Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Павлодар өңіріне жұмыс сапары кеше әрі қарай жалғасты. Елбасы аймақта болуының екінші күні облыс орталығында ұйымдастырылған еңбек ұжымдарының республикалық форумына қатысты. Іс-шараға атсалысуға Қазақстанның 10 өңірінің 50 еңбек ұжымынан 4 мыңнан астам адам келді.
Қоғам дамуының да, адамзат өркениетінің де өзегі өнімді еңбек екені белгілі. Ендеше, әлемнің әміршісі – еңбек. Ал жеке адамның өмірінің алтын арқауы осы маңдай тер, табан ақы, адал еңбекпен өрілетіні анық. Тек еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбек қана бар қиындықты жеңбек. Осындай ойды ұран еткен форумда Елбасы сөз сөйледі.
Құрметті қазақстандықтар, құрметті павлодарлықтар, бүгін мынадай зәулім мұз сарайына күллі еліміздің экономикасының тірегі саналатын еңбек ұжымдарының өкілдері жиналып отыр. Сіздер алып өндірістердің тізгінін ұстаған ерен еңбектің иелерісіздер, деп бастады сөзін Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Табыстың басты кілті еңбек, дейді дана халқымыз. Сол себепті біздің Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамымыздың ең қадірлі тұлғасы еңбек адамы болып табылады. Ертіс бойы – еліміздің ең қуатты индустриялық аймақтарының бірі. Қазақстан бойынша бүкіл көмірдің 70 пайызын, ферроқорытпаның 75 пайызын Павлодар облысы береді. Электр энергиясын өндіру мен мұнай өңдеудің 40 пайызы сіздердің еншілеріңізде. Өңірде машина жасау, металлургия, жеңіл және тамақ өнеркәсібі қарқынды дамып келеді. Соның арқасында шағын және орта бизнестің өрісі кеңейіп, өркендей түсті. Ел экономикасының өзегі болған ірі кәсіпорындардың біразы осында.
Елбасы келесі кезекте ерке Ертіс бойының еңбеккерлері қашанда зор табыстарымен ерекшеленетінін атап көрсетті. Сол себепті, еңбек ұжымдарының республикалық форумы осында өтіп отыр, деді Президент. Өйткені, іс адамының, бизнестің дамыған орталығы, үлкен өндіріс осында. Ертістің бойы индустрияландырылған Қазақстанның белсенді өлкесі болып саналады. Баршаңызды бүгінгі мерекелеріңізбен құттықтаймын!
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқын алдағы келе жатқан Наурыз мейрамымен де құттықтап өтті. Бүгін осы жерде облыс және бүкіл еліміздегі еңбек ұжымдарының үздік өкілдері жиналып отыр. Бұл – шахтерлер, металлургтер, теміржолшылар, мұнайшылар, өзге де жұмысшы кәсіп өкілдері. Сіздер өз қолдарыңызбен металлургиялық пештерде, кеніштер мен шахталарда, зауыттарда, автомобиль және темір жолдарда біздің отандық экономиканы қалыптастырасыздар. Мен жұмысшы болудың не екенін жақсы білемін. Біз Қазақстанда Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру жөнінде міндет жүктедік, арнайы «Еңбек Даңқы» орденін тағайындадық, оның алғашқы лауреаттары осы залда отыр. Ең тұрақты валюта – адам еңбегі, деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті әлемдегі күрделі экономикалық ахуал кезінде де Қазақстан экономиканың даму деңгейін сақтай отырып, ел азаматтарына әлеуметтік кепілдіктерді ұсына алғанына назар аудартты. Қазір әлемдік нарық күрделі кезеңді басынан өткеріп отыр. Көптеген әлемдік компаниялар өндіріс көлемін азайтып, жұмысшыларын қысқартуға мәжбүр. Әлеуметтік шығындар азайып, жұмыссыздық көбейіп келеді. Мұның барлығы – жаһандық экономикалық дағдарыстың өтемі. Мұндай қиындықтармен біздің де өндіріс ошақтары кездесіп отыр. Қазақстан экспортқа шығаратын тауарлардың көбісінің бағасы арзандады, атап айтқанда, мұнай, металл, өндіріс өнімдерінің бірнеше түрі. Біз балама экономика құруды бастап, индустрияландыру және «Нұрлы Жол» бағдарламаларын жүзеге асыра бастағанның арқасында өндіріс өнеркәсіптердегі өнім өндіру деңгейі айтарлықтай