А-а
А дегенім атаң,
Ақ тілекті батаң,
Ақыл сөзін тыңдап,
Ардақтай біл, ботам!
Ә-ә
Ә дегенім әжең,
Әлдилеген анаң,
Әлпештеген әкең,
Әспеттей біл, балам!
Б-б
Б дегенім білім,
Білім – жарық күнің,
Ашып берер саған,
Бар әлемнің сырын!
В-в
В дегенім вокзал,
Кісі толған көп зал,
Келіп қалса пойыз,
Вокзалдан тез қозғал!
Г-г
Г дегенім гүлім,
Көрдің неше түрін,
Гүлмен бірге сенің
Күлімдейді күнің!
Ғ-ғ
Ғ дегенім ғарыш,
Болса дағы алыс,
Қазақ ұшып барған,
Ғарыш бізге таныс!
Д-д
Д дегенім дәптер,
Дәптер тола ақ тор,
Дұрыс, таза жазып,
Төрт пен бесті ап кел!
Е-е
Е дегенім есеп,
Есеп қиын десек,
Неше болар екен,
Екі ешкі мен есек?
Ж-ж
Ж дегенім жолда,
Жаңғалақтау болма,
Жасыл жанса, жүгір,
Қарап сол мен оңға!
З-з
З дегенім зебр,
Тұяғы оның темір,
Шөп іздесе шөлде,
Кірмейді оған шөгір!
И-и
И дегенім ине,
Кіріп кетер, тиме,
Қадайды ғой әжең
Инеменен түйме!
Й -й
Й дегенім қайда?
Бар ғой қаймақ, майда,
Сайда жүрген ойнап,
Тайынша мен тайда!
К-к
К дегенім кітап,
Көп оқыған ұтад,
Күшті болсаң, кәне,
Кітаптан тез К тап!
Қ-қ
Қ дегенім қала,
Жан-жағыңа қара,
Қатар, қатар үйдің,
Қабаттарын сана!
Л-л
Л дегенім лағым,
Кезіп ауыл маңын,
Маңыраған кезде,
Бір тынбайды жағың!
М-м
М дегенім мектеп,
Кітабымды беттеп,
Мен өсемін оқып,
Мектебімде көктеп!
Н-н
Н дегенім наным,
Нанмен бірге әнім,
Наным менің нәрім,
Әнім менің сәнім!
Ң-ң
Ң дегенім аңдар,
Аңдар інді таңдар,
Қарға түскен ізден,
Аңның жолын аңғар!
О-о
О дегенім орман,
Жан-жануар толған,
Жеміс, жидек теріп,
Орман кезу – арман!
Ө-ө
Ө дегенім өзен,
Өзен бойын кезем,
Өзенде бар балық,
Өзім бірден сезем!
П-п
П дегенім пілім,
Көрсеңдер де түрін,
Қане, көрген кім бар,
Таудай пілдің тілін?!
Р-р
Р дегенде ретте,
Рет-ретімен бетте,
Дәптер, кітап, бәрін,
Ретсіз шашып кетпе!
С-с
С дегенім сурет,
Көрдің бе сен бір рет,
Сонша неге тәтті,
Суреттегі сүр ет?!
Т-т
Т дегенім талап,
Көңіліңмен қалап,
Талапты бол сен де,
Оқып жақсы сабақ!
У-у
У дегенім уыз,
Уыз жейді ауыз,
Уызына тойған
Қозы болар нығыз!
Ұ-ұ
Ұ дегенім ұлан,
Ауызында ұран,
Ту көтеріп тұрған
Ұлан нағыз қыран!
Ү-ү
Ү дегенім үкі,
Үлпілдейді түлкі,
Үп дегенде үкі,
Түлкі болды күлкі!
Ф-ф
Ф дегенім файл,
Поштамыз е майл,
Алыстан хат келсе,
Жылдам жауап қайыр!
Х-х
Х дегенім халық,
Оқып, білім алып,
Халық үшін іс қыл,
Бар күшіңді салып!
Һ-һ
Һ дегенім жаһан,
Жаһанда бар наһан,
Наһан - үлкен балық,
Деп айтатын атам!
Ц-ц
Ц дегенім цеце,
Улы маса десе,
Циркуль одан үлкен,
Әлденеше есе!
Ч-ч
Ч дегенде Чен бар,
Чукот деген жер бар,
Чита деген қала,
Чили деген ел бар!
Ш-ш
Ш дегенім шаршы,
Шаршыны тез салшы,
Шыны, шырша, шаштан,
Шы-ны тауып алшы!
Щ-щ
Щ дегенді тапшы,
Кітабыңды ашшы,
Бір-біріне қарсы,
Тұщы менен ащы!
Ы-ы
Ы дегенім ыдыс,
Шығарады дыбыс,
Ынтымақты үйде
Ыдыс тола ырыс!
І-і
І дегенім інім,
Бауырым ғой, күнім,
Қызықтаймыз оның,
Балдай тәтті тілін!
Э-э
Э дегенді ізде,
Көріне ме көзге,
Элеватор, эпос,
Бар ғой біраз сөзде!
Ю-ю
Ю дегенім ою,
Ойлап ойып қою,
Аю құсап маймақ,
Қою балға тою!
Я-я
Я дегенім аяз,
Мал тоңады ояз,
Аяз қысқан кезде
Су қатады саяз!
Баянғали Әлімжанов.