• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
01 Сәуір, 2016

Жәнібектің Түркістандағы күндері

452 рет
көрсетілді

Түркістанда бірінші хатшы кезім. Түс әлетіне таяу жұмыс орнымдағы ақсұр телефон шыр ете қалды. Ойымды бөлгендігіне наразы кейіппен телефон тұтқасын құлағыма тостым. Қызылқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мұхамедкәрім Шәкенов екен. Сәлемдескен соң Мұқаң: «Бүгін екінші күн біздің ауданда «Жұлдыз» журналының күндері өтуде. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Мұхтар Мағауин бас­тап келді. Құрамында бір топ белгілі қаламгерлер бар. Жазушы, әнші Жәнібек Кәрменов те осы кісілермен бірге», – деп қысқа қайырды. Мен ойланып қалдым. Жуырда өткізген бүкіл қалалық активте бір қарт коммунист: «Біздің қаламызға әртүрлі заржақ шуылдақ ансамбльдер көп келеді. Неге халқымыздың саф алтындай қазынасын жинап, үйреніп, халықтың өзіне қайтару барысында үлкен еңбек етіп жүрген Төлеген Момбеков, Жәнібек Кәрменов, Нұрғиса Тілендиев, Қайрат Байбосынов тәрізді өнерпаздарды осында арнайы шақыртып, халықпен жүздестіруді ұйымдастыруға болмайды?», – деп орынды ой тастаған еді. Тиісті адамдарды шұғыл түрде жинап, кеңесіп, облысымыз арнайы шақыртып алдыра алмайтын әншіні қаламызға шақыртып, сексен мыңдай түркістандықтармен кездесулер ұйымдастыруды ойластырдық. Жөн-жоба білетін екі-үш кісіні Қызылқұмға жібердік. Қалғанымыз елеңдей хабар тосып отырдық. Ақыры жіберген адамдар да қуанышты хабармен оралды. Жәнібек түркістандықтардың тілегін құп алғанын ести салысымен қызу дайындық жұмысына кірісіп те кеттік. ...Шумилов атындағы теміржол сарайындағы алғашқы кездесу атақты Ақан серінің «Балқадишасымен» ашылды. Өзге әншілерден Жәнібектің бір ерекшелігі, өзі орындайтын әрбір әннің тарихына тоқталып, тыңдаушысын алыс жылдарға «саяхат» жасатуында екен. Арқаның жайлаудағы айлы түні, адам баласынан көп қиянат көріп, мылқау баласымен жеке өмір сүрген Ақан сері. Мұңлы Ақанға кездескен Ыбырайдың есті сұлу қызы Балқадиша. Шолпысы сылдырлап, Ақан серіге жәудірей қараған аяулы аруға арнап шығарған «Балқадиша» әні Жәнібек Кәрменовтің орындауында өте әсерлі естілді. Ақ жаулықтарының ұшымен көзін сүрткен кейуаналар мен бір сәт ойға батқан ауыл қарияларына қарап, еріксіз толқисың. Халқымыздың әншілік дәстүрі жа­йында бірнеше сағат тапжылмай сыр шерте отырып, халық компо­зи­тор­ларының шығармаларын нәшіне келтіре шебер орындайтын Жәнібек Кәрменовтің асыл өнеріне бас имеуге бола ма? Үкілі домбырасын қағып-қағып жіберіп бірде шырқата салса, енді бірде жүректің нәзік қылын баса отырып сызылта бебеулететін әншінің күміс көмейінен төгілген әсем әндерді тыңдағанда ерекше күйге бөленгеніміз ақиқат. Алдын ала ескертусіз, қоспасы жоқ табиғи қалпында, орындарынан тұрып залдың әр жерінен сұрау берген көпшілікке қарап, атақты Әміре, Жүсіпбек, Манарбек, Ғарифолладай алыптар дәстүрінің жалғасы