Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауы – заманауи сын-қатерлерге жауап
«Независимая газетаның» таяу шет мемлекеттер саясаты бөлімінің шолушысы Виктория Панфилованың мақаласы жарыққа шыққан болатын. Төменде соның сәл ықшамдалған нұсқасы жарияланып отыр.
20 наурызда Қазақстанда бір мезгілде Парламенттің төменгі палатасы – Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлаулары өтеді. Президенттің басшылығындағы «Нұр Отан» партиясының жеңісі болжанатынына қарамастан, сарапшылар елдің саясат алаңында өзгерістер күтілетінін де айтып отыр.
Мәжіліс сайлауы кезектен тыс өткізіліп отырғаны белгілі. Үкімет реформаларды күрделі экономикалық жағдайларда жалғастыру қажеттігімен бетпе-бет келді. Ал бұл халықтың сенім мандатын иеленуді талап етеді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев электоратты сайлауда белсенділік танытуға, яғни елдің бірлігін айғақтауға шақырды. «Барлық азаматтардың сайлауға келіп, тұрақтылықтың, бірлік пен жасампаздықтың бағытын жалғастыруға дауыс бергендері өте маңызды. Баршамыз «Нұр Отан» саяси партиясының қызметі нақ осыған бағытталғанын жақсы білеміз», – деп мәлімдеді Оралда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық форумында сөйлеген сөзінде Н.Назарбаев.
«Нұр Отан» партиясынан басқа Парламент сайлауына тағы бес партия – «Ақ жол», «Ауыл», «Бірлік», сондай-ақ, Қазақстанның Коммунистік халық партиясы (ҚКХП) және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) қатысады. Мәжіліске барлығы 107 депутат сайланатын болады. Олардың 98-і мандатты партиялық тізім бойынша алса, 9 депутатты Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды.
«Бесінші шақырылымдағы Парламент өз міндетін орындады. Кезектен тыс сайлау күрделі экономикалық трансформациялар жүргізу қажеттігіне байланысты керек болып отыр», – деді «НГ»-ға Ресей ғылым академиясы Экономика институтының ғылыми қызметкері Александр Караваев. Бірінші, оның пікірінше, Парламенттің міндеті жергілікті бюджеттерге толықтай ревизия жүргізу болып табылады. «Бұл үстіміздегі жылдың сәуір-тамыз айлары аралығында, 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджетті қайта қарау барысында жүзеге асады. Барлық бюджет шығындары тиімсіз шығындарды алып тастау жолымен оңтайландырылатын болады деп ой түюге негіз бар», – дейді сарапшы. Оның сөзіне қарағанда, сайлау өте салысымен Бюджет кодексіне толықтырулар енгізіледі.
«Трансформациялардың перспективалары әлі де толық анық емес екені есепке алына отырып, саяси элитаның құрамы бойынша кең көлемді орын алмастырылулардан бас тартқан жөн деп шешілді», – деп санайды А.Караваев.
Мәжілістің жаңа құрамында орындардың көпшілігі «Нұр Отанға» тиетініне ешкім де күмәнданбайды. Дегенмен, «НГ»-ға Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты Сараптама орталығының директоры Андрей Казанцев атап өткендей, Парламенттің жеке құрамы бұрынғы күйінде қалатын болады. «Қазақстан саяси және әкімшілік элитаны жастармен жаңарту қарқыны бойынша посткеңестік кеңістікте ұзақ уақыттан бері көш бастап келеді. Бұл Президент Н.Назарбаев стратегиясының бір бөлігі болып табылады. Аталаған стратегия «Болашақ» бағдарламасы аясында жүзеге асырылу үстінде. Президенттің үлкен күш-жігер жұмсауымен шетелдерде, оның ішінде тек Батыста ғана емес, сондай-ақ, Ресейде де жақсы білім алған жастар әкімшілік аппарат пен барлық деңгейдегі саяси қызметке белсенді кірісіп кетті. Биліктегі «Нұр Отанның» партиялық тізімінде бұрынғы депутаттардың әрі кеткенде 25 пайызы ғана қалды. Соңғы шақырылған Парламентте өкілдік еткен «Ақ жол» мен ҚКХП-дағы жағдай да осындай», – дейді А.Казанцев.
