• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Наурыз, 2016

Елбасы Павлодарда республикалық еңбек ұжымдары форумына қатысты

192 рет
көрсетілді

АСТАНА. 17 наурыз. Елбасы Павлодар облысына жұмыс сапары барысында республикалық еңбек ұжымдары форумына қатысты. Бұл туралы akorda.kz хабарлады. Іс-шараға Қазақстанның 10 облысының 50 еңбек ұжымынан 4 мыңнан аса адам қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде жұмысшы мамандығын иеленген адамдардың елді дамытудағы елеулі рөлін атап өтті. «Бүгін мұнда еліміздің және облыстардың ең үздік еңбек ұжымдарының өкілдері жиналды. Бұлар – шахтерлар, металлургтер, машинистер, теміржолшылар, мұнайшылар, жұмысшы мамандығының барлық өкілдері. Сіздердің еңбектеріңіз арқылы металлургиялық балқыту пешінде, кен орындары мен шахталарда, зауыттарда, автокөлік жолдары мен теміржолдарда отандық экономика дамып жатыр. Мен жұмысшы мамандығының қандай екенін жақсы білемін. Біз Қазақстанда жалпыға ортақ еңбек қоғамын жарияладық, «Еңбек даңқы» арнаулы орденін тағайындадық. Оның алғашқы лауреаттары осы залда отыр. Ең мықты валюта – адам еңбегі», – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті әлемдік экономикадағы қиын жағдайға қарамастан, Қазақстан экономика өсімінің қарқынын сақтап, ел азаматтарына әлеуметтік кепілдіктер ұсынып отырғанына назар аударды. «Қазір әлемдік нарықтар құлдырау үстінде. Көптеген әлемдік компаниялар өндірісті, қызметкерлерді қысқартуға мәжбүр, әлеуметтік шығыстар мен әлеуметтік кепілдіктер көлемі азаюда. Жұмыссыздық өсіп келеді. Осының бәрі – жаһандық экономикалық дағдарыстың салдары. Біздің Қазақстан кәсіпорындары да күрделі жағдайға тап болды. Қазақстандық тауардың басым көпшілігінің, соның ішінде шикізат, мұнай, металл және өнеркәсіп өнімдерінің бағасы төмендеп кетті. Бүгінде индустрияландыру және «Нұрлы жол» бағдарламаларын жүзеге асыру арқылы баламалы экономика құруды бастауымыздың арқасында бізде өнеркәсіп өнімдерінің нақты көлемі қысқарған жоқ. Әлеуметтік міндеттемелерді толық орындап отырмыз, өйткені Қазақстан осындай қиындықтарды еңсеру үшін берекелі жылдары қор жинады», – деді Елбасы. Қазақстан Президенті кәсіпорындар мен өндірістерде жұмыс орындарын сақтаудың маңыздылығын да айрықша атап өтті. «Сондықтан барлық өңірде әкімдіктер мен жетекші кәсіпорындар арасында жұмыс орындарын сақтау, жұмыс берушілердің жергілікті қайта оқыту бағдарламаларына қатысуы туралы меморандумдарға қол қойылды. Осындай күрделі жаһандық дағдарыс ахуалында біздің мемлекет жоғары әлеуметтік жауапкершіліктің, еңбек адамына деген қамқорлықтың үлгісін көрсетіп отыр. 1 қаңтардан бастап біздер әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбекақыларын, студенттердің стипендиясын, әлеуметтік төлемдерді көбейттік. Бүгінде бірде-бір ел бұлай істеп отырған жоқ. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында әлеуметтік кепілдік шаралары ұсынылды, жаңа еңбек кодексі қабылданды, кәсіподақтар рөлі күшейтілді. Келер жылдан бастап баршаға арналған тегін кәсіптік білім беру жөніндегі жаңа жоба іске қосылады. Соның арқасында миллиондаған қарапайым Қазақстан азаматы өмірге еңбек жолдамасын алады. Бұл – мемлекет тарапынан жастарға жасалған зор қолдау. Қарапайым адамдардың күнделікті қажеттіліктері, жаңа жұмыс орындары, лайықты еңбекақы, құқық тәртібі мен елдегі тұрақтылық – біздің дағдарысқа қарсы саясатымыздың басты