• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Сәуір, 2016

Ел данасы

936 рет
көрсетілді

Ұлттық рухтың қамқоршысы «Мен бар өмірімді қазақ деген халықтың ең киелі де асыл мұрасы – қазақ тіліне арнап келе жатқан жанмын. Аз ба, көп пе, жақсы ма, жаман ба – біраз ойларымды хатқа түсіріп жас ұрпаққа ұсынып жүрген жайым бар. Көрген, оқыған, түйген нәрселер неше алуан ойға жетелейді. Әсіресе, ана тілдің тағдыры түнде де, күндіз де мазалай береді», – дейді  академик Өмірзақ Айтбайұлы. Өмекең ұлттық рухтың, өз халқының мәдениетінің нағыз қамқоршысы болып табылады. Ол – ғылым мен өнерді қатар алып келе жатқан ғалым. Оның сазгерлігін танытатын бірнеше, атап айтқанда, белгілі «Жар сәлемі», «Жас ойшыл», «Ана тілі», «Тіл өнері дертпен тең», «Ақ қоян», «Өренім», тағы да көптеген әндері жұртшылыққа мәлім. – Өмекең халық әндерінің және опе­ралық ариялардың шебер орындаушысы және виртуоз домбырашы, ол өнер­мен шұғылданса, нағыз атақты әртістің өзі болар еді. «Ыстықкөлдің ал­қызыл гүлдері» деген көркем фильмде Өме­кең орын­даған әнде қазақтың кең-бай­тақ даласы көзге елестеп, туған жерге, Отанға деген өзінің сүйіс­пеншілігі көрініп тұ­рар еді. Өнерге деген ынтықтығына қа­рамастан, Ө.Айт­баев лингвистикалық ғылым жолына түсіп, тілтанымның ең жо­ғары сатысы­на көтерілді. Қазақ Алладан бала сұрайды, бала сұраса дана сұрайды «Бала берсең, да­на бер, баланың жақ­сысын, – адалын бер», – деген мәтел содан қалса керек. Дана бала әкесінің атын, халқының салтын, Отанының даңқын асырады. Жаман бала әке атына кір келтіреді. Отанын қорғай алмай сағыңды сындырады, «Қоянды қамыс өлтіреді, ер­ді намыс өлтіреді», дегендей намысыңды келтіреді. Міне, осы­ның бәрінен тәлім алған қазақ атамыз «бала» дегенді екіге бөлген: бірі – әкесінің баласы, екін­шісі – ел баласы. Әкесінің баласы түтін тү­тет­кенмен ауыл арасынан, ел­дің қарасынан ұзамай жүреді. Қа­зақтың: «Әкеңнің баласы болма, елдің баласы бол», деп бата беруі де көп дүниені аңғартады. Өмірзақ Айтбайұлы – міне, осындай ұлт перзенті, ел баласы. Осы арада толассыз жарға соғып, аласапы­ран за­мананы дабылдатқан ХХ ғасыр ұлысы Әлихан Бөкейхановтың өзін «Қыр баласы» деп атауы ойыңа еріксіз оралады. Әлекең бастаған ұлы шоғыр Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Ай­мауытов, Мағ­­жан Жұмабаев «Елім-айлап», өмір­ден өтті. Кейін кеңестік кезеңде дана­лықтарын танытып, білім, өнер көгіне құлаш ұрған Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, тағы басқа ағалар жұл­дыз­­дай аспан әлемін қақ жарып, таң­дандырып тамсандырып олар да кетті. Міне, солардан кейінгі ұрпақтың ізін баса Өмекеңдер келді. Мұқаң, Қане­кеңдерге ере шыққан ұрпақтың өкілі академик апамыз Рабиға Сыз­ды­­қованың Өмірзақ ағаның бір мерейтойында айтқан сөзі осы жерде ойға оралып отыр. «Жақсы жанның із­гі қасиеттерін алдымен оның ұшқан ұясынан, алған тәрбиесінен, өткен өмір мектебінен іздеген жөн», деп: «Өмекеңнін әкесі Қаратау, Сыр өңіріне белгілі ақын әрі мәдениет қайраткері болған. Ол Айтбай мекеніндегі Қарнақ медресесінде Айтжан атты молладан оқып, мұ­сылманша жақсы білім алған. Өз бетімен ізденіп, Бұхараға барып, білімін толықтырып, араб, парсы тілдерін меңгерген, шығыс әдебиетін жақсы білген зиялы адам болған екен, бірнеше поэ­ма-дастандар жазған, айтыстарға қатысқан. Оқуын