• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Наурыз, 2016

Тұтастық тұғыры берік

383 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Астана қаласының мәслихаты депутаттарын сайлау барысын «Гранд парк Есіл» қонақүйінде орналасқан халықаралық баспасөз орталығына әлемдік ұйымдар мен шетелдік тәуелсіз байқаушылар мен сарапшылар кезекпен келіп, өз жұмыстарының алғашқы нәтижелері туралы журналистерге брифинг беріп отырды. Қазақстан үнемі біртұтастық көрсетеді Баспасөз орталығына түстен кейін келген байқаушылардың ішінде Ресейдің белгілі саясат­тану­шысы, Ұлттық стратегия инс­титутының халықаралық жоба­лар жөніндегі директоры Юрий Солозобов болды. Ол өзінің бүгінгі байқаушылық қызметінің барысы туралы былай деді: «Мен Қазақстанға келген сайын мұндағы достық пейілге әрқашан риза болып, жоғары көңіл-күйде жүремін. Бұл саяси науқандарға да байланысты. Осы жолы мен ТМД байқау­шылары құрамында келіп, сайлаудың заң талаптарына сай өтіп жатқандығын көрдім. Бізге барлығы 8 сайлау учаскесіне бару керек еді, мен әзірге бесеуіне барып қайттым. Сайлау процесі аяқталғанша тағы да үшеуіне барып, дауыс беру үдерісін бақылайтын боламын. Мен барған барлық сайлау учаскелерінде ешқандай заңбұзушылық, келең­сіз жағдайлар болған емес. Бә­рінде де халық тәртіппен, асқан ұйымшылдықпен келіп, бір кісідей дауыс беріп жатты. Дегенмен, бұл сайлаудағы белсенділік өткен Президент сайлауына қарағанда төмендеу екенін айта кетуге тиіспін. Онда халық кезекке тұрып дау­ыс бергенін көрген едік. Бұл қа­зақстандықтардың өз лидеріне деген шексіз құрметінің, зор сенімінің белгісі екені анық. Халықтың мызғымас бірлігі, бір көшбасшының соңына ерген тұтастығы осындайда көрінеді», деді Ю.Солозобов өзінің сөзінде. Болашағы зор ел Баспасөз орталығының мін­беріне литвалық тәуелсіз бай­қаушылар Гедиманис Янавонис пен Йонас Ягминас көтерілгенде біршама серпіліс болды. Өйткені, Литва парламентінің депутаттары болып табылатын бұлар ЕКПА байқаушылары делегациясының құрамында келген еді. Үнемі өткір пікір, тосын ой айтып жү­ретін бұлардың сөздері бізге үнемі келетін қонақтарға қараған­да ерекше болуы мүмкін ғой. Сондықтан да, журналистер олардың пікір­леріне құлақ түрді. Өзінің сөзін Астананың ғажа­йып қала екенін айтудан бастаған Г.Янавонис кең далада осындай қаланың өсіп шыққанына таңданысын жасырмады. Маған бұрын Қазақстанда қызмет іс­теген америкалық досым осыны айтқанда сене қоймаған едім, сөйтсем, Астана шынында да, әлемнің айтақаларлық бір қала­сындай болған екен. Алып-қосары жоқ, бұл – фантастика, деді ол. Сайлау туралы айтқанда, ол біздің биліктің болашағы зор екендігін, стратегиялық өзіндік бағдары бар екендігін қанағатпен атады. Өзіміз болған сайлау учаскелерінің бәрінде адамдар өздерінің болашаққа сеніммен баратынын сездіріп, ешқандай абыржымай, алаңдамай өз дауыс­тарын қалаған партиясына беріп жатты. Ешқандай заңбұзушылық, талас болғанын көрген жоқпыз. Сөзінің соңында, ол Қазақ­станның ешкімге алаңдамай, тәуелсіз саясат жүргізіп отыр­ға­нына тәнті екенін тағы бер рет атап өтті. Оның сөзін толықтырған Йо­нас Ягминас та Астананың сәулетіне қатты таңырқайтынын білдіріп өтті. Мен әлемнің талай елдерінде болдым, Астананың сәні солардың ең алдыңғы қатарында деп айта аламын. Мен бұрынғы өндірісші ретінде Астананың жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын көріп тұрмын, деді ол. Ал сайлау процесінің барысы туралы ол: «Меніңше, ең тіміскі деген адамның өзі бұл сайлаудан кемістік таба алмайтын шығар. Бәрі де жоғары дәрежеде ұйымдастырылған. Барлық сайлаушылардың құқы толығымен жүзеге асып жатыр. Ешқандай заңбұзушылық жоқ», деді Й.