• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Наурыз, 2016

Әлихан әлемі

1146 рет
көрсетілді

*Әлихан Бөкейхан-150 Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков пен Жақып Ақбаевтың туған жері Қарағанды облысының бұрынғы Қоңырат, қазіргі Ақтоғай ауданы. Осы ауданды «контрреволюция ордасы» деп атап, оның халқын бертінге дейін айрықша бақылауда ұстады. Осы аудан орталығында Әлиханмен аталас Кейкі төренің қабірінің көртопырағын ештеңеден сескенбей тегістеп, тақтай еден төсеп, төрт құлақты саман кірпіштен қаланған мазарының төбесін шатырлап, НКВД аудандық бөлімінің кеңсесіне айналдырғанын, оның өткен ғасырдың 70-ші жылдарына дейін тұрғанын көзіміз көрді. Сондай-ақ, еліміз тәуелсіздік алардан сәл бұрынырақ Әлиханның атақорымы Талды­бейіттегі және Тоқырауын өзенінің бойындағы Дайыр төренің мазарындағы кезінде Смахан Бөкейханов орнатқан көктастардағы жазуларды өшіру мақсатымен Қарағандыдан арнайы келген жансыздың, ондағы ЖОО-ның бірінің профессорының есімдері жұрт жадында. «Құдайсыздар қоғамын» құрған Кеңес өкіметінің жандайшаптарының жантүршігерлік әрекеттерінің салдары жалғыз бұл емес. Бүгіндері елімізде 87 қала, 160-тан астам селолық аудан, мыңдаған ұсақ елді мекен бар. Солардың ішінде жалғыз Ақтоғай ауданында мәйітті таң атпай жерлеу рәсімі қалыптасқан. Оны басында жергілікті молдаларға «хадисте мәйітті күн шықпай жерлеу керек» дегенді айтқызған да, кейінірек жұрт жұмыстан қалмасын дегенге жатқызған да сол заманның «шолақ белсенділері». Осындайда Ә.Бөкейханның жазба­ларындағы: «Құдайдан кейінгі күшті нәрсе – ғылым, ғылымнан кейінгі күшті нәрсе – дәстүр», деген тұжырымы еріктен тыс еске түседі. Жалпы, аруақтармен арпа­лысқандардың оңғанын ешкім көрген емес... Әлихан мен оның туған інісі Смахан бастапқыда Нұрмұхаммедов болып жазылып, кейінде Әлихан­ның өз өтініші бойынша Бөкейханов болып өз­гер­тілгені жөнінде көп айтыла бермейді. Оның түп төркіні жайында қысқаша баяндасақ, әйгілі Жошы ханның Көкжал Барақтан тарайтын ұрпағы Бөкейхан 1815 жылы Орта жүз ханы болып жария­ланады. Міне, осы әйгілі бабасының есімін алу Әли­хан­ның өзінің түпкі тегін тірілтпек ойынан туса керек. Бөкейдің тоғыз ұлының бірі Ба­тыр­дан туған төрт ұл – Әшімтай, Рүстем, Бексұлтан, Мырзатай. Рүстем мен Мырзатай Арқаның Тоқырауын бойындағы қаракесек Сарым еліне 1858 жылы орнығады. Мырзатайдың төрт ұлы – Нұрмұхаммед, Қоске, Мәтіхан (Шолақ) мен Әбдіханның өмір сүрген кезеңі Кеңес өкіметінің тұсына келді де, тағдырлары да сол қасаң билікке тәуелді болды. Әбдіханның ұлы Қасымхан 1928 жылы бастапқыда өлім жазасына кесіліп, ажалдан кездейсоқ аман қалып, 1946 жылы Алматыда қайтыс болған. Мәтіханның ұлы Мәнерхан 1933 жылы Сібірге айдалып, сол бетте хабарсыз кеткен. Мәтіханның және бір ұлы Қожайхан да басында жер аударылып, сол жерден соғысқа аттанып, майданда қаза болған. Нұрмұхаммедтің кенже ұлы Базылхан бай ретінде Сібірге айдалып, 48 жасында Новокузнецкіде қайтыс болған. Әлиханның туған інісі Смахан да отбасы мен ұрпағының тағдырына алаңдап, ұзақ жылдар бойы Алматы облысында бой тасалап жүріп, Сталин өлгеннен кейін ғана Балқаш қаласына оралған. Әзіханның ұлы Райымжан ақсақалмен 1992 жылы жүздесудің сәті түсті. Райаға бастауыш білімді Қарқа­ралыда Ақайдың Хасенінен алып, Семейдегі Г.