• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Сәуір, 2016

Сот кепілі

694 рет
көрсетілді

«Қазақстандық сот төрелігі мен құқық тәртібі жүйесі ашықтық және кәсібилік тұрғысындағы жаңа сапаға ие болды. Қазақстандықтар мен бизнес субъектілерінің құқықтарын сотта қорғау деңгейі ендігі жерде ЭЫДҰ мемлекеттерінің жоғары стандарттарына сәйкес келеді». Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламенттің VI шақырылымдағы бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінен. Адам біреуден зорлық, яки на­қақ қиянат көріп, бірақ сол сәтте әділ­дікке қол жеткізе алмайтынын білген жағдайда ашынғаннан ама­лы құрып, сосын күпті көңілін көн­шітер соңғы үміті ретінде «сотқа беремін» дейді. Осы сөзді айтудың өзі қиянат көрген адамның көңі­ліне сәл жеңілдік тудырары да анық. Өйткені, «жәбірленушіні сот ақтайды, жәбірлеушіні сот соттайды» деген сенім басым тұрады. Сол сияқты, өзін лауазымдық жа­ғы­­­нан жоғары, әлеуметтік, яки тұр­­мыстық немесе материалдық жағы­нан бай-қуатты санап жүрген біреу екінші біреумен жанжалдасып, оны сол сәтте басып-жаншып тұқыртып алғысы келгенімен, анау әділдігін алға тартып болмай қойса және бұл оған есесі кет­іп ұтылғанын байқаса, намыс­тан ба, ызақорлықтан ба көгеріп жары­лардай болып: «Тұра тұр бәлем, әлі көзіңді көгертіп түрмеде шірі­темін, соттатамын!» дейді. Сөйтіп, екеуі­нің де айтқаны орындалатын­дай көрінеді. Бірақ алғашқыда екін­ші мысалдағы адамның қаһа­ры іске аспайтын кіжіңдей ғана әсер қалдырады. Өйткені, нақақ қия­нат шеккен адам сотқа барса, айт­қаны жүзеге асатыны белгілі дейміз. Себебі, заң біздің сана­мыз­ға осы әділдіктің ғана салтанат құ­ратынын сіңіріп тастаған. Қалай­да, қашанда нақақ қиянат көрген адам жапа шекпеуі қажет. Алайда, бұл қағаз жүзіндегі шындықтың кө­рі­нісі ғой. Ал нақты өмірде қалай? Әрине, нақты өмірде өзгешелік көп. Өйткені, көпшілік ана лауазымы жоғары, қолында билігі бар, ақшасы мол байдың дегені бо­латынын айтады. Расында, солай ма? Олай емес десек, оған қан­дай нақты дәлел бар? Сол сияқты, бұ­ған келісер болсақ, оны немен дәлелдей аламыз? Жұрттың де­ні мұ­ның алғашқысына да, соңғы­сына да келіспейтіндіктері сөз­сіз және екеуіне де келісетіндер аз еке­ні тағы рас. Сонда бұл адам­дар­­дың көзін нақты ақиқатқа қалай жет­кізуге болады? Егер даулас­қан екі жанның да айыбы болып тұр­ған жағдайда оларға ақиқатты ұғын­дыру мүмкін бе? Нақты жағдайда мүмкіндік аз. Сондықтан, адам айыпты ма, айып­­сыз ба, дұрыс па, жоқ па, кінәлі ме, кінәсіз бе, оның бәрін заң ай­­қындайды. Заң осы даудың шеші­­мін тауып, оған түпкілікті, әйтеуір, бір нүкте қою үшін қажет. Со­­сын сот заңға сүйеніп шешім шы­­ғарды дейді, бітті. Бұл орайда, осындай жағдайларда заңды сөз­бұйдалыққа, қағазбастылыққа, сот істі қарау­ды ұзақ сергелдеңге ай­нал­­дыр­мас үшін сот жүйесіне де өз­герістер енді. Өзгеріс тіптен көп. Бір ғана бес сатылы сот жү­йе­сі­нен бірден үш сатылы сот ама­лына ауысудың өзі неге тұрады. Ол ел үшін жаңалық қана емес, ең бастысы, тараптарға әділ­дікке тез қол жеткізудің оңды жолы деп қарастырылуда. Осыған орай ал­ғашқы саты – аудандық сот­тың, екін­ші саты – облыстық апел­ля­ция­­лық соттың және үшінші