Ягминас. Думадағы жалғыз қазақ Баспасөз орталығының мін­беріне келесі болып Ре­сей Мемлекеттік Думасы төр­аға­сының орынбасары, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы байқаушылар делегациясының құрамында келген Владимир Васильев шықты. Ол өз сөзінде Қазақстан өзіне ерекше жақын екенін, әкесі Әбдуәлидің де осында жерленгенін айтты. Меніңше, жалпы жағдайды барлық байқаушылар біртекті бағалайтын шығар. Өйткені, сайлау үдерісі өте үлкен ұйым­шылдықпен өтіп жатыр. Барлық сайлау учаскелерінде халықтың сайлау құқын жүзеге асыруға тиісті жағдайлар жасалған. Мен жеті учаскеде болып, ешқандай жерде заңбұзушылық көрген жоқпын. Ресей Мемлекеттік Думасынан барлығы – 13, ал Федерация Кеңесінен 5 депутат келген едік, өзара пікір алысқанда олардың бәрі де сай­лаудың ұйымшылдықпен өтіп жатқанын ауызға алды. Бәріміз де сайлаушылардың саяси ұста­нымдарының жоғары екенін көрдік. Көптеген учаскелерде олар кезекке тұрып дауыс беріп жатты, деді В.Васильев. Әкесінің қазақ екенін өзі ауызға алған соң біз журналистік әуестікпен одан «Ресей Дума­сын­дағы жалғыз қазақ» деп жа­зуы­мызға бола ма деп сұрағанымызда ол: «Оған сіздің құқыңыз бар, бірақ мен паспортта орыс деп жазылғанмын», деді. Оның сөзін Мәскеудің Саяси зерттеулер институтының бас директоры Сергей Марков жал­ғастырды. Ол өзінің сөзін қазақстандықтарды ұйым­шыл­дықпен өтіп жатқан сайлау процесімен және Наурыз ме­рекесімен құттықтайтынын айтудан бастады. Мен – Ресейдегі Қоғамдық палатаның азаматтық мис­сия­сының атынан келген бай­қаушымын. Біз әріптес­терімізбен бірге алты сайлау учаскесін аралап шықтық. Ешқандай заң­бұзушылық, талас-тартыс дегенді көрген жоқпыз, барлық жерде де дауыс беру процесі қолданыстағы заңның шеңберінде іске асырылып жатты. Сонымен бірге, халықтың басқару институттарын қолдауға деген азаматтық белсенділіктерін көріп тәнті болдық. Жалғыз-ақ айтатын нәрсе, сайлаушылар тізімін жасауда ғана аздаған осалдық бары байқалды. Учаскеге келген кейбір сайлаушылар тізімнен өздерін таба алмай жатты. Алайда, компьютерлік-ақпараттық орта­лықтар ұйымдастырылған екен, адамдар содан өздерінің қай учаскеге бару керектігін тауып ала қойды. Әрине, мұн­дай олқылықтар сайлаудың нәти­жесіне әсер ете алмайды. Мен байқаушы болып қатысқан барлық елдерде де осындай олқылықтар болып жатты, деді ол. Сөзінің соңында ол кезектен тыс сайлау өткізілгенін дұрыс деп санайтынын айтып өтті. Өйткені, жаңа Ұлт Жоспарын іске асыру үшін жаңа адамдардың қажеттілігі айқын. Мен мұны өте дұрыс және ақылды қадам деп санаймын, ол саяси тұрақтылықты сақтаудың амалы екені даусыз, деді саясаттанушы. Ашық та, әділ үдеріс Баспасөз орталығындағы соңғы брифингті Грекия-Еуразия іскерлік кеңесінің президенті, Грекия сыртқы істер министрінің бұрынғы орынбасары Спиридон Кувелис берді. Барлық шешендер сияқты ол да өзінің сөзін Астананың құрылысына, әсем сәулетіне таңғалыстан бастады. Осындай әсем қаланы тұрғызған адамның есімі тарихта сөзсіз қалары даусыз, деді ол. Сонымен қатар, ол Еуразиялық іскерлік кеңестің жандана бастағанына да тоқталып өтті. Бұл іскерлік қадамның болашағы зор болатынынан үміттіміз, деді шешен. Сайлау үдерісін байқау жұмыстары туралы айтқанда, шешен оның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Оған қоғамдағы барлық бағыттағы саяси күштер қатыстырылыпты. Соның ішінде атқарушы билік партиясы, әлеуметтік бағдар тұтынған коммунистік халық партия, либералдық «Ақ жол» партиясы, батысқа бағдар ұстан­ған оппозициялық социал-де­мократиялық партия, сондай-ақ, ауыл тұрғындарының мүддесін көздейтін «Ауыл» партиясы қатысып, саяси бәсекелестікке еркін жол ашылыпты, дей келіп, шешен:«Біз кеше сайлауалды дайындықты пысықтадық. Дауыс беру үдерісі басталмай тұрып, сайлау учаскелерінің дайындығын қарап шықтық. Бүгін де 5-6 сайлау учаскесін араладық. Сайлау барлық учаскелерде жоғары дең­гейде ұйымдастырылған. Жеке өзім ешқандай заңбұзушылықты көрген жоқпын. Барлығы ашық және әділ өтіп жатты», деп атап өтті Спиридон Кувелис. Сөзінің соңында ол Грекия мен Қазақстан арасындағы бай­ланыстарға да тоқталып, соңғы жылдары біздің мемлекеттер арасында қарым-қатынастар жақсара бастады. Біздің осы елге келуіміз бұл байланыстарды тереңдете түседі деп сенемін, деді. Жақсыбай Самрат. «Егемен Қазақстан».