Сарапшының пікірінше, Қазақстандағы саяси элитаны шартты түрде үш буынға бөлуге болады. Бірінші буын «ақсақалдар» (Қазақстанда оларды агашкалар деп атайды) – бұлар кеңестік кезеңнен шыққан саяси қайраткерлер, посткеңестік Қазақстанды құрушылар. Олар өздерінің егде тартуларына байланысты биліктен бірте-бірте кетіп жатыр. Екінші буын – «әкелерді» 90-шы жылдары бой көрсеткен табысты бизнесмендер мен талантты экономистер құрайды деп айтуға болады. Бұған мысал ретінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовті, іс басындағы көптеген министрлер мен әкімдерді және ұлттық компаниялардың басшыларын келтіруге болады. Бүгінде олардың өкшесін үшінші буын – «балалар» басып келеді. Олар – тамаша шетелдік білімдері бар, бірақ жұмыс өтілдері өте аз жастар. Қазақстандық билік транзитінің ерекшелігі оның бірте-бірте «аталардан» «немерелерге» беріле бастауы болуы ықтимал. «Әкелер» мен азайып бара жатқан «аталар» буыны «Болашақ» тәлімгерлерінің, өмірлік тәжірибелері аздығы салдарынан, қандай да бір қателіктер жіберіп қоймауының гаранттары болады. Бұл үшін республикада былтыр Н.Назарбаев айтқан конституциялық реформалар жүргізілуі тиіс. Ол республиканы президенттіктен президенттік-парламенттік республикаға қайта құруға көмектеседі.
Ресей ғылым академиясы Солтүстік Осетия гуманитарлық және әлеуметтік зерттеулер институтының ғылыми қызметкері, саясаттану ғылымдарының докторы Юлия Усованың пайымынша, «жаңа заң шығарушы органның құрамы бәрінен бұрын ішкі элиталық құрылымның Қазақстанның саяси жүйесін жаңғырту міндеттерін шешуге қаншалықты қабілетті екенін көрсететін болады».
«Парламенттегі саяси партиялардың рөлін күшейту плюралистік бәсекелестік тетігін белсенділендіруге мүмкіндік беріп, саяси жүйені бұрынғыдан да иілмелі және жаңа жаһандық сын-қатерлерге қатысты сезімтал, сондай-ақ, түрлі әлеуметтік және этностық топтардың (атап айтқанда, орыс тілді халықтың) саяси өкілдіктерін кеңейтуге жағдай туғызады. Мұнда «Нұр Отан» фаворит болса, ҚКХП-ның да дәстүрлі басым саяси күш ретінде көрінетіні күмәнсіз, сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешенін қолдау мен дамытуға бағыт ұстанған «Ауыл» ХДПП да белгілі бір саяси әлеуетке ие», – дейді «НГ»-ға Юлия Усова.
«Осылайша елдің саяси-басқару элитасы еш өзгермейді деген пікір бар екеніне қарамастан, бұл мәселе жаңару сатысында тұрғаны айқын аңғарылады», – деп атап көрсетеді сарапшы.
Ю.Усова, сондай-ақ, Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттері ішіндегі ең тұрақтысы және іс жүзінде өңірлік көшбасшы деп саналатынына қарамастан, қазіргі кезеңде ыңғайсыз сыртқы конъюнктура экономикалық және саяси реформаларды ілгерілету ісін күрделендіре түсіп отырғанын атап өтеді. Қазақстан үшін 2016 жылғы күн тәртібіндегі басым бағыттарға елдің әлемдік экономикаға бағыт ұстанып отырғаны, инвестициялық ахуалдың жақсаруы, «ЭКСПО-2017»-ге қатысу үшін шетелдік әріптестерді тарту, 2014-2018 жылдарға арналған көп қырлы сыртқы саясат тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша жұмыстарды күшейту мәселелерін жатқызуға болады. Ал саяси элитаның барлық оң бағыттағы қайта жаңғыртуларды аяғына дейін жеткізу мүмкіндіктері қандай екенін уақыт көрсетеді.