Жәнібекке қарап іштей тебіренесіз. Сәті түсіп, көгілдір көктем күні Қаратаудың бөктеріне шығып, киіз үйде самалды кеште Жәнібек салған әндерді ұзақ тыңдадық. Жәнібек аспандата ән салған сол бір кеште жасыл жапыраққа оранған жеміс ағаштары ән әуеніне елтігендей ақырын тербеліп тұрды. Сылдырлай ағып жатқан ерке Майдамтал бұлағы да бірер сәтке тына қалғандай. Бұлақ жағасына тігілген алты қанат киіз үйдің басқұрларын қандай шебер жасады екен?! Белдеуде тұрған шопандардың мініс аттары құлақтарын қайшылай сарқыраған тау өзеніндей ақтарылып жатқан әнді бір сәт тыңдап қалғандай. Қазан маңындағы жеңгейлер мен қызмет көрсетіп жүрген жігіттер тұрған-тұрған жерлеріне отыра кеткен. Майдамталдың Талапқа қарай созылған қыратында ақ сағым ақ бөкендей өріп бара жатты. Ақ сағым жосылған сонау қыратқа қарай әнге әсерленген біздің көңіліміз де шарықтап бара жатты. Қайран халық әндері. Сендер батыр бабаларымыз бен асыл әжелеріміздің де жан-жүректерін тербеттіңдер-ау. Осынау кең даладай дархан мінезді қайран қазақ халқы! Қандай да бір қиыншылық замандарда сен ар мен әнге табындың! Ауыздықтарымен алысқан арғымақтардың үстінде, ай астында ән салған сері халқым! Сайын далаға пана іздеп келгендерге айқара құшағыңды ашып, астына ат, үстіне шапан, алдына мал салдың. Осындай дархан пейілден шыққан халық әндері, сендер мәңгілік ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып кете берер Ұлы мұрамыз екені анық. Талай өзендер сарқылар, талай көлдер тартылар. Бірақ, халық әндері Жәнібектей жігіттеріміздің орындауында бұл далада аспандағы жұлдыздай жарқырай берер... ...Кигенім аяғыма көк кебіс-ті, Қазанда қалқып жүріп өкпе пісті. Бірге өскен бала кезден, беу қарағым, Жас шағым сені көріп еске түсті...   Етегін ақ көйлектің көмкергенің, Өзіме тек өзіңсің тең көргенім. Жарып жеп жарты құртты отырғанда, Ұнайды көз­ді маған төңкер­генің, – деп аңыратқанда қыз-келіншектер төмен қарап қызарса, жігіттер жымыңдап, қарттар жағы «ой, пәлі» деп қауқылдасып қалады. Бір әннен соң бір ән. Арнасына сыймай таудан төмен лықси аққан асау өзен тәрізді әсем әндер біздің қиялымызды қай қиырға қалықтатпады, беу, шіркін! Атақты «Елім-ай» әні Жәнібектің орындауында ерекше әсерлі шығады. Өзге әншілердей емес, Жәнібек «Елім-айды» елуге жуық шумақпен орындайды екен. Әжейлер ақ жаулықтарының ұшымен көздерін сүртіп, қарттар терең-терең күрсінді. Жастар жағы да терең ойға берілгендей... Бұл дүние жеткізбейтін арман дүние, Бұрынғы бабалардан қалған дүние. Барында оралыңның ойна да күл, Бізден де өте шығар жалған дүние.   