саты – Жо­­ғарғы Соттың кассациялық мәр­те­бесі артып, әрқайсысының дәр­мені күшейді. Ал бұрын бұл салада аудандық сот судьясының шығарған шешімі Жоғарғы Соттың шешімдеріне жұрт­­тың күмәнін келтіретін жайт­тарды туғызатыны бар еді. Себе­бі, ертеректе аудандық сот­тың екі адамды соттаған ісін об­лыстық ап­пеляциялы, кассациялық сот­тар қолдап, бірақ Жоғарғы Сот­қа келгенде, әлгі істің шикілігі бай­­­қалып, екі жігіттің жазықсыз сотталғаны анықталып, аудандық сот шешімі бұзылып, қайта қарау­ға облысқа жіберілген болатын. Жоғарғы Соттың аталған істі қа­раған қылмыстық алқа отыры­сының қаулысы бойынша облыс­тың апелляциялы алқасы бұл істі одан әрі жете толыққанды зерт­теп, зерделей келе Жоғарғы Сот ал­қасының тапқан қателігі дұрыс еке­нін, аудандық сот тек қудалау органының бір жақты шала тек­серісіне сай теріс үкім шығарғанын ашып, шешім күшін жойды. Одан әрі не болды дейсіз ғой. Одан әрі нағыз қызықтың көкесі орын алды. Облыстық кассациялық алқа Жо­ғарғы Соттың да, облыстық апел­ляциялық алқасының шешімін де дұрыс емес, өйткені, олар аудан­дық сот судьясының шешім күшін жою­да қателескен деп тауып, істі бұ­рынғы бәз қалпына түсірді. Бұ­ған, әрине, бәрі де наразы болды, бірақ бұл істі қайта қараған Жо­ғарғы Соттың жаңа құрамдағы қыл­­­мыстық істер бойынша алқасы ен­ді істі алдында қараған облыстық апелляциялық соты да, Жоғарғы Соттың бірнеше судьялары да те­ріс шешім шығарған, сондықтан, аудандық соттың үкімі өзгеріссіз қалдырылсын деп, дәу нүкте қойды. Сөйтіп, аудандық соттың тоқпағы мықты екен, облыстық, Жоғарғы Сот судьяларының уәждерін қай­тарып тастады. Бұл ештеңе емес, бәрі­нен бұрын жұрт енді кімге сенім артарын білмей қалды. Өйт­кені, тағы бір жаңа құрамдағы қыл­мыс­тық істер алқасы осы істі тағы бір мәрте қарар болса, басқа шешім қа­был­дан­басына кім кепілдік бере алады? Ал аталған іске байланыс­ты бастапқы шешімді шығарған ау­дан­дық соттың судьясы бірден ауысып кеткен. Бұл істі тергеген тергеушінің өзі қылмысқа ша­ты­лып, сотталған дейді. Жалпы, жа­зық­­сыз соттауға «заңды жағдай» жа­саған құқық қорғау органдары өкілдерін олардың келеңсіздігінен тас қапасқа қамалып, тағдырлары тәрк болған екі баланың көз жасы жібермеген секілді. Мұны текке мысалға келтіріп отырған жоқ­пыз. Біздің елде мұндай жағдай қайталанбауы тиіс. Сондықтан да, Мемлекет басшысы әділдік тек соттарда ғана салтанат құруы қажет деп атап көрсетті. Бұл сөздің мәні де, маңызы да зор. Адамның бәрі бірдей, сондықтан да, біздің елдің Ата Заңы бойынша бірде-бір адам жазықсыз жапа шекпеуі қажет. Ал оны қамтамасыз ете алатын тек сот қана. Елбасы бұл туралы айтудай-ақ айтып келеді. Бірақ, әділдік ауы­лы­ның төбесі қашан көрінеді деп көпшілік әлі алаңдаулы. Өйткені, қазір адам біткеннің көзі ашық: тарихтан та, саясаттан да, құқықтан да хабары мен ақпараты мол. Жаман мен жақсыны қалай тез айырса, дұрыс пен бұрысты да тез ажыратады. Демек, ешкім ештеңеге алдана қоймайды. Бірақ, қандай озық қоғам болмасын, адамдар арасында жоғарыдағыдай дау туындамай тұрмайды. Ал дау шешімін табуы тиіс дейміз. Онда да әлгі көкірегі ояу, көзі ашық жандардың көзін жеткізу үшін даудың нүктесіне еш­кім шүбә келтірмеуі