштісі, мемлекеттік спутниктік геодезиялық желі құру мен координаттардың мемлекеттік жүйесін айқындау жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысына ұсынылды.
Әлбетте, нақ осы орайда Ресей Федерациясының, АҚШ-тың, Еуропаның мемлекеттік спутниктік геодезиялық желілерін, сондай-ақ, халықаралық JTRF геодезиялық желісін үлгі ретінде пайдалануға әбден болады. Ресейдің жаңа типті мемлекеттік геодезиялық желісінің арқау-өзегі іргелі астрономиялық-геодезиялық желінің (ФАГС), жоғары дәлдіктегі геодезиялық желінің (ВГС) пункттерінен және 1-ші дәрежелі спутниктік геодезиялық желінің (СГС-1) пункттерінен тұрады. Міне, осынау пункттерді тұрақты жұмыс істейтін базалық стансалар желілерінде біріктіру желінің әрекет ету аймағында жатқан аумақта RTK (RealTimeKinematic) режімін іске қосуға мүмкіндік береді. Ал бұл өз кезегінде нысандардың жоғары дәлдіктегі координаттарын ақиқат уақыт режімінде сантиметрлік дәлдікпен алуға жол ашады.
Нақ қазіргі кезде геодезиялық желіні жаңғырту басым міндеттердің бірі болып табылады. Жоғары дәлдіктегі геодезиялық желінің болуы Ұлт Жоспарының құрамдас бөлігі болып табылатын «100 нақты қадамның» бірталайын жүзеге асыру үшін қажет. Атап айтқанда, жер пайдалану (35, 36-қадамдар), рұқсат алуды оңтайландыру (46-қадам), жол-көлік инфрақұрылымының ұсталуы (58-қадам), Қазақстанның халықаралық жол-коммуникациялық тасқындарға интеграциялануы (65-қадам), «Ашық үкімет» құру (94-қадам) істерінің ілгері басуы осы жайға тікелей байланысты.
Бүгінде Қазақстанның геодезия саласының әлемдік үдерістерден кенжелеп қалуын толықтай түзетуге және оны дамытудың жаңа деңгейіне көтеруге мүмкіндік жеткілікті. Соңғы уақытта бұл мәселеге шұғыл назар аударылып, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік спутниктік геодезиялық желісін құру және мемлекеттік геодезиялық желіні жаңғырту» жобасы әзірленуде. Бұл геодезиялық желіні ғана емес, сонымен бірге, нивелирлік және гравиметрикалық желіні де қоса қамтитын үлкен жұмыс. Осы жоба шеңберінде осынау желілерді жаңғырту жөніндегі іс-шаралар ойластырылып, соның нәтижесінде, Қазақстан Республикасының геодезиялық тұрғыдан қамтамасыз етілуі әлемдік стандарттарға сай биік деңгейге жеткізілмек.
– Ал енді Ұлт Жоспарында координаттардың мемлекеттік жүйесінің мән-маңызы қандай деп білесіз?
– Қазірде Қазақстан Республикасында координаттардың мемлекеттік жүйесі ретінде ескірген СК-42 заң жүзінде белгіленген. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, оның көптеген кемшіліктері бар. Ол кемшіліктерді дәлдіктің аздығы, мәліметтердің жабықтығы, координаттар көздерінің біраз бөлігін (геодезиялық пункттер) жоғалту және басқалар деп тізбелеуге болады. Ең басты олқылығы сол, ол өзінің конструктивті ерекшеліктеріне орай позицияландырудың спутниктік әдістерін пайдалану кезінде жарамсыз.