Дүние өте шығар ойнақтаған, Алды-арты, барды-жоқты ойлатпаған. Азырақ білгенімше ән салайын, Өлеңді қайда айтамыз тойда айтпаған... Әрбір шумағы жаныңды әсем шуаққа бөлеп, жүрегіңді тебірентетін осынау халық әндері Жәнібек Кәрменовтің орын­дауында ешкімге ұқсамайтын қуат­ты­лығымен, нәзіктілігімен де құнды. Біздің бір байқағанымыз өзге әншілерімізден Жәнібектің бір ерекшелігі, оның әрбір әннің әрбір сөздің мағынасын тыңдаушысына жеткізе айтатындығында. Ол өзіне ұнаған халық әндерін жинап, жаттап алып, репертуарын үнемі жаңартып, жасартып жүретін әнші екен. Қалада өткен кездесулерде қабырғаны қақ жарып сыртқа шығуға талпынған әнші даусы енді қарт Қаратаудың басында бір кеш бойы қалықтап тұрады... Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, әнші, жазушы Жәнібек Кәрменовтің бай репертуарын әншілік дәстүрі қалыптасқан үш үлкен мектептің, егер таратып айтар болсақ: арқадағы Сегіз сері, Үкілі Ыбырай, Мәди, Біржан сал, Бүркітбайдың Мұстафасы, Ғазиз, Майра, Иманжүсіп, Абай, Шәкәрім, Жаяу Мұса, Әсеттердің; Еділ мен Жайықтың жағасында жатқан қалың елдің Мұхиты мен бала Оразынан; Жетісудың желмаясы атанған Кенен, Құлан аяқ Құлмамбет, Жамбыл, Үм­бетәлі, Сүйін­бай, Садық қожа, Қалқа­ның, Қара­тауды мекендеген, Оңтүстік өңірінен шыққан Балқы Базар, қаңлы Жүсіп, Кете Жүсіп, қара сақал Ерімбет, Жиенбай, Шоряқтың Омары, Құлыншақ, Майлықожа, Нартай, Рүстембек жырау секілді бір-біріне мүлде ұқсамайтын алып арналардың басын қосқан се­кілді. Олардың әрқайсысының шығар­маларына бір-бір таң арнай алатын жап-жас Жәнібек бала кезінен әнші болсам деп емес, жазушы болсам деп армандағандығын сөз арасында айтып қалды. Ол бұл мақсатына да жетті. Оған Жәнібек Кәрменовтің тынымсыз ізденісі мен терең толғанысынан туған – үйіміздің сөрелерінде қатарласып тұрған – прозалық кітаптары куә. Республикалық белгілі әдеби басылымдарда жарық көрген шығармаларын былай қойғанда әр жылдары жарық көрген: «Ақылбайдың әні» (1980 ж.), «Ғашықтың тілі» (1988 ж.), «Махаббат әні» (1986 ж.), «Көк ала үйрек» (1982 ж.) тәрізді көркем шығармалардың авторы Жәнібек Кәрменовтің Жазушылар одағының мүшесі екендігін жұрттың бәрі бірдей біле бермейді екен. Өзінің үкілі домбырасының егіз шегіндей әншілік пен қаламгерлікті қабат алып жүруді мақсат тұтқан Жәнібек Кәрменовтің қазірдің өзінде алған биігі талайларға қол жетпейтін арман. Түркістан қаласында болған үш-төрт күннің бір сағаты да бос болмады. Қоғамдық мекемелер мен жеке азаматтар кезекке тұрды. Тіпті, бір-бірімен кезекке таласып, сөзге келіп қалғандарға куә да болдық. «Қысқа жіптің күрмеуге келмейтіндігі» тәрізді, Жәнібектің біздің қалаға бөлген уақыты көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Түркістан аспанын сағынышқа толы әсем әндерімен тербеткен, дірілдеткен, дүрілдеткен әнші-жазушымен қоштасу үшін «ұзын-құлақтан» есіткен үлкен-кіші ел-жұрт түгел жиналыпты. «Москва-Алматы» жүйрік пойызы Түркістан қаласына санау­лы ми­ну­тқа ғана аялдайды. Біз Жәнібек Кәр­ме­новті осы пойыз­ға шығарып сал­дық. Жәнібек Кәр­ме­нов­тің өне­рі оны тың­­даған қауым жүре­гінде сақталып қалғаны анық. Нұридин БАЛҚИЯЕВ, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің озық қызметкері, профессор. АЛМАТЫ.