бітірген соң Ташкент қаласында мұғалім бо­ла жүріп, атақты Майлықожа, Мәделі­қожа, Молда Мұса, Шәді төрелермен сыйлас, дәмдес болған. Олардың жыр­ларын жатқа айтып, жалпақ жұртқа жаюшылардың бірінен саналады. Әкесі Өмекеңді бір елі қасынан тас­тамай, ертіп жүріп тәрбиелейді. Поэзия мен ән-күй – әсемдік әлемі болса, сол сұлулыққа баулиды. Дін – имандылық мектебі болса, діни жоғары білімді әкесі Өмекеңді адамгершілікке тәрбиелейді. Сірә, ғалым, қайраткер Өмекеңнің өмір жолын баяндауға көшпес бұрын, ұлан Өмекеңнің жан дүниесіне үңілсек, оған табиғат, дәлірек айтсақ ата-анасы бойына өнер мен иман дарытыпты. Әкесі ғана емес, анасы Жұмагүл На­рымбетқызы да әнші әрі домбырашы болған, тіпті, ақындықтан да құр алақан емес екен. Бірде қосағы Айтекеңмен айтысып, оны жеңіп те кеткен көрінеді. Халқымыздың осындай ән-күй, ақындық өнерінің қос иесінің шаңырағында Өмекең дүниеге келді. Өмекеңнің шыққан тегі, өскен ортасы, ата-анасынан да­рыған асыл қасиеттер» екенін академик апамыз Рабиға Сыздықова осылайша өте жақ­сы айтқан еді. Өмірзақ Айтбайұлы 1936 жылы 5 сәуірде Оңтүстік Қа­зақ­­­стан облысы, Отырар ауданы, Балтакөл (бұрын Түркістан ауданына қараған) ауылында, алда айтылғандай ағартушы-мұғалім отбасында дүниеге келді. Өмір жолын Өмекең 1953 жылы Кентау қа­ласындағы Мырғалымсай «Сан­­­техмонтаж» мекемесінде темір шебері болып бастайды. 1954-1959 жылдары әл-Фараби атын­дағы ҚазМҰУ-дің фи­лология фа­культетінде оқиды. Ол студенттік жылдардың өзінде ғы­лыми, қо­ғамдық жұмыстарға белсене араласады. Өнерді де өгейсітпейді. 1959-1962 жыл­дары «Социалистік Қа­зақстан» газетінде әдеби қызметкер, 1962 жыл­дың көктемінде Қазақ КСР Ғылым ака­демиясының Тіл білімі инс­титутына кіші ғылыми қызметкер болып ауысады. Міне, осыдан былай қарай ол табан аудармай ғылыми жұмыспен түбегейлі айналысады. 1971 жылы «Максим Горький фра­зе­ологизмдерінің қазақ тілінде берілу жолдары» деген тақырып бойынша кан­дидаттық диссертация қорғайды, 1992 жылы «Қоғамдық ғылымдар тер­­­минологиялық лек­сикасының қа­лыптасуы мен дамуы» деген та­қы­рып­та докторлық диссертация қор­ғайды. Академик Ө.Айтбайұлының зерт­­­­­теу­лерінің тақырыбы әр алуан және сан қырлы. Дегенмен, термино­логия және аударма мәселелері ға­лымды көбірек қызықтырды. 1975 жылы жарық көрген «Ау­дар­мадағы фразеологиялық құ­былыс» деген еңбегі кең тарап, қалың оқырманға танымал болды. Бұл монографияда термино­логия мәселелері және мақал-мә­телдердің дұрыс қолданылуы, олар­дың семантика-стилистикалық және этнолингвистикалық ерек­ше­ліктері туралы сөз болады. Аударма теориясының лингвистикалық мә­се­лелерімен біраз шұғылданып, ғалым қазақ терминологиясының өзекті проблемаларына көбірек назар аударады. Қазіргі таңда ұлттық терминологияның дамуы мен қа­лып­­тасуы жайында сөз болғанда, Ө.