...Ол үнемі бірінші болуға ұмтылды. Мектепте сабағын жақсы оқумен қатар қоғамдық жұмыстардың да бел ортасынан табылатын Қазбек ешкімге «бұл қолымнан келмейді немесе уақытым жоқ» деп көрмеген жан. Еріншектік, жалқаулық, яки бүгінгі атқарылар шаруаны ертеңге қалдыру оның табиғатына мүлдем жат.
Ақтөбе медициналық институтында оқып жүрген кездері әрдайым алға ұмтылумен ұстаздарының да ілтипатына бөленген студенттің бірі емес бірегейі болған Қазбек алғашқы еңбек жолын 1995 жылы Қызылорда облысының Шиелі аудандық ауруханасында бастайды. Шамалы уақыттың ішінде өз ісіне аса мұқият, жауапкершілік жүгін жан-тәнімен сезіне білетін, талапты жас маман, реанимация бөлімінің дәрігер анестезиолог-реаниматологына әріптестері үлкен сенім артып, 1996 жылы Шиелі аудандық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы міндетін жүктейді. «Дәрігер еңбегінің өтеуі ең бірінші кезекте, сырқаттың сауыққаны, оның тез арада оңалғаны ғой. Кез келген дәрігер үшін одан артық баға жоқ», дейді әңгіме барысында білікті маман Қазбек Шәукебаев. «Ауру адамға көрсеткен көмегіңнің, жасаған еміңнің сәтті болып шыққанын сезіну өзіңе деген сенімді арттыра түсетін, қосымша қуат сыйлайтын адреналин іспетті. Қолданар емің нәтижелі болған сайын дәрігерлік тәжірибең де ұлғая түспек. Мұның бәрі айналып келгенде дәрігердің беделінің артуына әсер ететін, оның ауруды аяғынан тік тұрғызғанша түн ұйқысын төрт бөліп, тыным таппаған еңбегінің нақты нәтижесінің оң көрінісі», дейді ол.
Ол медицина саласындағы соңғы жаңалықтарды дер мезгілінде игермейінше, сырқаттарға сапалы қызмет көрсету жоғары деңгейде болмайтынын жете ұғынғандықтан, өзін-өзі жетілдірумен тынбай жұмыс жүргізуді әсте естен шығарған емес. Соған орай 2000 жылы Алматы қаласында көшпелі оқу циклы «Диагностика Оберон», медициналық менеджмент тақырыбы бойынша білімін жетілдірген Қазбек Алтынбекұлы қосымша жеке кәсіпті игеруді қолға алып, диагностикалық кабинет ашып, зерттеу жұмыстарын жүргізумен айналысады. Дәрігер ретінде әлемдік медицинадағы жылт еткен жағымды жаңалықты қалт жібермей, үнемі ізденістегі білімді де білікті маман әр жылдары «Кенбасқармасы №6» ЖАҚ медико-санитарлық бөлімі филиалының бас дәрігері, «Кен басқармасы №6» ЖШС медико-санитарлық бөлімі филиалының бас дәрігері, Қазатомөнеркәсіп «Демеу-Шиелі» медико-санитарлық бөлімі филиалының бас дәрігері қызметтерін атқарса, қазіргі таңда Шиелі аудандық ауруханасының бас дәрігері.
Соңғы жылдары медицина саласындағы реформаларға сай ұйымдастыру жұмыстарын оңтайлы үйлестіре білуімен әріптестері арасында ерекшеленген маманның бірі де Қазбек Шәукебаев болды десек еш артық айтқандық емес. Реформаның өзін уақыт ұсынады деп есептейтін Қазбек Алтынбекұлы инновациялық технологияларды қолданысқа енгізіп, іске асыру сол саланың алға жылжуына, істің нәтижелі боларына бірден бір сеп деп біледі.
«Медицина саласындағы реформалар біртіндеп, кезегімен жүйелі түрде іске асырылуда. Әрине бірден бәрін іліп әкету оңай емес. Қазіргі таңда еліміздің медицина саласында қолға алынған реформалар кезінде өркениетті елдерде сыннан өткен, сынаққа төтеп берген әлемдік медицинна саласындағы жұмыс істеудің ыңғайлы да оңтайлы әдіс-тәсілдері. Реформаның өзі уақыт талабына сай жүзеге асатын игілікті істің бірі. Оның тиімділігі де өз нәтижесін беруде. Мысалы, бір кездері отандастарымыз күрделі отаны ірі қалаларға барып жасататын болса, ал қазіргі таңда күрделі оталар тек облыс орталықтарында ғана емес, сондай-ақ, соңғы үлгідегі медициналық құрылғылармен жарақтандырылған Шиелі аудандық ауруханасы сынды емдеу орындарында да жасалатын болды», деген Қазбек Алтынбекұлы бүгінгі отандық медицинадағы жаңалықтарға қатысты ойымен де бөлісті. «Біздің ауруханада бірінші медициналық көмек көрсету өте жақсы жолға қойылған. Ауыр сырқаттар түскен кезде телемедицина арқылы облыстағы мамандармен байланысқа шығып, хабарласып, сырқатқа қажетті көмекті дер мезгілінде алуға мүмкіндік бар. Мамандар қарап, кеңес береді. Мұның бәрі медицинадағы реформалардың, инновациялық технологиялардың оң нәтижесін бергенінің нақты дәлелі болса керек», дейді ол.
Қазбек – істің адамы. Көпсөзділікті ұнатпайды. Әріптесі Сәулет Рәшбайұлының айтуынша, ауруханаға алынған жаңа технологияларды дәрігерлер қалай пайдаланып жатыр, оны тиімді қолданудың әдіс-тәсілдерін жетік меңгере алды ма, міне, мәселенің осы жағына айрықша мән беретін басшы өз мамандарының да біліктілігін жетілдіруін қатаң талап етеді екен.
– Басқа ауруханаларды көріп, салыстырып, соңғы жаңалықтарды қабылдауға ұмтылатын Қазбек Алтынбекұлы өзі басшылық жасайтын емдеу орнын жоғары деңгейде ұстауға тырысады. Соның нәтижесінде соңғы жылдары Шиелі аудандық ауруханасында ота жасаудың көбі аппаратпен, яки лапороскопиялық әдіспен жасалуда. Бұл әдісті облыс көлемінде бірінші болып енгізген де жақсы жаңалыққа жаны құмар, білікті дәрігер Қазбек Алтынбекұлы», – дейді Сәулет Рәшбайұлы.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Сала қызметкерлері арасында «2015 жылдың үздік жетекшісі» атанған ол мұндай құрметке ерінбей еткен еңбек пен тынымсыз ізденісінің арқасында жеткені анық.
Қызылорда облысы.