керек. Алай­д­а, оған қол жеткізу оңай емес. Өйт­­кені, әркім өзінікін ғана жөн дейді. Бірақ, шындығына келгенде, олардың бірінің ғана ақиқаты басым екені даусыз. Сонда оны қайткенде, қалай айыруға болады? Және екінші тараптың көзін оған қалай жеткізуге болады? Демек, қайткенде, қалай ғана қара қылды қақ жаратын әділдікті орната алуға болады дейміз, біз де. Мұның қазіргі күні бір амалы табылды ма? Жоғарыда айтқанымыздай, әділдіктің соттарда салтанат құра­ты­нын Елбасымыз шегелеп айтып берді. Енді сол әділдікті орнату үшін не жетпей тұр? Әлде қазір әділдікті әділетсіздікпен айырбастап алған адамдар қатары көбейіп бара ма? Олай десек, онда қандай сот болмасын бекітілген заң шеңберінен шығып кете алмайтындай, яғни тура шешім ғана шығаруға мәжбүр қылатын құқықтық тетіктер қамтамасыз етілген амалдар іске асатын күн туа ма, өзі? Осы шетін мәселе төңірегінде реті келгенде біз Жоғарғы Соттың Төрағасы Қайрат Мәмимен ашық әңгімелескен едік. Ол біздің көкейімізде жүрген күпті мәселеге орай: «Міне, қазір сол күнге, сол сәтке де келіп жеттік. Қазір­гі уақытта заң үстемдігін қам­тама­сыз ету үшін нақты іс-шара­ларды жүзеге асыру кезеңі басталды. Ал ондай шаралар Ұлт Жоспарында көрсетілгені баршаға аян. Өзіңіз айтқандай, адам­дар кейде сот істі заңды қара­ған жоқ, заңсыздық орын ал­ды дейді. Олар оны неге айтады? Заңсыздықтар орын алатын жағдайлар болуы мүмкін ғой. Міне, енді байқасаңыздар, осындай заңсыздықтарға жол берілмеуі үшін қажетті тетіктер жаппай қарас­тырылып отыр», деді. Расында, байқар болсақ, Ұлт Жоспарына сай қазір тараптарға сотқа жүгіну мен судьяларға сот ісін қарау оңтайлы болуы үшін сот жүйесінде күрделі жаңалықтар пайда болғаны анық байқалады. Мұндағы алға тартылып отырған 11 қадамның барлығы да заңды түрде реттелді. Және оны азаматтар құқының талапқа сай қор­ғалуын оңтайландыру үшін көп­теген заңдарға өзгерістер мен толық­тырулар енгізілді. Сөйтіп, уақыт талабына толық сәйкес келе­тін жаңа Азаматтық процестік кодекс пен «Жоғары Сот кеңесі туралы» жаңа заң қолданысқа енді. «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Қылмыстық-процестік кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске тиісті өзгерістер енгізілді. Осылайша, бүгінде барлық деңгейдегі соттар жаңа қылмыстық және қылмыстық-процестік заң­нама бойынша жұмыс істеуге кірісті. Ал мұндай жаңалықтар бұ­рын болмады ма дерсіз. Болды. Бірақ заман ағысы бір орында тұрмайды ғой, даму үрдісі зор. «Сол дамуға сай біздің де негізгі мақ­сатымыз – әділдік. Ендеше, мына заңдарымыз да заман ағы­мы­на сай пайда болған кедергілерді жойып, тек сот әділдігін жүзеге асыруды ғана үдете түседі. Бұл, біздің көп­тен бергі межеміз – ұлттық сот жүйесіне деген халықтың және қоғамның сенімін арттыра беру», дейді Төраға. Жоғарыда аталған мысалға бай­­ланысты Төраға үш сатылы сот­тың басымдықтарына кеңінен тоқ­талып өтті. Қандай өзгеріс болса да, қандай заң шықса да, оның бәрі тек халық мүддесіне сай қызмет етуге тиіс. Сол айтылғандай, сот жүйеміз бес сатылы ма, үш сатылы бола ма, мәселе, о да емес. Халыққа ең бастысы құқының талапқа сай қорғалғаны, даудың жоғарыдағы заңдарға сай әділ шешілгені керек. Демек, үш