• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
22 Наурыз, 2016

Татулық туы берік тұғырда

365 рет
көрсетілді

Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің 21 жылдық тарихында кеше Бейбітшілік және келісім сарайында үшінші рет Парламент Мәжілісіне Конституцияның 51-бабына енгізілген 2007 жылғы өзгерістерге сәйкес 9 депутатын сайлады. Сағат тура 11.00 болғанда Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев та келіп, ҚХА Кеңесі ұсын­ған кандидаттарға дауыс берді. Осы­дан кейін Президент сайлау бары­сын байқауға келген отандық және шетелдік байқаушылармен әңгі­мелесті. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының мүше­лерімен және депутаттықтан үміткерлермен кездесті. Әңгіме барысында Мемлекет басшысы бұл институттың бірегейлігін, соның арқасында Қазақстан 20 жыл бойы тыныштық пен татулықта өмір сүріп, өсіп-өркендеп келе жатқанын атап өтті. Ассамблея 100-ден аса этнос өкілдері атынан өздерінің мүд­десін қорғайтын 9 депутатын сай­лайды. Республикамыздың бар­лық облыстарында Достық үй­лері жұмыс істейді, бізде 960-қа жуық этномәдени бірлестік бар. Жас­тарға, балаларға өз тілін, мәдениеті мен тарихын оқып-үйрену мүм­кіндігі берілген. Сол арқылы біз бүкіл Қазақстан халқының рухани қажеттігін байыта түсеміз. Мұндай тәжірибе еш жерде жоқ. Әлемнің әр түкпірінен келген байқаушылар Ассамблеяның бірегей тәжірибесін өзге елдерге тарату керектігін айтуда. Біз мемлекетімізді сіздермен бір­ге құрып жатырмыз, біздің ор­тақ міндетіміз – Қазақстанды бә­рі­міз үшін жайлы мекенге айналдыру, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сөйтіп, Қазақстан халқы Ас­сам­­бле­ясының кезектен тыс ХХІІІ сессиясына келген ұйым мүшелері елдің ең жоғарғы заң шығарушы органына кезекті рет өздерінің өкіл­дерін сайлады. ҚХА-ның бар­лық мүшесі 446 адам болса, кеше­гі сайлауға соның 372-сі қатыс­ты. Қа­жетті кворум болған соң Қазақ­­стан халқы Ассамблеясы Төра­ға­сының орынбасары Ералы Тоғ­жанов ХХІІІ сессияны ашық деп жариялады. Алдымен сөз осы жиынға қаты­сып отырған Мемлекеттік хатшы Гүл­шара Әбдіқалықоваға беріл­ді. Ол өзінің қысқаша сөзінде Қа­зақ­стан халқы үшін Ассамблеяның маң­ыз­ды қоғамдық институт болып отыр­ғанын атап өтті. Әлемнің еш­бір елінде дәл Қазақстандағыдай жо­ғары мәртебеге ие болған мұн­дай ұйым жоқ, бұл біре­гей инс­­титут көпэтносты еліміз­дің бір­лігін нығайтып, тұтасты­ғын арттырып отыр. Оны шетелдік әлеуметтанушы мамандар да көріп, мойындауда және өздерінің жоғары бағасын беруде. Көптеген елдер біздің Ас­самблеямыздың тәжірибесін де үй­ренуде. Былтыр біз осынау біре­гей институттың 20 жылдық мерей­тойын кеңінен атап өтіп, еліміз­дің барлық түкпірінде оның қа­жет­тілігі зор екендігіне көзімізді жет­кіздік. Сондықтан да, оның өмір­шеңдігі жылдан жылға арта түсуде, деді өзінің сөзінде Г.