Потанин атындағы екінші дәрежелі мектепте оқығаннан кейін Әлімхан Ермековтің қарындасы Дәмеш Ермекованың күйеуі, кезінде Ташкенттегі пединституттың ректоры болып жүрген Темірбек Жүргеновтің кеңесімен сондағы Орта Азия мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіне оқуға түседі. Бірақ Райымжан Бөкейхановтың алашордашы, «халық жауы» Әлихан Бөкейхановтың немере інісі екендігін жазған «домалақ» арыздардың салдарынан ол оқудан шығарылады. Сол университеттің ұлты армян, студенттер ісі жөніндегі проректоры: «Қазақтарға қайран қаламын. Бұхар әмірінің ұлы Мәскеуде оқиды, ал сенің фамилияң үшін ғана өз отандастарың түбіңе жетті», деген екен. Сондай-ақ, Райымжан қарияның өз аузынан: «Бұл фамилиядан мен өмір бойы запа шектім, жасы үлкен жанашыр жандардың өзгерт дегеніне көнбедім, енді санаулы күндерімді осы фамилияны мақтан тұтып өткеремін. Ең бастысы, Әбекеңнің біржола ақталғанын, халқына біржола оралғанын көзім көрді. Аруағы риза. Ақ­тоғайда ұлан-асыр той өткізейін деп жатыр екенсіңдер. Мені кәрілік пен ауру дендеп тұр. Жете алмаспын. Шақырғандарыңа мың да бір рахмет. Бірақ мен бақыттымын. Балаларым өз фамилияларынан сескенбей, мақтан тұтып жүретін болды. Тойға солар қатысса, мен разымын», деген шаттанған сөздерін естіп, жазып алып, кезінде мақала да жа­риялаған болатынбыз. Ақтоғайда өткен сол шаралардың ең маңыздысы – жаңа заманда өткізілген ғылыми-практикалық конференцияға тәуелсіз Қазақстанның бетке ұстар ғалымдарының қатысқаны болды. Олардың арасында Жайық Бектұров, Гүлнар Дулатова, Кеңес Нұрпейісов, Тұрсынбек Кәкішев, Мағауя Ермеков, Әнеш Дайырова, осы күнге дейін қаламдары қолдарынан түспей Алаш тарихына ұңғылай бойлап, зерделей зерттеп, жаһанға жария етіп жүрген ғалымдар Қабылсаят Әбішев, Нұрлан Дулатбеков, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Мәуен Хамзин, Жантас Қожахметов, Азат Бабашев және басқалардың есімдері мен еңбектерін атау ләзім. Сол 1992 жылдың жазында Әлихан­ның Өкі­тайдан (Сергейден) туған немересі, мәскеулік Евгений мен оның ұлы Петрдің табандары тұңғыш рет ата-баба жеріне – Орталық Қазақстан­ның Сарыарқа топырағына тиген аса бақытты сәт болған­дығын айтпай кетуге болмас. Олар Райым­жанның ұл-қыздары Сырым мен Нұрым Бөкейхановтар, Смахан қыздары Сәуле, Айсәуле шалқар мерейтой кезінде елмен бірге, Әлихан бір келгенінде Бразилия қарағашын отырғызып, күні бүгінге дейін жайқалып өсіп тұрған дараққа байланысты Талды­бейіт атанып кеткен атақорымға барып, онда мәңгілік сая тапқан бабаларына тәу етіп қайтты. Ақтоғайда өткен шаралардан кейін Өкітайұлы Евгений мен Райымжанұлы Сырыммен бірге Ұлытауға, Алаша хан, Жошы хан зираттарына бару сәті түсті.  