• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Сәуір, 2016

Әскери полиция орталығы

1807 рет
көрсетілді

маман даярлау ісінде маңызды істерге ұйытқы болуда Қай заманда да Отан қорғау ісі бірінші кезекте тұрған. Отаннан артық құндылық та жоқ. Осы Отан қорғау ісіне үлестерін қосып келе жатқан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери полициясы бас басқармасына қарасты Әскери полиция мамандарын дайындау орталығының басшысы, подполковник Ербол СПАТАЕВТЫ әңгімеге тартқанымызда ол Тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарындағы өтпелі кезеңде кәсіби маманның аздығынан біраз қиыншылықтардың болғанын, мұндай жағдай әскерімізге де әсерін тигізгенін атады. – Сондай қилы кезеңдерде Қарулы Күштерде құқық тәртібін сақтау үшін арнайы әскери бөлімше құру идеясы туындады. Бұған тікелей ұйытқы болған Президент Нұрсұлтан Назарбаев еді. 1997 жылы 22 сәуірде Елбасының «Қа­зақ­стан Республикасының құқық қорғау органдарының жүйесін әрі қарай реформалау жөніндегі шаралар туралы» өкімі шығып, Қарулы Күштердің әскери полиция органдарын құруды тапсырды. Қорғаныс министрлігінің жан-жақ­ты қолдауының арқасында сол жылдары әскери полицияның мық­ты іргетасы қаланды. Осы арада мына бір нәрсені де еске сала кет­сем деймін. Әскери полиция әлемде 40-тан астам елде жасақтал­ған. Олардың қатарында АҚШ, Гер­мания, Франция, Ұлыбритания, Қытай және ТМД мемлекеттерінің бі­разында жүйелі жұмыс істеп келеді. Ең бастысы, 2005 жылғы 21 ақ­панда «Әскери полиция орган­дары туралы» Заң қабылданды. Бұл құжат әскери полиция орган­дары­ның құқықтық негіздерін, қағи­даттарын, міндеттерін айқындап берді. Сонымен қатар, «Адалдық, бастамашылық, көмек» ұранымен тәулік бойы қалтсыз қызмет атқару ісі де сол құжатта нақтыланды. – Ербол Дәулетбақұлы, заңға сәйкес әскери полицияның атқаратын міндет-мақсаттарын таратып айта кетсеңіз. – Бастыларына тоқталар болсам, құқыққа қайшы қолсұғушылықтан әскери қызметшілердің және басқа да азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау; гар­ни­зондарда құқық тәртібін қам­тамасыз ету, әскери қылмыс және құқық бұзушылықты анықтау, дер кезінде ашу және жолын кесу; әскери бөлімді өз еркімен тастап кеткендерді болдырмау, тергеу органдарынан, соттан жасырынып жүрген әскери қызметшілерді іздеу; әскери көлік құралдарының жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әскери қызметшілерді әскери полицияның гауптвахталарында ұстау – осылай жалғасып кете береді. Бұған қарап, әскери полиция араласпайтын қызмет саласы жоқ деуге болады. Ел Президенті – Қазақстан Рес­публикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әскери-саяси жағдайды ескере отырып, мық­ты жауынгерлік әзірлікті сақ­тау туралы талаптары аясында қазір­гі уақытта әскери полицияның күн­делікті іс-әрекеті екі негізгі бөлікті құрайды. Оның біріншісі – құқық қорғау, екіншісі – әскер құрамы болып есептеледі. Құқық қорғау құрамына келетін болсақ, алда айтқанымыздай, бұл құқық бұзушылықтың алдын алу, шетел делегацияларына және әскери лектерге ілесіп жүру, гарнизондарды патрульдеу, мемлекеттік және халықаралық көлемдегі іс-шаралар, оқу-жаттығулар кезінде құқық тәртібін қамтамасыз ету, тағы басқалар. Әскер құрамы – бұл жол коменданттық қызметті ұйымдастыру, маңызды объекті­лерді күзету, әскерлердің жауын­гер­лік іс-қимылдары кезінде құқық тәртібін қатаң сақтау және басқа да қызметтерді атқару. Әскери полиция жауынгерлері әскери полицияның абыройы мен беделін түсірмеуге, қайта нығайтып тудай етіп биік көтеруі тиіс. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери полиция қызметкерлерінің қызметтік этика ережелері әзір­леніп, бекітілді. Соның нәтиже­сінде қазіргі кезде әскери полиция Қарулы Күштер жүйесінде лайықты орынға ие болды. Қызмет атқарудағы басты мақсатын әр азамат сөзбен емес, табанды іс­пен жүргізу бұлжымас парыз. Мұн­дай ауқымды жұмыстардың мүл­тік­сіз орындалуына Қорғаныс ми­нистрі Иманғали Тасмағамбетов пен ҚР ҚК Әскери полициясы бас бас­қар­масының бастығы, генерал-майор Тимур Дәндібаев тікелей ба­ғыт-бағ­дар беріп, ұйытқы болып отыр­ғанын айтуды өзіме міндет санаймын. – Әскери білімін жетілдіруге келген азаматтарды орталыққа қабылдау қалай жүргізіледі? – Біздің орталықта білімдерін жетілдіретіндердің жас