Әбдіқа­лықова. Сонымен қатар, Мемлекеттік хат­шы Ассамблея мүшелері қатары­нан Парламент Мәжілісінің төртін­ші және бесін­ші сайланымдарында депутат болғандар заң шығару ісіне белсене араласып, этносаралық бір­лікті күшейтіп, татулықты дамыту бағытындағы заңнамалық құ­жат­тар дайындауда пайдалы істер атқар­ғанын атап өтті. Сөзінің соңын­да Мемлекеттік хатшы Ассам­блея атынан депутат болып сай­ланатын үміткерлерге зор табыс­тар тілеп, олардың кәсіби білік­тілігі мен зор білімдері заң шы­ғару істеріне белсене арала­суға мүмкіндік беретінінен үмітті екенін жеткізді. Гүлшара Әбдіқалықовадан кейін сөз Астана қалалық сайлау ко­миссиясының төрағасы Игі­лік Жалбыровқа берілді. Ол Ассам­б­лея мүшелеріне сайлау процесін жүргізудің тәртібі, дауыс беру бюллетеньдерін қалай толтыру керектігі туралы айтып берді. Айта кететін жайт, үстіміздегі жылдың 26 ақпанында Мемле­кет­тік хатшы Гүлшара Әбдіқа­лы­қованың қатысуымен болған ҚХА Кеңесінде ұйым атынан Мәжі­ліс депутаттығына 14 адам үміт­кер ретінде аталған болатын. Соның ішінде Князь Мирзоев, Алек­сандр Барон, Зиятдин Каса­нов, Талғат Мамашев және Павел Фео­дориди бесеуі канди­дату­­раларын депутаттыққа ұсыну­дан өз еріктерімен бас тартқан. Сөйтіп, ҚХА Кеңесі мүшелері­нің дауыс беруімен келесі 9 адам үміткер ретінде тіркелуге ұсы­нылған: 1.Роман Ким – Парламент Мә­жілісі V сай­ланымының депутаты; 2.Ах­мед Мурадов – Пар­ламент Мәжі­лісі V сайланымының депу­таты; 3.Юрий Тимощенко – Пар­ла­мент Мәжілісі V сайланы­мы­­ның депутаты; 4.Сауытбек Абдрах­манов – «Егемен Қа­зақ­стан» рес­публикалық газеті» АҚ президенті; 5.Владимир Божко – Қа­зақ­стан Республикасы Ішкі іс­тер ми­нистрінің орынбасары; 6.Наталья Жұмаділдаева – Қы­зыл­орда қа­ласындағы оқушы-жасөс­пірім­­дер мектебінің директоры, об­лыс­тағы Аналар кеңесінің төрайы­­­мы; 7.Шаймардан Нуру­мов – Рес­публикалық ұйғыр эт­ноор­та­­лығының төрағасы; 8.Ша­кир Ха­­хазов – Дүнген этномәдени ор­талықтары ассоциациясы бас­қар­­масының мүшесі; 9.Наринэ Ми­кае­лян – Алматыдағы армян эт­но­мәдени бірлестігінің тө­р­айы­мы. Енді осы азаматтардың есім­дері сайлау бюллетеньдеріне енгі­зіліп, дауыс беру үдерісіне ұсы­нылып отыр. Астана қаласы сайлау комис­сиясы төрағасының сөзінен кейін Қазақстан халқы Ассамб­леясының мүшелері Бейбітшілік және келісім сарайының үшінші қабатындағы «Атриум» залына 150 адамнан тұратын топтар­мен дауыс беруге шақырыла бас­тады. Ал «Опера залында» қалған Ассамблея мүшелеріне ұйым­ның 20 жылдағы жұмыстары туралы түсірілген деректі фильм көрсетіліп тұрды. Барлық сайлау үдерісін осында келген отандық және шетелдік бай­қау­шылар өздерінің назарында ұс­тады. Дауыс беру үдерісі аяқтал­ған соң үлкен шеберлікпен ұйымдастырылған сайлау процесі бойынша олар ешқандай заң-бұзушылық болмағанын айтты. Сонымен, Мәжіліс депу­тат­ты­ғына Қазақстан халқы Ас­самблеясы атынан сайлауға түс­кен үміткерлер төмендегідей дауыс­тар алды: Сауытбек Абдрахманұлы Абдрах­манов – 345; Вла­димир Кар­лович Божко – 349; На­талья Ва­сильевна Жұмаділдаева – 343; Ро­ман Ухенович Ким – 346; Нари­нэ Гамлетовна Микаелян – 336; Ахмед Сейдарахманович Мура­дов – 339; Шаймардан Усаи­­но­вич Нурумов – 337; Юрий Евгеньевич Тимощенко – 341; Ша­­кир Хусаинович Хахазов – 342 дауыс жинады. Астана қалалық сайлау ко­миссиясының төрағасы И.