Олардың Қазақстанға келген сол сапарындағы естен кетпес кездесулері, оның ішінде Батыр ұрпағы, қарт ұстаз, Ұлы Отан соғысының ардагері, Әлихан ұрпағын сарыла күтуден жүрек талмасы ұстап, емханаға түскен Қасенхан Алтынбековпен (әйгілі реставратор Қырым Алтынбековтің әкесі) сәлемдесуі ұмытылмас әсер қалдырғаны сонша, Евгений Бөкейханов топтама өлеңдер жазып, Мәскеуге оралған соң «Потрогать этот странный мир» жинағын шығарды. Ал Сырым Бөкейханов Бөкей ұрпағының арғы-бергі тарихын, оның ішінде ұлы бабасы Әлиханның өмірі, қызметі, өзі көзін көріп, тәрбиесін алған Әлиханқызы Елизавета, оның жары Сәдуақасұлы Смағұл, Сергейұлы Евгений, тағы басқа­лардың азапты да айшықты тағдырлары жайында архив деректеріне, естеліктерге негізделген «Нельзя о прошлом позабыть» атты кітап жазып, қазақ тілі­не аудартып, өңдеп, толықтырған үш ба­сылымының шыққанын көріп үлгерді. Осы тұста Евгенийдің «Жошы  хан зиратында» атты өлеңіндегі ішкі толғаныстарын оқырманның қоса сезіне түсуі мақсатында қазақ тіліндегі аудармасынан үзінді келтіруді жөн көрдік: ЖОШЫ ХАН ЗИРАТЫНДА Шетсіз-шексіз ұлы дала аймалап, Бір сағатта жеті ғасыр өтіппіз, Кісінеу мен қиқу кернеп айнала, Тұрғандаймыз ат дүбірін естіп біз.   Күн шыжып тұр отты шардай балқыған, Өткелдерде қиыршық тас шықырлап, Талтүстегі аңызақтан қалқыған Дем жетпеген сайын сағым тыпырлап.   Мазар іші, моладағы тақталар Салқынымен сабырлы ойға жетелеп, Еске алғанда уақыт бір сәт тоқталар, Ұмытылған уақиғалар төтелеп.   Өзгерді адам және де бар тіршілік, Жер қойнында мүрдең сенің, хан ием, Мен де сенің сұңқар қияқ бүршігің, Мәңгі бәйгі жолға салған жан ием.   Арамызда жылдар, жандар, дәуірлер, Уақыт селі – неткен дүлей күпті егес! Жер-ананың өлшемі ірі, тәуір дер, Мәңгі шексіз ұғым үшін түк те емес.   Бойды баурап күйкі тірлік қас-қағым, Нәзік өмір көрген мамық түсімдей, Мәңгілікпен бүркелгенде бастағы үн, Сен де өтерсің фәни тұсты түсінбей.   Дала болса маң қалпында баяғы, Көзім көрген сурет алдан тосып тұр, Көне мазар, қурап қалған саяғы, Бас сүйекті көктеп жусан өсіп тұр.   Қайтар жолы бұйырғандар бақытты, Көзден ғайып болды күмбез алыстап, Көктей сүзіп кері қарай уақытты, Келеміз біз жер бетімен қарыштап. Әлихан Бөкейхановтың: «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», деген тұжырымы оның өмірлік ұстаным-сертіндей болды және одан қайғылы азапты қазаға ұшыраған соңғы деміне дейін бір сәтке де айныған емес. Оның барлық саналы ғұмырындағы әрбір ой-толғамын, әрбір іс-қимылын, ұйымдастыру қабі­летін қазақ халқына, Алаш жұртының келешегіне жұмылдырып келгенін тарих дәлелдеді. Оның: «Кейінгілер ғибрат аларлық үлгі тастап алғыс алармыз ба? Жоқ, далаға лағып, жөнсіз кетіп қарғыс-лағынет аламыз ба? Кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс. Түрік баласы (Әлихан)» деген сөздері қазіргі замандастарымызды да терең ойға жетелейтін тағылымды сауалдар екеніне ешкім күмән келтіре қоймас. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның ширек ғасыр­ға жуық тарихы Ә.