Айтбайұлы еңбектерін ерекше атамай өтуге болмайды. Жиырма бес жылдан астам Тіл білімі институтының бөлім мең­герушісі ре­тінде Өмекең терминология мен аударма теориясына қатысты іргелі та­қы­­рыптарға басшылық жасап, терминология саласының негізгі прин­циптері мен қағидаларын және оның басты бағыттары мен әдістерін зерттеп анықтап берді. Терминдерді қа­лыптастыру, жүйелеу, қазақ тілі заң­­ды­лықтарына икемдеу жолдары жа­йында көптеген еңбектер жа­рия­ла­ды. Бұл еңбектерде тіл­дің жалпы лек­сикалық жү­йе­­сі мен терминдердің ара-қа­ты­­насы, олардың бір-бірінен айыр­машылықтары, қазақ тіліндегі термин жасау тәсілдерінің түрлері және олардың лексика көз­де­рі, терми­нология теориясы­ның даму жол­дары мен кезеңдері қа­растырылады. Өмекеңнің айтуынша, «Қазіргі қарас­тырып жүрген терминдер теңіз астында жатқан алып мұздың аздаған үстіңгі жағы ғана», дәлірек айтқанда, терминология мәселелері әлі де жан-жақты зерттеуді қажет етеді деп түсінеміз. Академик Өмірзақ Айтбайұлы қазақ терминологиясы туралы зерттеу жұмыстары мен проблемалық та­­­қырыптарға жетекші болып, бір­неше ұжымдық ғылыми кітаптарды жарыққа шығарады. Бұлармен қатар, көрнекті ғалым «Тіл мәдениеті және баспасөз» (Алматы: «Ғылым», 1968); «Өрелі өнер» (Алматы: «Ғылым», 1976); «Сөз өнері» (Алматы: «Ғылым», 1978); «Қазақ тер­минологиясының мәселелері» (Алматы, 1986); «Аудар­маның лексика-стилистикалық мәсе­ле­лері» (Алматы: «Ғылым», 1987); «Тер­миндер және олардың аудармалары» (Алматы: «Ғылым», 1990), «Ана тілі ардағым» (1990, Н.Уәлимен бірге), «Тіл майданы» (Ә.Қайдармен бірге), «Основы казахской терминологии» (2000) «Ана тіл, ана сүтім, арым менің» (Арыс, Алматы, 2007), «Қазақ тіл бі­лімінің мәселелері» (Арыс, Алматы, 2007) монографиялық еңбектері және 500-ге жуық ғылыми мақалалары басылып, жарық көреді. 2015 жылы 5 томдық таңдамалы еңбек­тері жұрт қолына тиді. Ғалымның тіл білімі ғылымына қосқан үлесі жоғары бағаланып, «Құрмет» (1998) пен «Парасат» (2006) орден­дерінің  иегері болды. Өмірзақ Айтбайұлы термин жа­саудың басты ұстанымдары мен әдіс-тәсілдерін негіздеп, ұлттық тер­­­мин­дердің қалыптасуындағы қиын­шы­лықтарды анықтады және салалық терминдердің жасалу жолда­рын си­­паттап берді. Өмекең қазақ тер­­ми­­нологиясын тарихи аспектіде қарастырады, олардың қалыптасу жол­­­дарын, даму ке­зеңдерін, ғылым тілін байытудағы рөлін анықтап көр­сетеді. Ол қазақ терминологиясы – тіл білімінің басқа да салалары сияқты өзінің күрделі тарихи даму сатыларынан өтті дейді. Қазақ терминологиясын дамытуда Ахмет Байтұрсынұлының ғылымға қосқан үлесін зерттегенде, ғалым оны қазақтың ғылыми тер­ми­нологиясының негізін қалаушы деп бағалайды. Қазақ тіл білімінің тари­хында Ахмет Байтұрсынұлының қос­қан үлесін Абайдың әдебиетке қосқан үлесімен салыстырады. 20-30 жылдары қазақ терми­но­ло­гиясының жасалуы мен қалып­та­суында А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұ­­банов елеулі рөл атқарған болса, бүгінгі күндері қазақ тер­ми­нологиясының дамуы мен қалып­тасуына Өмірзақ Айт­байұлы­ның қосқан үлесі елеулі. Ахмет Бай­тұрсынұлын Өмекең қазақ тер­минологиясының «атасы» деп ба­ға­лайтын болса, бүгінгі күндері академик Өмірзақ Айтбайұлын қазақ терминологиясының «ағасы» деп айтуға болады. Ұлттық терми­но­логияны дамыту жайындағы ға­лымның өз байламдарына тоқталып көрейік: «Терминология – ғылым мен техника тілін дамытатын лек­сиканың бірден-бір күрделі қабаты. Қазақ тілі терминологиясы жазу сауаттылығын арттыратын емле ережелеріне тікелей тәуелді. Ендеше, емле ережемізде термин сөздерді жасау, қабылдау жөнінде жіберілген қатені түзеу. Термин­жа­самның жаңа үлгілерін баспасөзде жариялай отырып, соның негізінде жыл сайын пікір сайысын өткізіп отыру. Терминолог кадр да­йын­дау жолдары қарастырылып, ма­мандарды шетелге тәжірибе алмасуға дейін жіберуді ойластыру. Қазақ терминологиясының өзекті мәселелері жөнінде радиохабарларды үздіксіз жүргізіп, екі жылда бір ғылыми прак­тикалық конференция өткізіп отыру. Бүкіл түрік тілдеріне ор­тақ терминологиялық қор жасау ісімен шұғылдану», дейді академик. Көрнекті оқымысты Ө.