шамасы 35-тен аспауы керек. Жоғары оқу орындарындағы әскери кафедраларда білім алған лейтенанттар, сол секілді Отан алдындағы борышын өтеп қайтқан азаматтар ғана оқиды. Әскери полицияның жергілікті жерлердегі бөлімдеріне керек кадр­ларды олар өздері таңдайды. Заң талабына сай өтініштерін берген соң, сынақтардан өткізеді. Ол бойынша үміткердің бойы 1,75 метрден кем болмауы, дене бітімі мығым, шымыр болуы тиіс. 100 метрге, одан соң 3 шақырымға жүгіру барысында мәреге белгіленген уақытта келуі қажет. Осы сыннан сүрінбей өткендердің құжаттары Қорғаныс министрлігінің Қарулы Күштері Әскери полициясы бас басқармасына жіберіледі. Содан кейінгі жерде білім алсақ дегендер біздің орталыққа келеді. – Сіздердегі қабылдау қалай жалғасын табады? – Біздің орталықта олар тест бойынша емтихан тапсырды. Әр азамат Отан қорғау ісіндегі адалдығымен қатар, ел тарихын жетік білуі, қасиетті Тәуелсіздігімізді жоғары бағалауы, оған әрқашан адалдық танытуы, Ата Заң талаптарын мүлтіксіз орындауы, қандай мемлекеттермен шекаралас екенімізді, яғни Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне тікесінен тік тұрып жауап беретіндей болуы тиіс. Осыған жауап бергендер біздің орталықта оқуына мүмкіндік туа­ды. Шынында, әскери қызмет, яғни мемлекеттің саптағы сарбазы болу оңай шаруа емес. Біз талапкерлерді қабылдаған кезде оларды психологиялық жағынан да жан-жақты қадағалаймыз. Жетік мамандар әр талапкермен әңгіме өткізеді. Әскери полицияға келген адам тәуліктің 24 сағатында көз ілмей жүретін уақыт тезіне төзуі қажет. Аяқ астынан дабыл болғанда жедел жиналып, тиісті орнында табылуы керек. – Осы уақытқа дейін сіздердің орталықтарыңызда қанша адам әзірліктен өтті? Қайта даярлау жағы да қарастырылған болар? –1500-ден аса азамат жан-жақты білім алды. Қайта даярлау да үздіксіз жалғасын табуда. Мәселен, әскери қызметшілер бір бөлімнен екінші бөлімге ауысқанда, мамандықтары өзгереді. Сол кезде олар біздің орталыққа келіп, жаңа мамандығына сай білімдерін жетілдіреді. Осы арада мына бір мәселені ашып айта кетейін. Бізге келген талапкерлер үш ай мерзімге жіберіледі. Екі ай ішінде теориялық тұрғыда оқып, мамандығын терең меңгеруге жол ашылады. Ал қалған бір айында өзін жіберген жергілікті жердегі әскери полиция мекемесіне барып практикадан өтеді. Практика мен теорияны жетік ұштастырғандарға біз мінездемемізді беріп, мамандығына сай қызмет ететінін алға тартамыз. Ең бастысы, орталықтан білім алып шыққандардың бәрі жұмысқа орналасады. – Білім жетілдіруге келгендерге сабақ жүргізу тәсілі қалай атқарылады? – Барлық жағдай қарастырылған. Оқу сыныптары оқулықтармен, әдістемелік құралдармен, ин­те­р­ак­тивті тақталармен толық жаб­дықталған. Мол кітап қоры жинақ­талған кітапхана, спорт залы, тәрбие бөлмесі жұмыс істейді. Оқытушылар құрамына келер болсақ, оқу бөлімінің бастығы, подполковник Бауыржан Сәлімбаев, полковник Серікхан Іргебаев, подполковник Беріктас Жүнісов, майорлар Әлен Пардабаев, Нұрлан Жораев, Досбол Қозжанов секілді тәжірибелі де білікті әскери маман иелері сабақ береді. – Сіздерде оқу қай тілде жүр­гізіледі? Өзге мемлекеттермен қарым-қатынас жағы қалай? – Қазір екі тілде, яғни қазақ, орыс тілдерінде оқытылып келеді. Елбасының тапсырмасына орай алдағы уақытта ағылшын тілінде оқытуды қолға кешіктірмей аламыз. Соған қазір әзірлік жұмыстары жүргізілу үстінде. Тілді жетік білетін мамандар, оқу-әдістемелік құралдар жинақталуда. Ал өзге елдермен қарым-қатынас дегенге келер болсақ, алыс-жақын елдермен байланысымыз жақсы. Жиі дөңгелек үстелде бас қосып, алдағы міндет-мақсаттарды талқылап оты­рамыз. Ежелгі көршіміз Ресей мемлекеті өзінің әскери полициясын 2013 жылы құрған еді. Ал біздің әскери полициямыздың жұмыс істей бастағанына 20 жылға таяды. Осы жылдар ішінде жинақтаған тәжірибемізді өзге елдер әсіресе, ресейлік әскерилер жылда келіп оң істерімізді үйреніп қана қоймай, өздерінің күнделікті жұмысында қолданып отыр. Заман талабы, уақыт өлшемі ескі сүрлеуде қала беруді қаламайтыны анық. Біз Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары бағдарламасына сай орталықтың жаңа тұжырымдамасының жобасын жасап, қазір соны талқылау үстіндеміз. Бұл алдағы уақытта өзінің нәтижесін береді деген сенімдемін. Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».