Бөкейхан идеяларының өмір­шеңдігіне көз жеткізді. Қазақтың тұңғыш ұлттық-демократиялық «Алаш» партиясы, Ұлттық кеңес – Алашорда үкіметі жер тұтастығы сақтаулы, мемлекеттік шекарасы бекітілген, демократиялық құндылықтарға сүйенген, мемлекеттік құрылымы халықтың тұрмысы мен тіршілігіне лайықталған агроөнеркәсіптік әлемдік деңгейдегі мемлекет құруды мақсат етті. Бірақ бұл әдемі мұраттың орындалмауына аумалы-төкпелі заман­ның, ең алдымен, сталиншіл әкімшіл-әміршіл жүйенің зардабы тигені, алашының асқақ болашағын армандағаны, елінің тәуелсіздігін аңсағаны, оған жету жолында нақты іс-қимылдарға барғаны үшін саяси қуғынға ұшырағаны, азапты ажалды қасқайып қарсы алғаны тарихқа мәлім. Ал осы ұлт-азаттық күрестің аса бір күрделі кезеңі мен оның теориялық және практикалық негізі мен маңызы, сол үдерістерге ұйытқы болған толағай тұлғалар жайында ізденістер жасап, ғылыми тұжырымдар жасауға ынта барған сайын арта түсуде. Әлбетте, өз заманының ең күрмеуі қиын, күр­делі сұрақтарына жауап іздеген кәрден білімді Әлиханның жазба мұрасы атан түйеге жүк боларлық асыл дүние екені күн өткен сайын өзектілігін дәлелдей түсуде. Оның қоғамдық дамудың заңдылықтары мен Қазақстанның ерекшеліктеріне жасаған талдауларының тереңдігіне, логикалық пайымдарының тапжылмас қисындылығына таңданбасқа лаж жоқ. Осы тұста Мемлекет тарихы институтының директоры, белгілі тарихшы Бүркіт Аяғанмен пікір алмасқандағы келтірген салыс­тырма уәждеріне сүйеніп көрелік. Марксизмнің мұрагері В.Ленин экономика саясатқа байланысты барлық кәсіпорындарды мемлекеттік деп жария­лап, жекеменшік дегенді түбірімен жою керек дейді. Ал Ә.Бөкейхан «Алаш» партиясының бағдарламасында экономиканы дамытатын негізгі күш жекеменшік екендігін ескеріп, оны жоюға түбегейлі қарсы болды. В.Ленин мемлекеттік құрылым жөнінде орталықтандырылған, тек жұмысшы табының үстемдігі басым, коммунистік партия басқаратын мемлекет болу керек деді, оны күшпен құрды да. Бұл жобаның аяғы тоталитаризмге ұласты. «Алаш» партиясы болса «Ресей демократиялық, федеративтік республика болуы тиіс. Онда әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады. Әрқайсысы өз тізгінін өзі ұстайды» деген көзқарасты ұстанады. КСРО-ны компартиялық номенклатура басқарды. Бір партиялық жүйе жеке басқа табынуға, толассыз репрессияға ұласты, демократиялық үдерістер табанасты болып, аяусыз жаншылды. Ал Ә.Бөкейхан құрған «Алаш» партиясының пікірінше үкімет басында құрылтай жиналысы мен Мемлекеттік Думаның қалауынша кесімді жылға сайланатын президент болу керек. Президент халықты министрлер арқылы басқарады. Ол министрлер құрылтай жиналысы алдында жауапты болуға тиіс. Депутат тегіс (жаппай деген мағынада,  – Қ.С.), тең, төте, һәм құпия сайлаумен сайланады. Сайлау хұқында хан, дін, ер-әйел тең дәрежелі болу керек. Мұқият зер салсаңыз Ә.