Олай болса, мемлекеттік спутниктік геодезиялық желіні құру кезінде координаттардың жаңа жүйесін заңнамалық тұрғыдан реттестіріп, бекіту қажет. Бұл жаңа жүйе жер бетіндегі бағдарлаудың дәлдігі жағынан жоғары талапқа сай, позицияландырудың спутниктік әдістерін пайдалануға жарамды, сондай-ақ, әлемдік координаттық жүйелермен тығыз байланысты болуы тиіс. Сонымен, Қазақстан Республикасы координаттарының республикалық жүйесін жасау үшін осы күнгі қолданыстағы WGS-84, ITRS, ПЗ-90.11, ГСК-2011 сияқты әлемдік координаттар жүйелерінің бірін пайдалану көзделіп отыр. Бұл қадамның тиімділігі сонда, ол өзіміздің төл координаттар жүйемізді әзірлеуге уақыт пен ресурстар кетіріп машақаттанбауға мүмкіндік береді.
Координаттардың мемлекеттік жүйесін таңдаған кезде ITRS халықаралық жүйесін пайдалану ұсынылады. Өйткені, бүкіл Жер шары бойынша орналасқан із бағу стансаларынан жиналатын мәліметтер пайдаланылатын болғандықтан, аталмыш жүйе дәлдік жағынан қалған жүйелерден анағұрлым артық. Оның үстіне, бұл жүйе толығынан ашық әрі оның пункттеріндегі өлшемдер мен координаттар мәліметтеріне еркін кіруге болады. Тағы да маңызды жайдың бірі сол, Қазақстанның спутниктік геодезиялық желісінің төл пункттерін ITRS (ITRS-тің нақты іске асуы) құрамына енгізген кезде еліміздің мемлекеттік геодезиялық жүйесі артық әуре-сарсаңсыз бірден халықаралық ITRS жүйесіне интеграцияланып кірігеді. Осы ойымды түйіндей келе тағы бір айтарым, координаттардың бірыңғай біртұтас жүйесін жасамайынша және оған заңнамалық деңгейде мемлекеттік мәртебе бермейінше елде спутниктік геодезиялық желіні құру және Ұлт Жоспарының жоғарыда аталып өткен қадамдарын орындау еш мүмкін емес.
– Батырхан Жағыпарұлы, ал енді кеңістік мәліметтері ұлттық инфрақұрылымының қызметтеріне кіру қалай іске асырылатын болады?
– Әлбетте, ең алдымен, 87, 94, 96 және 100-ші қадамдарда атап көрсетілгендей, КМҰИ геопорталы арқылы. Бұл орайда метамәліметтерді шолып қарау, географиялық ақпараттарды іздеу, оны визуалдау, жүктеу, тарату һәм геосервистерді іздеп табу құралдарына жүгіне отырып ғаламторға кіру нүктелері бізге көмекке келмек. КМИ геопорталы халыққа қызмет көрсету жөніндегі барлық орталықтарды интеграциялайды. Сөйтіп, Қазақстан азаматтары барлық мемлекеттік қызметтерді бір жерден алатын болады.
Геопортал КМИ-ге кіріктірілген мәліметтер мен сервистердің қолжетімділігі мен пайдаланылу жиілігін арттырады. Өзекті ақпаратқа кірудің орталық пункті ретінде КМИ осы орайдағы барша жұмысты үйлестірудің маңызды құралы болып табылады. Мұндағы барлық қатысушылар (кеңістік мәліметтерінің сақтаушылары, жеткізушілері һәм пайдаланушылары) одан КМИ бойынша көкейкесті әрі анық ақпарат таба алады. Мұның сыртында, заңнамалық қағидаттар, ұғымдар жүйелері, техникалық стандарттар, ақпараттық материалдар, форумдар, жаңалықтар баяндары, мониторинг нәтижелері, т.б. осыдан табылмақ. Тұжырымдай айтқанда, өзара сыйысымды кеңістік мәліметтерінің негізінде құрылған республиканың, облыстар мен аудандардың ашық инфрақұрылымы – ұлттық КМИ-дің біріктіруші технология ретіндегі мән-маңызына бүгінгі инновациялар өркениетінде баға жетпейді. Ол қолданыстың бірқатар салаларында электронды үкіметтің аса маңызды құрамдас бөлігі бола отырып, Ұлт Жоспарын іске асырудың, сайып келгенде, қазақстандық арманның пәрменді қозғаушы тетіктерінің біріне айналары да сөзсіз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».