Жал­быров барлық 9 үміткер де тиіс­ті дауыстар жинап, ұйым аты­нан Қазақстан Парламенті Мәжі­лі­сінің депутаты болып сайланғаны туралы хаттама толтырылғанын жариялады. «Қазақстан Республикасының сайлау туралы» Конституциялық заңының 94-1-бабына сәйкес, ҚХА мүше­лері дауыс берген Парла­мент Мәжілісінің депутат­тарын сайлау нәтижелері Орталық сайлау комиссиясына жолданады. Парламент Мәжілісінің депу­тат­тығына сайланған үміткерлердің тізімін Орталық сайлау комиссиясы 27 наурызға дейін ресми түрде жариялайды. «Алдын ала нәтижелер жарияланды. Үміткерлеріміздің бәрі де Мә­жіліс депутаты болып сайланды. Алайда, негізгі қорытындыны Орта­лық сайлау комиссиясы шы­ға­рып, оларға депутаттық ман­дат беретін болады», – деді Қазақ­стан xалқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов жур­налистерге. Осы арада біз Қазақстан халқы Ассамблеясының бір-екі мүшесін әңгімеге тартып, өздерінің сайлау үдерісі туралы пікірлерін білген едік. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малға­жы­ұлы еліміздегі түсіністік пен та­тулықтың түбегейлі болуын өздері Алладан үнемі тілейтінін айтты. Сонымен қатар, Жаратушы адамнан әрекет болуын қалайтынын да жеткізіп, Қазақстан халқы Ас­самблеясы соның ішіндегі ең тиімдісі екенін мәлімдеді. «Елба­сының жеке бастамасымен құрыл­ған бұл қоғамдық институт өзі­нің өміршеңдігін көрсетіп келе­ді. Қазір ол Қазақстандағы этнос­тар арасында зор беделге ие болып отыр. Ал оның қатары­нан еліміздің ең жоғарғы заң шыға­рушы органына депутат сайлануы бұл ұйымның беделін асыра түседі. Бұл татулық туының берік тұғырда екендігінің белгісі»,– деді ол. Қазақстандағы Әзербайжан мәдени орталықтары одағының прези­денті Видади Салахов Пар­ламент Мәжілісінің депутатты­ғына Қазақстан халқы Ассам­б­леясы сайлаған 9 үміткердің бәрі де лайықты тұлғалар екенін айтты. «Алдағы уақытта бұл отандас­тарымыз өз сайлаушыларының үмітін ақтайды деп ойлаймын. Мемлекет басшысының қолдауына ие болып келе жатқан Ассамблея – еліміздегі өзіндік орны бар беделді ұйым. Оның алдына қойылып отырған міндеттердің ауқымы кең. Халқымыздың бірлігін күйттеп, қоғамымыздағы тұрақтылықты нығайта түсу мақсатында құрылған Ассамблея жыл са­йын даму үстінде. Бұл қоғамдық институттың бүгінгі қызметі талайға үлгі болуда. Кезінде жан-жақтан тағдырдың тауқыметін арқалап келіп жеткен, талайға пана болып, көптеген ұлт өкілдерін бауырына басқан Қазақ даласы баршамызға құт-мекен болсын десек, бәріміз де ынтымақты болуымыз керек. Сонда ғана біз Қазақстанды көркейтіп, ілгері жылжытамыз»,– деді В.Салахов. Жақсыбай САМРАТ, Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».