Бөкейхан мұрасында бүгінге дейін құндылығын бір мысқал да жоймаған қағидалар жетіп-артылады. «Оқу ордаларының есігі кімге болса да ашық, һәм ақысыз болу; жұртқа жалпы оқу жайылу. Бастауыш мектептерде ана тілінде оқу; қазақ өз тілінде орта мектеп, университет ашу; оқу жолы өз алды автономия түрінде болу» деген қағидалары осы күнге арналғандай е стіледі. Мағынасы аса салмақты, тарихи міндеті ауыр да маңызды жер мәселесі жөнінде айтқандары да ай­на-қатесіз келді. Сондай-ақ, жер бетіндегі және оның қойнауындағы байлығы мемлекеттікі болуы тиіс, жер сыбағасы алдымен жергілікті жұртқа берілсін, одан артылған жер земство қолында болсын, оларды әділдік жолмен пайдалану керек деген ойлары айқындығымен ерекшеленеді және олардың қисындылығын, өміршеңдігін уақыт дәлелдеді. Осы тұста Ә.Бөкейханның ұлы мұраттарды іске асыруда маңайына алаштың маңдайалды, кілең ұлтжанды, білімді, әр салада аса білікті, арлы да намысты азаматтарын топтастырғаны сүйін­діреді. Әлімхан Ермековтің 29 жасқа жаңа іліккен шағында Алашорда үкіметінің вице-премьері ретінде В.Ленин төрағалық еткен комиссия мәжілісінде Столыпин тұсында Ертіс бойындағы, Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы қазақ жерлерін жөн-жосықсыз тартып алғандығын, оны иелеріне қайтару керектігін және бұл талап орындалмайтын болса екі ел арасында ұлт араздығы туатындығын айтып, комиссияны даулы жерлерді қайтару жөнінде шешім қабылдауға иландырғаны тарихтан мәлім. Сол кезде Мәскеуде Коминтерннің конгресіне қатысуға келген Ахмет Байтұрсыновтың Тұрар Рысқұловқа: «Біздің Әлімханмен осынша уақыт тең сөйлесе алатын орыстан да бір ұл туған екен-ау», дейтіні жұрт жадында. Бір жолы Әлімхан Ермеков туған жері Ақтоғайға сапар шегеді. Сонда сөз орайы келгенде ол кісіні аталас туысы, соғыс ардагері, жастайынан талай жауапты қызметтер атқарған Қалкен Мәкенбаев әйгілі ағасына: «Әлаға, сан жылдар бойы қатар жүрдіңіздер, азапты да бірге таттыңыздар, Әлихан Бөкейхановтың азаматтық тұлғасын қалай бағалар едіңіз?» – деп сұрақ қояды. Сонда Әлағаң өзіне тән байыптылықпен: «Қарғашым, қалай десем екен? Мына қасиетті Тоқырауын өзені көктемде қатты тасыған жылдары ғана Балқаш көліне зор­ға жетеді. Көбіне оның тұщы суы жолай жерге сіңіп кетеді. Бізді, алашордашылардың бәрінің басын қосқандағы қуатымыз осы Тоқырауынға жетер-жетпес қана дер едім. Ал Әлиханның бір өзінің білімінің тереңдігі, ойларының заңғарлығы, кемеңгерлігі Балқаш көлінен де үлкен, көкжиегіне көз жетпес шалқар дария ғой! Қазақтың бағына жаралған, ғасырда бір туатын алып қой, бекзат сабаз еді-ау, шіркін!» деп жауап қайтарыпты. Алуан қырлы дарын иесі Әлихан Бөкейханның қазақтың арғы-бергі тарихы жөнінде нақты деректер мен статистикаға сүйенген сүбелі еңбектер жазу­мен шектелмей, Алашорда үкіметі таратылғаннан кейін үзеңгілес қайраткерлерді амандап қалумен бірге, елдегі ұлттық мәдени-ағарту жұмыстарын ши­ратуға үндегені өз жемістерін бергені мәлім. Мысалы, оның хакім Абай ұрпағымен араласып, ол жөнінде алғаш зерттеу жүргізіп, қазанама жариялаумен бірге, жас Әуезовке: «Мұхтаржан, Абайды жаз. Сен сол ортада өстің, Абайды көзі көргендерден дерек жина. Ол бүкіл адамзаттық деңгейдегі ойшыл ақын. Соған бойла, мұрасын Алаш жұртына таныт. Бұл абыройлы іс сенің ғана қолыңнан келеді», дегені асқан көрегендік болғанын уақыт дәлелдеді. Сондай-ақ, Ә.