• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
18 Қаңтар, 2011

Тыныштық. Жүрекке тым ыстық!

471 рет
көрсетілді

Әлемнің беделді мемлекет басшыларын Астана қаласында бір шаңырақ астына жинап ЕҚЫҰ Саммитін үлкен табыспен өткізу барлық қазақстандықтардың мақтанышына айналды. Кең ау­қым­ды алқалы жиынның сәтті өтуіне елордамыздың сақшылары да бар күш-қуатын жұмсады. Нәтижесінде олардың бірқатары мемлекеттік наградаға ие болды. Солардың ішінде ІІ-ші дәрежелі Даңқ орденімен Астана қалалық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Марат Демеуов те марапат­тал­ды. Осы орайда елордамыздың бас сақ­шысына жолығып, қа­ла­дағы криминогендік жағдай туралы сұраудың сәті де түскен еді. – Марат Ғанұлы, өткен жы­лы әлем көз тіккен ЕҚЫҰ Саммитін ойдағыдай өткізуде Астана қалалық ІІД қызметкерлері қажырлы қайрат таныта білді. Енді алда тұрған көптеген ірі шараларға дайындық тағы бас­талып кетті. Жалпы бүгінгі таң­да қаладағы қылмыстық ахуал қандай? – Елбасының нұсқауына сәйкес құқық қорғау саласын жетілдіру, қылмыспен күрес және оны бол­дырмау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жү­ріп жатқан реформа өз жемісін бере бастады. Елорда аумағында қыл­­мыстық ахуал тұрақты. Аса ауыр, оның ішінде адам өлтіру, денеге ауыр зақым келтіру және бопсалау қылмыстарының саны өт­кен жылмен салыстырғанда, аз­ай­ды. Қылмыстардың барлық тү­рін ашу деңгейі жоғарылады. 2 ұйым­дас­қан қылмыстық топтың көзі жойылды. – Қоғамдық қауіпсіздікті қам­тамасыз етуге қаншалықты күш тартылуда? – Астанада қоғамдық қауіпсіз­дік­ті қамтамасыз ету үшін полиция наряды мен қоғамдық көмек­шілердің жұмысына баса назар аударылады. Күн сайын көшеге мыңнан астам қызметкер мен 200 әскерилер шығып, тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз етеді. Осының арқасында көше мен қоғамдық орындардағы заң бұзу­шылық едәуір төмендеді. – Қылмыстың алдын алуда оған халықтың атсалысуы қалай? – Қылмыстың алдын алуға және ашуға халықтың тікелей ат­са­лысуы, қоғамдық көмекшілердің полицейлерге қолғабыс беруі– қо­ғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде өте тиімді жол. Бұны басым бағыт ретінде Мемлекет басшысы да Жолдауда қадап көрсетті. Елордада 500-ден астам консьерж жұмыс істейді. Өткен жылы олардың көмегімен 158 қылмыстың беті ашылды. Бұған қоса қаламыздағы 10-нан астам жоғары оқу орын­дарында қоғамдық көмекшілер бар. Олар кез-келген ұрлық, тонау немесе әлімжеттік оқиғалары кездесе қалса, полицияға хабар беріп, қылмыстық әрекеттің алдын-алуға немесе тез арада ашылуына септігін тигізеді. – Қоғам тарапынан полиция жұмысын бақылап, оларға ке­ңес беріп отыратындар бар ма? – Әрине, бар. Бүгінде Астана қалалық ІІД жанынан құрылған қоғамдық кеңес жұмыс істеп жа­тыр. Бұл институт полицейлерге деген қоғам көзқарасын түпкі­лікті өзгерту үстінде. Қоғамдық кеңесте әрбір шағым, әрбір арыз тың­ғылықты тексеріледі, орынды пікірлер, қылмыспен күресудің тиімді тәсілдері айтылады. Кеңес­ке белгілі қоғам қайраткерлері, заң­герлер мүше болғандықтан олар қоғамдағы өзекті тақы­рып­тарды қозғап, ішкі істер орган­дары жұ­мысын оңтайландыруға әсер етуде. Біз бұл бастамалармен шектеліп қалмаймыз. Алдағы күн­­дері учаскелік инспекторлар­дың жұмы­сын жандандыру үшін респуб­ликалық «Мен сіздің учаскелік инспекторыңызбын» атты шара­ның кезекті кезеңі баста­ла­ды. Осы ша­раға қоғамдық көмек­ші­лерді көп­теп тартуды жоспарлап отырмыз. Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.