• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
17 Наурыз, 2016

Қостанай облысында адам саудасы мен жеңгетайлық әшкереленді

384 рет
көрсетілді

ҚОСТАНАЙ. 17 наурыз. Қостанай облысында жүргізілген «STOP трафик» операциясы барысында 5 адам саудасы оқиғасы және бір жеңгетайлықтың беті ашылды. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Оперативтік қызметкер Жасұлан Шүкіровтың айтуынша, беті ашылған 5 оқиғаның барлығы бірі біріне ұқсас, Қылмыстық кодекстің «адам саудасын» қарастыратын 128-бабына жатады. Адамдардың барлығын ауылдық жерлерге алдап шақырып алған, уақытылы тамағы мен ақысын төлеуге уәде берген. Денисов ауданындағы ірі шаруашылықтың иесі 57, 49, және 37 жастағы үш адамның еңбегін қанаған. Алданып зардап шеккендер үш ай бойы тегін жұмыс істеген, олар бір тиын да еңбекақы алмаған. Күдікті оларды қарапайым, ашқұрсақ ғана тамақтандырып отырған. Бұл қылмысы үшін күдіктіні 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығын айыру жазасы күтіп тұр. Мұндай қылмыстың түрі Таран ауданында да орын алған. Майское селосының тұрғыны 23 жастағы жігітті мал бақтыруға күштеп салған. Бұған да «адам саудасы» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Арқалық қаласының ішкі істер басқармасы қызметкерлері Мирное селосы тұрғынының үстінен қылмыстық іс қозғады. Ол көрші селоның 52 жастағы тұрғынын еңбекақы төлеуге уәде беріп, өзінің үйіндегі малына салған. Бірақ өткен жылдың желтоқсан айынан бері оған ақысын бермей, еңбегін тегін пайдаланған. Қостанай қаласындағы бір моншаның 53 жастағы әкімшілік қызметкері 14 мың теңге ақша үшін 21 жастағы жігітке 20 және 27 жастағы екі қызды төсек қызметін көрсетуге ұсынған. Қазір әкімшілік қызметкердің үстінен Қылмыстық кодекстің 309-бабының 1 бөлімі бойынша «жеңгетайлық» үшін қылмыстық іс қозғалды. Нәзира Жәрімбетова. Дерек: egemen.kz. Сурет: azattyq.org.