Айт­бай­ұлы­ның еңбектерінде тер­мино­логияның қалыптасу ке­зең­дері, оның басым бағыт­та­ры айқындалған. Ғалымның пайымдауынша, терминология әдеби тілдің бір бөлігі ретінде лексикологияның нағыз өзегінде тұр. Терминологияның жалпы тео­риясын жасауда, оның ғылымдар қатарындағы орнын айқындау жағ­дайында Өмекеңнің қосқан үлесі зор. Термин жасау процесінде ғалым ең алдымен қазақ тілінің потенциялын мүмкіндігінше кеңірек пайдалану керек, дейді. Басқаша айтқанда, бұл – ұлт тілінің өз байлығын сарқа пайдалану керек деген сөз.  Термин жасау про­­цесінде ұлттық тілімізге тән дайын схемалар негізге алынады. Кірме сөздерді ана тіліне икемдеу мақсатында жаңа модельдер құрастырылады. Деген­мен, басқа тілдерде қолданылатын тер­миндерді өз тіліне қабылдауда және барлық халықаралық терминдерді ау­дар­ғанда сақ болу керектігін де ғалым еске салып отырады. Бұл процестың жа­уапкершілігі мол, себебі, ұлттық тіліміз қоғамның қарым-қатынас рөлін атқа­рып, сол қоғаммен бірге дамитыны белгілі. Еліміз егемендігін алғаннан бері терминология мәселелері қарқынды дамып келеді. Соңғы кезде ғылым мен техниканың өрлеуіне байланысты бір жаңа ұғым пайда болса, бір жаңа термин дүниеге келеді. Сондықтан, терминология проблемаларымен тек тілші мамандар емес, басқа да сала қызметкерлері де шұғылданып жүр. Тілші ға­лым­дармен бірге, жалпы зиялы қауым өкілдері де термин жасаумен айналысуда. Со­ның нәтижесінде неше түрлі терминология сөздіктер құрастырылды. Әр автор өзінше тер­мин шығаратын да болды. Жаңа терминдер жасалып, айналымға енгізілуде. Айта кететін жағдай, жаңа жасалған терминдердің бәрі бірдей лингвистикалық нормалар­ға сай ке­ле бермейді. Олардың ішін­де сәтті жа­салған терминдермен қатар, сәт­сіз берілгені де бар. Несін жасы­рамыз, жүйесіз жа­салған терминдер де, терминдердің негізгі заңдылықтарына жауап бере алмайтындары да баршылық. Кейбір термин құ­­­рас­тыру­шы­лар­­дың пікірін­ше, бар­лық тер­мин­дерді қазақшалау керек, дейді. Оның нәти­жесінде тіл­дің заң­ды­лығына қарсы, тер­мин жасау қағи­даларына жауап бермейтін, құлаққа жағымсыз есті­летін терминдер пайда болатыны ақиқат. Бұларға қарама-қарсы пікір­ді ұста­натындар қазақ орфоэпиясы және орфо­графиясы заң­ды­лықтарын есепке алмай, терминдерді сол күйінде аудармай қалдыру керек дегенге ден қояды. Бұған байланысты акаде­мик Өмірзақ Айтбайұлының өз ұстанымы бар. Ғалымның пі­кірінше, қазақ терминологиясы екі жолмен қалыптасады: ұлттық тілдің байлығы және кірме сөз­­дер арқы­лы. Жат тілдерден келген кейбір тер­миндерді, дәлірек айтқанда, қалыптасқан интер­терминдердің бәрін аудару қажет емес. Себебі, бір ғылым саласында қолданылатын халық­аралық терминдердің қазақша баламаларын табу, қалыптастыру барлық уақытта сәтті бола бермейді. Термин жасаудың жауапкершілігі мол, өйткені рухани, мәдени, әлеу­меттік және басқа да халықтың байлықтары тіл арқылы танылады дейді, ғалым. Термин жасаудың негізгі жолдары, әдіс-тәсілдері қандай дегенде, про­фессордың