төмендеген жоқ. Қазақстан бұған дейінгі уақыттарда қор жинап алғанның арқасында, қиындықтарға тап келмей, әлеуметтік міндеттемелерді толықтай өтей алып отыр, деді Президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы халықты жұмыспен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап айтты. Барлық аймақта әкімдіктер мен жетекші кәсіпорындар арасында жұмыс орындарын сақтап қалу, жұмыс берушілердің жергілікті қайта оқыту бағдарламаларына қатысу туралы меморандумдарға қол қойылды. Жаһандық дағдарыстың күрделі кезеңінде біздің мемлекетіміз жоғары әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсетеді. 1 қаңтардан бастап, біз әлеуметтік сала жұмысшыларының еңбекақысын, студенттер стипендиясын, әлеуметтік төлемдерді көбейттік. Қазіргі уақытта мұны әлемнің бірде-бір елі жасап отырған жоқ. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында әлеуметтік кепілдемелерді қамтамасыз етудің алдағы уақыттағы шаралары ұсынылған және жаңа Еңбек кодексі қабылданып, кәсіподақтардың рөлі күшейтілді. Келесі жылдан бастап, тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасы басталады. Соның арқасында миллиондаған қарапайым қазақстандық еңбекке жолдама алады. Бұл – мемлекет тарапынан жастарға көрсетіліп отырған үлкен жәрдем. Қарапайым адамдардың күнделікті тұтынатын қажеттіліктері мен жаңа жұмыс орындары, лайықты еңбекақы, тұрақтылық пен заң тәртібі – біздің дағдарысқа қарсы саясатымыздың басты назарында, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы елдің инфрақұрылымдық дамуы бойынша алдағы жоспарларға да тоқталды. Менің тапсырмам бойынша, биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасын» іске асыруға елеулі қаражат бөлінді, бұл 60 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 18 мыңдай жұмыс орны құрылып, 1 мыңға жуық инфрақұрылымдық жобалар іске асырылады. Біз индустриялық даму бағдарламасын да жалғастырамыз. Мұнай-газ, түсті металлургия, энергетикалық сектор, өңдеуші өнеркәсіп сияқты базалық секторларға баса мән беріледі, деді Қазақстан Президенті.
Бұдан басқа, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның индустриялық дамуындағы Павлодар облысының рөлін атап өтті. Мұнда басы-қасында жүріп, жоспарымыз қалай іске асып жатқанын көруге болады. Облыс сыртқы инвестиция көлемі бойынша бірінші бестікке кіреді, 182 млрд. теңге тартылды. Металлургия, химия және жеңіл өнеркәсіп өндірісі артуда, жергілікті кәсіпорындар өнімнің жаңа түрлерін шығаруды игеруде. Жез кенін өндіре бастадық. Бұл тау-кен саласын үш есеге арттыруға мүмкіндік берді. Тұтастай өнімнің экспорт көлемі 100 млрд. теңгеден асты. Индустрияландырудың осы бесжылдығы барысында 5 жаңа өнеркәсіп нысаны іске қосылды. Индустрияландыру картасының 20-дан астам жобасы іске асырылуда, ондағы инвестиция көлемі 800 млрд. теңгені құрайды. Мұның барлығы – экономика өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа жұмыс орны, жаңа өндірістік қуат, деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті мемлекет өңір халқын әлеуметтік қолдау мәселелеріне баса назар аударып отырғандығын да атап өтті. Облыс тұрғындары үшін 20 әлеуметтік нысан салынды, перинаталдық орталықтың жаңа заманауи ғимараты, 7 дәрігерлік амбулатория ашылды. 5 мектеп, оның ішінде 4-еуі ауылдық жерде салынды. Павлодар – балаларды мектепке дейінгі мекемемен 100 пайыз қамтамасыз еткен бірден-бір өңір, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы бұл өңірге үнемі қуанышпен келетінін айтып өтті. Мұнда өмірдің қызу қайнап жатқанын және біздің жоспарлардың қалай жүзеге асырылып жатқанын өз көзіңмен көруге болады. Оған аймақтағы экономикалық көрсеткіштер дәлел.
