• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Наурыз, 2016

Бала – тапқандыкі емес, баққандыкі

484 рет
көрсетілді

Шымкентте «Алтын шаңырақ» ат­ты облыстық байқау өтті. Облыс­тың барлық аудан, қалаларында бәйгеге қатысып, ақтық сынға алқынбай жет­­­­кендердің қатарында кентаулық Ысқақ Жұмашев қарияның отбасы бас жүлдені жеңіп алды. Қазылар алқасының құрамында болдық. Ұсынылған үміткерлерге тал­дау жасап, өз ұпайларымызды қой­дық. Бір қызығы сол, бас жүлде мен бірінші орындарға баға беруде бар­лық қазылардың ұпайы бірдей шықты. Неге Жұмашевтар отбасы бас бәй­ге­­­­ге лайық?! Үміткерлердің көрмесін аралап жүргенімізде бір картина еріксіз назар аудартқан. Айқара ашылған қақпа алдында ерлі-зайыпты тұр. Орта жас­тағы жігіт ағасының екі қолы кеуде тұсына жайылып, өңінде таңданыс пен шарасыздық байқалады. Қосағы бе­лін бүгіп жерден әлденені алғалы жатыр. Иә, алғалы. Шақалақты. Жаялыққа оралған, өз көкек анасының өз бауыр еті баласынан бас тартып, өзге адам­ның есігінің алдына тастап кеткенін әзірге түйсінбейтін шақалақ. Суретші бұл оқиғаны ойдан ал­ған жоқ. Портретте бейнеленген ер адам Ысқақ Жұмашев, қосағы Гүл­­­жаһан Керімбайқызы болатын. Бүгінде сексенді алқымдаған Ысқақ ағамыз да, Гүлжаһан апамыздың да ма­мандығы дәрігер болған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылда­рын­да тұрмыс-тауқыметтің қиын­дығына шыдамағандар нәресте­лерін балалар үйіне өткізе бастады. Мемлекеттік мекеме баланың ке­регін түгендегенімен, ата-ананың ая­лы алақанының орнын баса алмайды. Осының бәрін жүрек елегінен өткізген Ысқақовтар «АрНұр» атты отбасылық балалар үйін ашқан. Сол кезде осы отбасы 13 тастанды сәбиді қабылдаған. Оның сегізі бесіктегі шақалақтар болса, қалғаны жасқа тол­маған бүлдіршіндер еді. Көкек деген айлакер құс өзі ту­ған жұмыртқасын басып, балапан ашудың қиындығын ауырсынып, өзге ұяға тастап кетеді екен. Өз сә­биі­­нен бас тартқандарды «көкек ана­­лар» дейтін себеп осы. Алайда, бәрін бірдей безбүйрек деуге келмес, жағдайы оңалғаннан кейін сәбиін қайта әкеткендер де баршылық. «АрНұр» балалар үйінен кеткісі келмейтіндер де бар екен. Соның бірі қарасаң көз тоймайтындай әсем қыз бала ойын былай толғайды. «Анам кел­ді. Бірақ оған деген көңілім қа­райың­­қырап қалған екен. Ес біл­генімде өзімнің тастанды екенімді біліп, туған анамды күн санап күткен едім. Ештеңеден тарлық көрмедік, бірақ анам барлығынан артығырақ көрінетін. Қатты сағынатынмын. Бі­рақ ол келгенде мендегі сағы­ныш сар­қылып біткен еді. Туған анам қанша құшақтап, қанша айма­ла­ға­нымен, қанша кешірім сұрағынымен менің жүрегімдегі мұзды еріте алмады. Менің алдымда бөтен адам тұрды. Мен оның қызы емес, Ысқақ атам мен Гүлжаһан апам­ның туған қы­зы екендігімді сол сәтте сезіндім». Қабылдауға ауыр болғанмен, шын­­­­дық осылай шырылдайды. Ондаған жетім балаларды қатарға қосқан, оларды өз балаларынан еш кем көрмей аялап өсірген, жан жылуын аямаған Ысқақ Жұмашев отбасының өнегелі «Алтын Шаңырақ» отбасы байқауында бас бәйгені қанжығаға бөктеруінің, қазылар алқасының бірауызды болуының себебі осы. Ел болған соң телі мен тентектер болады. Талапкерлердің ішінде «Мен неге бәйге алмадым» деп талағы тарс айырылып жүргеннің адами құндылықтардың қадірін білеріне күмәнданасың. Бір мезгілде сегіз бесік тербеткен Гүлжаһан ананың қасиеті «Бала – тапқандыкі емес, баққандыкі» деген ата-баба өсиетін еске салатындай. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шық­қан Ысқақ ақсақал ешкімге қол жай­май табыс табудың да үлгісін көрсетіп отыр. 2012 жылы бес ор қоян асыраған қария бүгінде олардың санынан шатысады. Еті дәрумен қоян дегеніңіз өте өсімтал. Бабы келіссе көжекті үйіп тастайды. Етінің келісі мың теңгеге тартатынын ескерсеңіз, Жұмашевтар отбасылық бюджетінің қаншалықты екендігін шамалай беріңіз. Үлпілдеген қоян терісі де бір қыстыққа әбден жарайды. Жаңа жобаларға бөлінетін мемлекеттік гранттан 2 млн. теңге қайтарымсыз қар­жы алған Ысқақ ақсақал тері илей­тін цехын іске қосып жатыр. Дизай­нер-тігінші де өз үйінен шықты. Ба­ла­­ларынан бөлек, немерелері қоян бағудың тәжірибесіне жетік. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында оқып, қоян өсіруді қол­­ға алған қарияның ісі тепсе темір үзетін, алайда, «жұмыс жоқ» деп жүн­жіп жүретін жастарға үлгі болса екен деп тіледік. Анкарадан келген бір кәсіпкердің «Түркияда бес сауын сиырың болса, сен – миллионерсің» дегенін ес­тіген едік. Мал – баққанға бітеді. Ал отбасы бақыты мен жеке бизнесті үй­лестірген Ысқақовтар отбасы кедейшілік дегенді түсінбейді. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.