пайымдауынша, олар семантикалық, морфологиялық, синтаксистік және калька тәсілдері арқылы жасалып, олардың қол­да­нылуы контексте тексеріледі. Бұл жағдайда қазақ тілінің жалғамалы тілдерге қатыс­тылығы есепке алынады. Өмірзақ Айтбайұлының еңбек­терінде терминологияны зерттеуде оның тіл тарихымен, грамматикамен, тіл мәдениетімен байланысы сезіледі. Себебі, ғалымның пайымдауынша, тер­мин жасау процесі тіл тарихы дамуының негізгі бағыттарынан тыс қарас­тырылмайды. Тіл даму барысында кейбір сөздер қолданыстан шығады, олардың орнына жаңа сөз­дер, соның ішінде терминдер туады. Кейде ескі сөздер жаңа қызмет ат­қа­рады. Соның нәтижесінде тіл баиды, нақтыланады. Тілде ор­ныққан ежелден келе жатқан белгілі тәсілдер арқылы жаңа сөздер пайда болады. Қазіргі өмір талабына сай, саяси-экономика-рухани өзгерістерге бай­ланысты терминдену процесі қарқынды жүріп жатыр. Қазақ тілінің термин жасау процесінің барлық мүм­кіндік­тері әлі толық зерттелмеген соң, жаңа тер­­миндерді қабылдау барысында олардың семантикасында, ұғымның дәл берілуіне тырысу қажет, оған, жаңа сөзді белгілегенде, оның эти­мология­сын ескеру керек. Сондай-ақ, жаңа тер­мин ұсынғанда, оның алғашқы ұғымына тереңірек үңіліп, сол ұғымның мазмұнын дә­лірек ашатын сөзді таңдаса, сонда ғана термин мен ұғым бір-біріне сәйкес келіп тұрады. Терминдердің өзіндік критерийлері бар, ол қысқа, семантикалық жағынан нақты, жүйелі болуға тиісті. Терминдердің өзіндік қа­сиеттеріне қатысты талаптарына сай сөздерді таңдау, ға­лымның интуициясына, біліміне және жауапкершілігіне негізделеді. Қазақ тілінің төл сөздері мен ха­лық­­­­аралық сөздер аясында термин жасау процесінде араб-парсы сөз­дерін де пайдалануға болады, дейді ғалым. Бұл сөздерді қабылдауда, ана тіліміздің дыбыс заңдылықтарына икем­деліп, құлаққа жағымды болып, тез қабылданатын, түсінікті болғаны жөн. Сонымен, Ө.Айтбайұлы ғалым және қоғам қайраткері ретінде тер­­мин жасау процесін кең және ауқымды қа­растырады. Термин шығармашылығы қоғам өмірінде болған өзгерістермен тікелей бай­ланысты және тіл саясатына сәйкес келгені жөн. Тер­миндер, әдетте, тілші ғалымдар мен әр саладағы мамандардың осы бағытта істеген жұ­мыстарының нәтижесі болып табылады. Ғалым қазақ тер­минология­сын әдебиет тілі­нің ең күр­делі де қызықты саласы ретінде таниды, оның өзіндік даму жолдары мен қа­лыптасуы, құрылымдық модельдері, жасалу әдістері мен заң­­­ды­лықтары бар екенін атап айтады. Терминология проблемаларымен қатар, академик Өмірзақ Айтбайұлы сөз мәдениеті, стилистика, лексикология, ономас­тика, диалектология, әдеби тіл, ор­фография проблемаларымен де шұғылданып жүр. Ғалымның халықаралық ғылыми конференция­лар мен конгрестерде тіл білімінің өзекті мәселелері, тіл саясаты, терминология проблемаларына байланысты жасаған баяндамалары әрдайым үлкен қызығушылықпен қабылданады. Ұзақ жылдар бойы Өмекең ғылым кадр­ла­рын даярлау ісіне үзбей атсалысып келеді. Жалпы, тіл білімі мен қазақ тіл бі­лімінен республиканың жоғары мекемелерінде дәріс оқыды және Қай­нар университетінің деканы ретінде үлкен жұмыс атқарды. Өмірзақ Айтбайұлы Жоғары Аттес­тациялық Комитет прези­диум­­­­ының, сонымен бірге, институт жанындағы ғылы­ми дәреже бе­ре­тін ғылыми Кеңестің көп жылдан бергі мүшесі ретінде, ғы­лымның жас мамандарының өсіп, жетілуіне қолғабыс етіп келеді. 