назарында», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы елді инфрақұрылымдық дамытудың алдағы жоспарына тоқталды. «Биыл менің тапсырмам бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасын» жүзеге асыруға айтарлықтай қаражат бөлінді, бұл шамамен 60 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, 18 мыңнан кем емес жұмыс орны ашылады, 1 мыңға тарта инфрақұрылымдық жоба іске асырылады. Біз индустриялық даму бағдарламасын да жалғастырамыз. Түсті металлургия, мұнай-газ, энергетика секторы, өңдеуші өнеркәсіп сияқты негізгі салалар қуатты серпін алатын болады», – деді Қазақстан Президенті. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның индустриялық дамуындағы Павлодар облысының рөлін атап өтті. «Біздің жоспарларымыз нақты шындыққа айналып жатқанын осы жерден көруге болады. Облыс сыртқы инвестициялар көлемінен алғашқы бестікке кіреді, мұнда 182 миллиард теңге инвестиция тартылған. Металлургия, химия және жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс көлемі өсіп келеді, жергілікті кәсіпорындар жаңа өнім түрін шығаруды игеруде. Мыс кенін өндіру басталды, бұл тау-кен саласындағы өсімді үш есе арттырды. Жалпы, өнім экспортының көлемі 100 миллиард теңгеден асты. Индустрияландырудың осы бес жылдығында қазірдің өзінде 5 жаңа өнеркәсіптік нысан іске қосылды. Индустрияландыру картасы бойынша инвестициялар көлемі 800 миллиард теңге болатын 20-дан астам жоба жүзеге асырылуда. Осының бәрі – жаңа жұмыс орындары, экономика өсімін қамтамасыз ететін жаңа өндірістік қуаттар», – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті өңір халқын әлеуметтік қолдау мәселелеріне мемлекет зор көңіл бөліп отырғанына назар аударды. «Облыс тұрғындары үшін 20 әлеуметтік сала нысаны салынды, перинаталдық орталықтың жаңа заманауи корпусы, 7 дәрігерлік амбулатория ашылды, 5 мектеп салынды, соның 4-еуі ауылдық жерде. Сіздердің өңірлеріңіз – балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 процент қамтып отырған бірден-бір аймақ», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Соңында Мемлекет басшысы алда келе жатқан Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу мәселесіне назар аударып, барлық отандастарға тұтастық пен бірлік үшін ризашылық білдірді. «Өткен ширек ғасыр Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасу кезеңі болды. Біз елімізді танымал және беделді елге айналдырдық. Осының бәріне біз өзара сеніміміздің, тұтастығымыздың, бауырластық пен достығымыздың арқасында қол жеткіздік. Көптеген елдерде қасіретті оқиғалар орын алып жатқан кезде бұл өте маңызды. Жетекші мемлекеттер арасындағы текетірес өршіп тұр, қақтығыстар басылар емес, соғыс жүріп, адамдар қаза болып жатыр. Жүз мыңдаған босқындар өз үйлерін, жиған дүние-мүлкін, Отанын тастап, баспана мен көмек сұрауға мәжбүр болуда. Ал Қазақстанда татулық пен келісім салтанат құрып отыр. Сол үшін барлық буынның өкілдеріне, барлық ұлттан шыққан азаматтарымызға айрықша алғыс айтамын», – деді Мемлекет басшысы. Соңында Қазақстан Президенті елдің барлық азаматтарына денсаулық, табыс және бақ-береке тіледі. Форум барысында Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл облыстарының еңбек ұжымдары өкілдері сөз сөйлеп, Нұрсұлтан Назарбаевқа қарапайым еңбеккерлердің мүддесіне ұдайы көңіл бөліп отыратыны үшін алғыстарын білдірді. Іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Еламан Қоңыр. Дерек, сурет: akorda.kz.