Қысқа қайырып айтқанда:
Ұлыбританияда Капкеик атты сиам мысығы сәлемдеме қорабының ішінде сегіз күн қамалып отырса да тірі қалған. Ол өз иесінің Батыс Суссекс аймағына жібермек болған сәлемдемесінің қорабына кездейсоқ кіріп кеткен сияқты. Мысық сегіз күнде 400 шақырым жол жүріпті. АҚШ астанасындағы конгресс өтетін Капитолий маңында атыс болды. «Рейтер» агенттігі таратқан ақпаратқа қарағанда, оқ жаудырғандардың бірі сол жерде ұсталған. Ал екіншісін полицейлер оқ атып жаралаған. Әзербайжанның әскери қолбасшылығы Таулы Қарабақ даулы ауданында Армения әскерилерімен болған қақтығыста екі әскери қызметші оққа ұшқанын хабарлады. Олар мемлекеттік шекараны кесіп өтпек болған армян әскерилерін ұстау кезінде қаза тапқан. Британиялық Сьюзан Браун деген 65 жастағы турист өздері түсіп қалған порттан әрі қарай аттанған саяхатшы кемені қуып жетпек болып, суда үш сағаттан астам жүзген. Абырой болғанда, оны балықшылар байқап, құтқарып алыпты. Асадтың болашағы сөз бола бастады Ресейлік бірқатар ақпарат агенттіктерінің таратқан хабарларына қарағанда, АҚШ орталық барлау басқармасының басшысы Джон Бреннан наурыздың басында Мәскеуге келген сияқты. Мұнда ол Ресейдің тиісті ведомстволары жетекшілерімен Сирия президенті Башар Асад билігінің болашағына байланысты мәселені талқылаған. Ресейлік ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Джон Бреннан «АҚШ билігінің Сириядағы саяси өзгерістерді жүйелі түрде қолдап келе жатқанын» атап өткен. Ал «Интерфакс» агенттігінің Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Олег Сыромолотовтың сөзіне сілтеме жасай отырып хабарлауынша, Д.Бреннан Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінде кездесу өткізген. Дегенмен, министрдің орынбасары АҚШ орталық барлау басқармасы басшысының Мәскеуге жасаған сапары Ресейдің Сириядан әскерінің бір бөлігін әкету жөніндегі шешіміне қатысты емес екендігін айтқан. Жемқорлыққа қатысы бар екенін мойындады Гондурастың экс-президенті, сондай-ақ, футбол қауымдастығының бұрынғы басшысы болған Рафаэль Каллехас Халықаралық футбол федерациясындағы (ФИФА) сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қатысы бар екенін мойындады. Рафаэль Каллехас ФИФА-ға байланысты тергеуде кінәсін мойындаған он төртінші адам болып отыр. Келтірілген деректер бойынша, ол әлем чемпионатының біліктілік кездесу ойындарын өткізу және сол ойындарды трансляциялау құқығын беру үшін пара алған. Бүгінге дейін АҚШ билігі ФИФА-дағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты 42 тұлға мен ұйымға айып тағып отыр. Бір-біріне жалғасқан және ұзақ жылдарды қамтыған қылмыстарды тергеу ФИФА-ның қызметіне, сонымен қатар, өзге де елдердің футбол қауымдастықтарының жұмысына кері әсер еткен. Айта кетейік, осы жанжалдар салдарынан ФИФА президенті Зепп Блаттер мен оның орынбасары Мишель Платини отставкаға кеткен болатын. Содырлар индонезиялық теңізшілерді кепілге алды Филиппинде «Әл-Каида» терроршыл ұйымымен байланысы бар «Абу Сайяф» тобының содырлары жүк кемесіне шабуыл жасап, экипаждың он мүшесін кепілге алды. Елдің сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Арманата Насирдің мәлімдеуінше, кепілге алынған адамдар Индонезияның азаматтары болса керек. Ал оқиға жексенбі күні болған. Жүк кемесі Борнео аралынан Филиппинге көмір апара жатқан жолда шабуылға ұшырапты. Кейбір ақпараттарға қарағанда, шабуыл жасағандар кеме экипажының мүшелеріне алдымен өздерін экстремистік топтың адамымын деп атаған біреу байланысқа шыққан көрінеді. Әлгі адам кемедегілерді босату үшін бір миллион доллар көлемінде ақша талап еткен. «Әл-Каида» ұйымымен байланысы бар «Абу Сайяр» тобы Филиппиннің оңтүстік бөлігінде орналасқан екен. Интернет материалдары негізінде әзірленді.
•
30 Наурыз, 2016
Жолаушылардың тағы да үрейін ұшырды
303 рет
көрсетілді