1998 және 2005 жыл­дары лингвистикалық ко­мис­­сияның төрағасы ретінде пре­зи­денттікке үміткерлерден емтихан қабылдады. Ғылыми-ұстаздық жұмыста­ры­мен қоса, академик Өмірзақ Айт­­байұлы Үкімет жанындағы Мемлекеттік тер­мин­комның мү­шесі, ғалым хатшысы ретінде тер­минологияның практикалық мәселелерін шешуде көп жұмыс атқар­ды. Мемлекеттік тер­мин­комның осы заман сұранысына лайықты ережесін қайта жазып, құ­ры­лымын нақтылай түсуінде де Ө.Айт­байұлының қосқан үлесі зор. Сондай-ақ, Өмекеңнін қайрат­керлік қабілетінің айқын көрінген тұсы – Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын­дағы жұмыстарымен тікелей байланысты. Республикадағы тіл саясаты мәселесінің шиеленісіп қазақ тілінің қиын жағдайда тұрған шағында ол академик Ә.Қайдаримен бірге ана тілінің мүддесі, мұң-мұқ­тажы үшін күрескен Рес­пуб­ликалық «Қазақ тілі» қоғамын ұйым­дастырушылардың көш басында болды. Қазіргі кезде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы деп атала­тын бұл ерікті ұйым кезінде жалпы­халықтық сипат алып, ұлттық, тілдік сананы оятуға түрт­кі бол­ған көптеген шаралар ұйым­дастырғаны күллі жұртшылыққа мәлім. Өмірзақ Айтбаевтың өз сөзімен айтқандай, «Мемлекеттік тіліміздің өрісін бақылайтын халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын құрып алдық. Республика зиялылары осы қоғам маңайына топтаса білді. Қуанышта шек болған жоқ. Тіліміздің қолданыс аясы кеңейіп, қазақ тілі мен әдебиетін, тарихын зерттейтін ғылыми институт­тар, мекемелер өзгеше өріс ашып, тәуелсіз еліміздің рухани тірегін негіздейтін зерттеу жұмыстарын жандандыра түсті». Өмекең ұйымның тұңғыш «Ана тілі» деп аталатын әнұра­нын өзі шы­ғарып, өзі орындады. Республика оқыр­­мандары сүйіп оқитын басылым­дардың қатарындағы «Ана тілі» газе­тінің ұйымдастырылуы академик Әбдуали Қайдари мен бірге белсене ара­­ла­суымен жүзеге асырылған игі шаралардың бірі болды. Қазіргі кезде Өмекең халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті ретінде елеулі жұмыс атқарып жүр. Тағы айта кететін бір жағдай бар. Соңғы кезде А.Байтұрсынұлы атын­дағы Тіл білімі институтының тағдыры белгісіз болып отыр. Оңтай­ландыру мақсатында бұл ғылыми мекемені басқа оқу-әдіс­теме орталық­тарына қосу жоспарлануда. Бұл мәселе, Өмекеңді қатты толғандыруда. Себебі, әлемде қазақ тілін зерттейтін жалғыз инс­титут бар болса, ол А.Байтұрсынұлы атын­дағы Тіл білімі институты ғой. «Қазақтың ұлттық санасын не­гіздеп, рухани жан дүниесін асқақтататын, тәуелсіз еліміздің рухани тірегі болып саналатын бұл ғылыми мекеменің тағдыры ауырлай түсіп отыр. Тіл инс­титуты – ұлттық институт емес пе? Оған немқұрайды қарау ел­дігімізге мін болмас па? Осы мәселені ойлана, ойласа жүрелік, аға­йын!», – деп Өмекең баспасөз беттерінде ұлтты толғандыратын толғағын білдірумен жүр. Көңілі жарық, жүрегі жылы Өме­кең­нін достары – сыйласы мен қимастары көп. Ондай адам әмбеге амандық, сау­лық, жақсылық пен жемістілік тілейді. Ондай адам жасы үлкен жақсыға айнымас іні, жасы кіші жақсыға айнымас аға, солардың бәріне пана. Сондай-ақ, ғалым, педагог, қоғам қайраткері ретінде академик Өмірзақ Айт­байұлы өзінің шығармашылық қуатымен, адамгершілігімен келесі ұрпаққа үлгі-өнеге болатыны сөзсіз. Зейнеп БАЗАРБАЕВА, ҰҒА корреспондент-мүшесі. Алматы.