Асыға күткен көктемнің көрікті күні келіп, көңілді тербеген сәттерге ұласты. Олай дейтініміз, елге еңбегі сіңген ана-апаларымыздың, қыз-келіншектердің халқына жасаған жақсылығы аталып, көгілдір мейрам шаттықтан алқызыл гүлге оранды. Солардың қатарында ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәмша Беркімбаеваны да атаған жөн деп ойлаймын. Өйткені, оның өмірі өнегелі, қайсарлық пен күрес жолы. Желтоқсанның зардабын шекті. Қарапайым мұғалімнен бастап Білім және ғылым министрі, Сенат депутаты, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры қызметтерін абыроймен атқарды.
Э.Кант: «Адамгершілік адамның туа біткен мінезінде болу керек», деген екен. Шәмша Көпбайқызының мейірімі жүрек нұрымен көмкеріліп тұрады. Терең білімі, қазақы, ұлтжанды мінезі, ұлттық рухқа толы жігерлі сөзі жан-жағындағыларды еріксіз тез баурап алады. Сенатор қызметінде жүргенінде келіп түскен хат, өтініш, шағымдарға міндетті түрде жауап береді және бар ниетімен көмектесуге тырысып, тиісті органға жолдап, анық-қанығын сұрап, арызданушыны хабардар етіп отырады. Сол кезеңдегі айтарлықтай атқарған істерінің бірі – Парламент жұмысын мемлекеттік тілде жүргізуге көшудің бірден-бір бастамашысы болды. Бірте-бірте бұл үрдіс қалыптасты. Барлық депутаттар мемлекеттік тілде сұрақтар қойып, депутаттық сауалдар жасай бастады.
Ұлтжандылық – ұлы қасиет. Әрине, бір сөзбен айтсақ, ұлтжандылық қара бастың қамын ұлттық мүддеге бағындыру, ұлт үшін қабырғасы қайысу, ағынан жарылу, өз ұлтының шыққан тауы биік болсын деп, мәртебесі озсын деп жеңісіне сүйсіну. Ұлт намысын жүрегінде маздатып жандырмай, азамат тәрбиелеу мүмкін емес. Білім және ғылым министрі қызметінде бірінші болып қазақ балалары оқитын ауыл мектебінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын, оқу сапасын көтерді, мұғалімдердің білім дәрежесіне алаңдаушылық тудырып, ұлтымыздың рухани кемелденуі үшін қаржы бөлдіріп, біршама игі шараларды іске асыруға мұрындық болды.
Ауыл мектептерінде қызмет етіп жүрген мұғалімдер сол жердің рухани тірегі болғандықтан, мектеп мұғалімдерінің білім сапасының көтерілуіне ерекше ден қойды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін ауыл мұғалімдерінің 18,4 пайызы сол кезде басқа мамандық иелері екен. Осыған байланысты кадр мәселесі де бірте-бірте министрлік тарапынан қадағаланып шешілген еді. Ол министрлікті басқарып отырған кезінде оқулықтардың саны мен сапасын арттыру жұмысы ұдайы жүргізіліп отырды. Қай бастамаға болмасын терең оймен қарайтын Шәмша Көпбайқызы реформа жасау мәселесінде де ұстамдылық танытып, жұрттың көңіл-күйін назарынан тыс қалдырмай, мектепті 12 жылдық оқытуға көшіру үшін жақсы дайындық керек екенін айтқан болатын. Мәселе, міндетті түрде реформа жүргізу емес, әр кезеңнің өзінің алға қойған міндеттері болады, бүгінгі күннің міндеті оқу сапасын арттыру деп, мектеп ғимараттарын жөндеуге, жабдықтауға, жаңалауға кірісті. Соның нәтижесінде ауыл мектептеріне көбірек көңіл бөлініп, жаңа техникамен жабдықталып, жабылып қалған интернаттар қайта ашылып, мектептерде мұражайлар жұмыс істей бастады.
Қазақ мектебін бітірген балаларға мемлекеттік білім грантының үлесін арттырды, сөйтіп, мемлекеттік деңгейде қазақ мектептеріне көңіл бұруға қол жеткізді. Қазақ тілін барлық мектептерде оқытуды міндеттеуге үлес қосты. Шәмша Көпбайқызы ректор болған тұста Қыздар педагогикалық институтының деңгейі бір сатыға көтеріліп университет атанды. Ол оқу процесіне жетекшілік етумен қатар, әкімшілік-шаруашылық жұмыстарының, тәлім-тәрбие істерінің жаңаша жаңғыруына атсалысты. Сол кезде де ауыл мектебінен келген жастарды университетке көбірек тартты.
Ол білімді жастарды имандылыққа тәрбиелеу, университетті бүгінгі күн талабына сай материалдық және рухани игіліктермен қамтамасыз етуді көздеді. Әсіресе, қаракөз қыздарымыздың өнегелі тәрбие алуына күш-жігерін жұмсап, оларға 9 қабатты 450 орындық «Студенттер үйін» салдыруы игі істерінің бірі болды. Жастардың білімін жетілдіріп отыруға жетелейтін атаулы стипендияларды (Президенттік, әл-Фараби, Ы.Алтынсарин, К.Байсейітова, А.Затаевич, С.Исаев, З.Ахметов) үздік студенттерге бөліп, мәртебелерін көтерді. Бүгінгі күні еңбегі ел қазынасына айналып, осы ұстаздық жұмысы үлгі болып отыр.
Сондықтан да жақсы адамдардың абыройлы істерін жастар білуге тиіс деп ойлаймын. Зейнеткерлік демалыста жүрсе де, Ш.Беркімбаева ұлт тәрбиесін қаперде ұстайды. Қоғамдық ойды қозғайтын мақалалар жазып тұрады. Шәмша Көпбайқызы «Егемен Қазақстанда» жарияланған революцияға дейінгі қазақ мектептерінің ахуалы мен бүгінгі тәуелсіздік тұсындағы мектептердің жай-күйі, ұстаздардың біліктілігін арттыру ісіндегі жаңашыл ізденістер туралы толғақты ойтұмар ойымен оқырмандармен орынды бөліскен болатын.
Қазақтың біртуар қызы, атақты ақын Фариза Оңғарсынова Шәмша Көпбайқызын осындай қасиеттері үшін жақсы көретін, сыйлайтын, құрмет көрсететін. «Қыз-ғұмыр шынарым-ай, Халқымның шырағындай», – деп жазып еді Фариза апай. Ақынның сол сөзі жүрегінен шыққаны анық. Шәмша Беркімбаева – дара мінезді, жүрек шырағы қазақ деп соққан санаулы қыздарымыздың бірі, бірегейі.
Баян ОЛЖАБАЕВА,
заңгер.
АСТАНА.