Бөкейхан Кенесарының ұлт-азаттық көтерілісі туралы орыс тілінде жазылған алғашқы зерделі зерттеуінің Ташкентте шыққан тұңғыш басылымы өзінің мынадай орысша өлең жолдарымен ашылған: Жылжып өтті жылдар ақсап, Еркін дала аһ ұрған, Айырылғанда ұлдан асқақ – Кенесары батырдан.   Бірақ оның азат рухы, Оның күрес қанды ізі Болды кедей қазақ туы – Жеңіс Темірқазығы. Осы кіріспе өлеңнің аяғына «Қыр баласы (К.Степняк)» деп қол қойған. Әлихан Бөкей­ханның бұл еңбегінің көрнекті тарихшы Ермұхан Бекмахановтың зерттеулеріне негізгі мәйек болғаны күмән тудырмайды. Осындай асыл еңбегі үшін бұл автордың қаншама жылдар бойы азапты қуғын-сүргінге ұшырап, бертінде ғана біржола ақталғаны оқырманға белгілі. Ендігі жерде ЮНЕСКО шешімі шықты, Ә.Бөкей­хан секілді барша алаштың ардақты ары­сының мерейтойын халықаралық деңгейге лайық қалай өткіземіз, неден бастауымыз керек, шаралардың бастылары қайсы, кім, қайда не атқарғаны жөн деген алуан сұрақтардың кес-кес­теуі мұндай жауапты істер легіндегі заңды құбылыс. Осы мақсатта Л.Н.Гумилев атындағы Еур­азия ұлттық университетінің бастамасымен рес­публикадағы белгілі алаштанушы ғалымдардың басқосу жиналысында біраз іске асыруға лайықты шаралар белгіленді. Ең бастысы, Әлихан Бөкей­ханның бай мұрасын тірнектеп жинап, ғылыми жүйеге келтіріп, көптомдығын шығарудағы осы университеттің Алаштану орталығының басшысы Сұлтанхан Аққұлының талай жылғы теңдессіз де толассыз, баға жетпес жемісті еңбегіне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ғалымның тынымсыз ізденуінің арқасында осы күнге дейін Ә.Бөкейхан еңбектерінің 9 томы жарық көрді. Және бір ауқымды да абыройлы, аса жауапты іске – «Әлихан Бөкейхан» энциклопедиясын шығару жұмысына Семей университетінің ғалымдары кірісуге бет алды. Әлбетте, бұл шаруаға семейлік ғалымдар еліміздегі басқа да алаштанушыларды барынша тартады деген үміттеміз. Мысалы, Әлихан Бөкейхан және оның ұрпақтары мен жақындары жөнінде нақты деректерді білетін жандар тым аз. Солардың қолындағы қайталанбас мәліметтер назардан тыс қалмауы энциклопедия құндылығын арттыра түсетініне сенімдіміз. Сол сияқты, биыл Әлихан Бөкейханның немере інісі Сырым Бөкейхановтың кітабының өңделген, толықтырылған соңғы нұсқасы және Смахан Бөкейхановтың естеліктері біріктіріліп, «Өткен күнде белгі бар» – «Нельзя о прошлом позабыть» атауымен қазақ және орыс тілдеріне аударылып, тұтас бір кітап етіп шығаруға әзірленуде. Бұл істе марқұм Сырым Райымжанұлының жесірі, Елизавета Әлиханқызының өмірінің соңғы сағаттарына дейінгі азапты күндері жанында болған Александра Борисовна Бөкей­ханованың ынтасы мен ыждаһаттылығы, әулет­тің рухани мұрасына адалдығы мен асқан жауап­кершілігіне ризашылығымызды білдіруді азаматтық парызы­мызға санаймыз. Мұнымен