Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты жаңа Жолдауында жастарды білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдылануға, жұмыс пен сұраныс бар өңірлерге батыл баруға шақырды, қазірде техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман екенін, ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озатынын қадап айтты. Елімізде жүзеге асырылып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарылып жатқан қыруар істердің бәрі жастар үшін, болашақ үшін жасалып жатқанын да ескертті.
Мемлекет басшысы біздің қоғамда адал еңбекті терең біліммен ұштастырғандар ғана табысқа жете алатыны туралы осыдан үш жылдай бұрын Назарбаев Университетте оқыған «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты дәрісінде де айтқан болатын. Содан беріде еліміздің болашағы жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік һәм еңбекқорлықпен қатар білім, ғылымға ұмтылыс сияқты жақсы қасиеттерді қалыптастыру оқу-тәрбие жұмыстарының негізгі бағдары болып келеді. Әсіресе, қазіргідей әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу мақсатына қадам басқан кезеңде бәсекеге қабілетті, әлемдік жаңа технологияларды толық меңгерген жоғары білікті мамандар даярлау ерекше маңызға ие болып отыр.Осыны айқын түсіне отырып, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің математика кафедрасының ұжымы да оқыту сапасын арттыру ісіне өз үлестерін қосып келеді.
Әдетте, математиканы ерекше құдіретті ғылымға теңейді. «Математика – ғылымдар патшайымы» деген қанатты сөз де бекер айтылмаса керек. Қандай мамандық саласын алмаңыз, математиканың қатысы бар болып шығады. Мұны ғылым, техника, экономика және басқару салалары үшін мамандар даярлай бастағанына он жылдан жаңа асқан біздің математика кафедрасының мысалынан айқын көруге болады. Атап айтқанда, кафедраны бітірушіге математика бакалавры дәрежесіне қоса, математик-оқытушы, математик-қолданушы, математик-экономист, математик-актуарий, математик-жүйелі-бағдарламашы (математика салалары бойынша) біліктіліктері қоса беріледі. Бұған қоса, оқу бағдарламасын үздік меңгергендер «Математика» бағыты бойынша оқуын магистратурада жалғастыру арқылы ғылым жолына түсе алады.
Университет қабырғасында математикадан жүйелі білім алғандардың бәрі де жұмысқа тез орналасып жүргенін де айтуға тұрады.Әртүрлі деңгейдегі әкімшілік басқару құрылымдарында маман, жетекші маман, бас маман, сондай-ақ өндіріс орындарында, кәсіпкерлік құрылымдарда математик-инженер, математик-бағдарламашы, математик-экономист, ғылыми-зерттеу орталықтары мен институттарда, орта арнаулы және орта мектептерде ғылыми қызметкер, математика, информатика пәндерінің оқытушысы, компьютерлік желілердің жүйелік басқарушысы болып қызмет атқарып жүрген түлектеріміз аз еместігін мақтаныш ете аламыз. Кафедра түлектеріне сұраныстың жылдан-жылға артып отырғаны оқытушы-профессорлар құрамының білім беру сапасын арттыру жолында жасаған ізденістерінің де қайтарымы болып табылады.
Баршаға белгілі, Елбасының қамқорлығымен елімізде инновациялық және интеллектуалдық бағытта білім беру бағдарламалары жаңа талапқа сай барынша жетілдіріліп, оқушылардың білім сапасын жоғары деңгейге көтеруге ерекше маңыз беріліп, қажетті жағдайлар туғызылып жатыр. Кафедра ұжымы мектептердің мұғалімдерімен байланыс орнатып, математикаға ерекше бейімділік танытқан оқушыларды айқындап, олардың өз бойларындағы қабілеттерін барынша жетілдіруіне қолғабыс тигізіп келеді. Бұл кафедраға математика пәнін жақсы оқып, қабілетін танытқан зерделі талапкерлердің келуіне көмегін тигізеді.
Дей тұрғанмен де, орта оқу орындарында, мектептерде білікті математик оқытушылар жетіспейтіндігі, осының салдарынан кей жерлерде оқушылардың математика пәнін меңгеру деңгейі төмен екені өмір шындығы. Ал, бұл бірінші кезекте сол өңірлерден оқуға келгендерден кәсіптік-педагогикалық дайындығы жоғары математика пәні мұғалімдерін көптеп даярлауды талап етеді. Бізге оқуға қабілеттілердің келуін қалайтындығымыздың сыры да осында.
Қорыта айтқанда, Елбасы өз Жолдауында елдік мәселелерді шешуде білімнің атқарар рөлі өте зор екендігін, техникалық мамандықтарға сұраныстың арта беретінін айтқаны білім беру қызметкерлеріне зор жауапкершілік жүктейді. Өз шәкірттеріміздің сапалы білім алып, экономика салаларына тың серпін әкеле алатын жоғары білікті маман болып қалыптасуы үшін ізденістерге барып, ұстаздық шеберліктерімізді жетілдіре береміз.
Айнұр ТОЛҚЫНБАЕВА,
ТарМУ-дің математика кафедрасының аға оқытушысы, математика магистрі.
ТАРАЗ.