Сөз арасында Мемлекет басшысы алда келе жатқан Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу мәселесіне назар аударып, барлық отандастарға тұтастық пен бірлік үшін ризашылық білдірді. Өткен ширек ғасыр Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасу кезеңі болды. Біз елімізді танымал және беделді елге айналдырдық. Осының бәріне өзара сеніміміздің, тұтастығымыздың, бауырластық пен достығымыздың арқасында қол жеткіздік. Көптеген елдерде қасіретті оқиғалар орын алып жатқан кезде бұл өте маңызды. Жетекші мемлекеттер арасындағы текетірес өршіп тұр, қақтығыстар басылар емес, соғыс жүріп, адамдар қаза болып жатыр. Жүз мыңдаған босқын өз үйлерін, жиған дүние-мүлкін, отанын тастап, баспана мен көмек сұрауға мәжбүр болуда. Ал Қазақстанда татулық пен келісім салтанат құрып отыр. Сол үшін барлық буынның өкілдеріне, барлық ұлттан шыққан азаматтарымызға айрықша алғыс айтамын, деді Мемлекет басшысы. Соңында Қазақстан Президенті елдің барлық азаматтарына денсаулық, табыс және бақ-береке тіледі.
Форумға республиканың түкпір-түкпірінен 50 кәсіпорынның еңбеккерлері жиналғанын жоғарыда айтқан болатынбыз. Қатысушылардың жалпы саны 4 мыңнан астам екені де мәлім. Форумда бірқатар еңбекші сөз алып, Елбасына алғыстарын білдірді. Елдің тұрақтылығы мен тыныштығына тәубе десіп, еңбек адамдарына деген зор құрметі үшін рахмет айтты. Сөз сөйлегендердің ішінде павлодарлық «Еңбек Даңқы» орденінің иегері Мұратқан Қайырбаев та бар. Ол өз сөзінде ұжымдастарының сәлемін жеткізді. Мен жұмыс істейтін электр стансасында мыңнан астам адам бар. Менің еңбегіме берілген марапат – сол жұмысшылардың барлығына берілген марапат. Өмір бойы еңбек адамының жағдайын ойлап келген Сізге біз сенеміз. Біздің байлығымыз бірлікте. Жолымыз жасампаздық, таңдауымыз тұрақтылық, деді ол.
Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысынан «Казцинк» ЖШС-нің жұмысшысы Евгений Боровиков, Қарағанды облысынан «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шахтері Марал Жамбейісов, Қостанай облысынан «Соколов-Сарыбай» АҚ жұмысшысы Татьяна Полуяктова да өз сөздерінде осы ойды жалғастырып, еңбек адамдарына деген құрметті зор бағалады, алғыстарын жаудырды. Жамбыл облысынан келген «Қазфосфат» ЖШС жұмысшысы Александр Пягайдың сөзі, тіпті, тартымды шықты. Ұлты корей болса да таза қазақ тілінде жатық сөйлеген ол сөзінің соңын жалынды өлең жолдарымен түйіндеді. Біздің отбасында барлығы жұмысшы мамандығын таңдаған. Өзім де 13 жылдан бері «Қазфосфатта» жұмыс істеймін. Менің ұлтым корей болғанымен, жүрегім қазақ деп соғады, деді ол елжандылық рухпен.
Форум соңы республикаға танымал эстрада өнерпаздарының ән-шашуына жалғасты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев форумнан шыққан соң Павлодардағы «Greenwich» гипермаркетіне барды. Елбасы гипермаркеттің сауда залдарын аралап, онда қойылған отандық тауарларды, соның ішінде, бөлшек сауда кәсіпорны аумағында өндірілетін өнімдерді көрді. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевқа өндірісте қолданылатын технологиялар мен кәсіпорынның одан әрі дамуы жөнінде баяндалды. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті жергілікті тамақ өнімдерін өндірушілермен және облыстың шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті. Әңгіме барысында Мемлекет басшысы отандық өндірісті қолдау және Қазақстан тауарларының халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін мемлекет күш-жігер жұмсап отырғанын атап өтті.
«Рубиком» ЖШС гипермаркеті өңірде 2013 жылы ашылған болатын. Онда сатылатын азық-түліктің негізгі бөлігі отандық өнімдер, оның ішінде, жергілікті, павлодарлық кәсіпкерлердің өнімдері. Мәселен, гипермаркетте 250-ден аса компанияның өнімі қойылған, соның 137-сі – қазақстандық өндірушілер болса, 45-і Павлодар қаласы мен облысының компаниялары. Гипермаркеттегі отандық өнімдердің үлесі барлық тауар ассортиментінің 60 пайызын құрайды.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.