қоса Сырымның Мәскеуде тұратын туған інісі, химия ғылымдарының докторы, әуесқой суретші Нұрым Бөкейханов пен осы ағайынды екеуінің суретші қыздары «Букейхановы» атты жинақ құрастырып, мерейтой тұсында Қазақстанда бастыру жолдарын қарастыруды өтінген болатын. Осы жұмысты атқаруға алаш ардақтыларының жерлестері құл­шына кірісуге әзірлігін білдіргені қуантады. Тілге тиек болған жерлестері деп отырғанымыз, Әлихан Бөкейханның дүниеге келген Қарағанды облысының Ақтоғай ауданының басшылығы. Аудан жұртшылығы мерейтойға байланысты әлден-ақ көптеген шаралар белгілеп, оларды іске асыруға қызу кірісіп те кетті. Мысалы, мерейгердің туған күні қарсаңында аудан орталығында «Әлихан есімді жастардың облыстық форумын» өткізуді межелеп отыр. Оған облыстағы әр қала мен ауданнан бес-бестен Әлихан аттастар бас қоспақшы. Басты шаралардың шырқау кезеңі шілде айына тұспалдануда. Бұл жерде: «Киіз кімдікі болса, білек соныкі», деген мәтелдің орындылығы еске түседі. Кезінде Әлихан Бөкейханның, Әлімхан Ермековтің және Жақып Ақпаевтың есімдерін мәңгілік есте сақтау мақсатында аталған арыстардың топ­тасқан еңселі ескерткіш-кешені Ақтоғай ауданы орталығында бой көтерген болатын. Авторы – дарынды қазақ мүсіншісі Жаубасар Қалиев. Әлихан Бөкейхановтың тағы  бір ескерткіші Семей қаласында орнатылған. Дәл қазір Алаш көсемінің ендігі ескерткіштерін ең алдымен Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында орнату мәселесі сұранып-ақ тұр. Елордадағы Керей мен Жәнібек хандардың, Кенесарының патриоттық қуаты мол көркемдік деңгейлері жоғары ескерткіштеріне Әлиханның тұлғалы мүсіндік бейнесі қосылғаны нұр үстіне нұр болар еді. Мұнымен қоса, Қарағандыдағы Қазтұтыну одағының экономикалық университетіне Әлихан Бөкейхан есімімен атау жөнінде тиісті органдарға ұсыныс берілуін күтеміз. Алаштану ғылымына және насихатталуына қосқан сүбелі үлесі үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының Ә.Бөкейхан атындағы жыл сайынғы сыйлығын, ал жоғары оқу орындарында Ә.Бөкейхан атындағы стипендиялар тағайындаудың реті келіп тұр. Сонымен бірге, Ә.Бөкейханның және оның үзеңгілестерінің шағын мүсіндерін, төсбелгілер, монеталар сериясын, пошталық маркалар, хатқал­талар, плакаттар шығарылса, оларды мерейтой барысында және ЭКСПО-2017 көрмесінде таратуға болар еді. Сол сияқты, Қарағандыда осы күнге дейін Алаштың әйгілі арысына бір көрікті көшенің атын қимай жүргені жергілікті билік басшыларына салмақты сын екендігін ежіктей түсіндіруді қажет етпес. Бір мақалада осы қастерлі тақырыпты бүге-шігесіне дейін қамтып талдау мүмкін емес. Бұл нақты іс-қимылға үндеген ойтүрткі болуға дәмелі ниет қана. «Әлихан мерейтойына әзірлік сеңі қоз­ғалды. Сен де қозғал, алаш азаматы!» демекпіз. Әлемдік тұлға алаштың Әлиханына арналған игі істердің абыройлы аламан бәйгесі басталып кетті. Іске сәт, алаш азаматтары! Қайырбек СӘДУАҚАСОВ. Астана. Суретте: Ә.Бөкейхан; Алаш алыбы ұрпақ­тарының Мәскеуден Қарағанды өңіріне келуі. 90-жылдар.