сатылы дегенде адамдар одан не ұтады деген заңды сұрақ туындайды? «Иә, не жасалса да, ол алдымен халықтың игілігіне асуы қажет. Сотта әділдікке жетудің бір-ақ жолы бар – әділ шешім. Ал мұндай жолдың тарихы әріден басталатын, әбден тәжірибеден өткен көрнекті бағыты өмірде қол­данылып жатыр. Соның бірі – үш буынды сот жүйесі. Үш буынды сот жүйесі Еуропаның көптеген дамыған елдерінде қалыптасқан үрдіс. Демек, бұл – бәріміз өте көп айтатын, яғни әділдікке жетудегі өте қажетті құрылым болып табылады. Осы құрылым арқылы біздің ойлаған басты мақсатымыз не? Басты мақсат – сот сатыларын мейлінше азайту арқылы азаматтарды әуре-сарсаңға салмай, сот әділдігіне қолжетімділікті арттыру! Демек, үш сатылы сот жүйесі іс бойынша сот шешімінің жедел қабылдануына негіз қалайды. Ендеше, бұдан былай сотқа түс­кен істердің басым көпшілігі бірінші және екінші сатыдағы, яғни, аудан­дық, облыстық және оған теңестірілген соттарда өзінің түп­кілікті шешімін таба бермек. Бұрын облыста адамдарды әрлі-берлі сабылтып қоятын, яғни бірінің шешімін бірі қайталайтын аппеляция мен кассация қатар жұмыс істеген еді. Енді бұл кемшілік қай­таланбайды. Осылайша, апелляциялық саты облыстық сотта қалып, ал касса­ция­лық саты Жоғарғы Соттың құзы­рына берілді. Мұның пайдасы сол, ол сот шешімдерінің жедел әрі сапалы орындалуына мол мүмкіндік тудырады. Істі негізсіз созу, түрлі бұлтаққа салу сияқты келеңсіздікті жойып, кейде соттардың атына айтылатын әлгі «іс заңсыз қаралды» деген секілді небір алыпқашпа сөздерге тұсау салғызады. Сөйтіп, бұл аталған құрылым бүгінгі заман талабынан туындаған оңтайлы ұстаным екендігін халықтың разы­лығына бөлену арқылы дәлел­дейтіні анық. Өйткені, осы жаңа­лықтың арқасында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың рөлі күшейеді. Істі қарауда тара­зы­ның әділдік басы ғана тартады, демек, оның маңыз-дылығы мен мәртебесі де арта түседі» дейді Қайрат Әбдіразақұлы. Демек, қазіргі уақытта заң­дары­мыздың әлеуеті артып, маңызы күшейді. Қылмыстық саясатқа бай­ланысты төрт бірдей Кодекске өзгертулер мен толықтырулар да енді. Соған сай, міне, сот жүйесін реформалауға байланысты бірнеше қадамнан тұратын нақты амалдар да көрсетілді. Бірақ бұлар қанша жерден «алтынмен апталып, күміспен күптелгенмен» оларды жүзеге асыра алатын маман­дар болмаса, әлі де біраз уақытымызды жоғалтатынымыз рас-ау. Осыған орай судьялық лауазымға үміткерлерге алдымен қатаң талап қойылатыны бекер емес. Бұл өте маңызды мәселе. Кейін бармақ тістеп, сан соқпас үшін судьялыққа бірден дұрыс адамды іріктеп, таңдап алған жөн. Көпшілік күтетіндей, судьялыққа сотқа жүгінген әр тарапқа мынау ақ, мынау қара деп ақиқатты тура айтып бере алатын білікті де, білімді жан тағайындалғаны керек. Бұл мақсатта кең көлемді жұмыстар жүргізілді. Мысалы, жоғары заңгерлік білімі бар, адамгершілік ұстанымы берік, кемінде бес жыл сот отырыстарының хатшысы, судьяның, прокурордың, адвокаттың консультанты (көмекшісі) немесе заңгерлік мамандығы бойынша кемінде он жыл жұмыс өтілі бар үміткерлер судьялық қызметке таңдалынады. Үміткерлер үш кезеңнен тұратын біліктілік емтихандарын тапсырады. Бірінші кезеңде еліміздің заңдарын білуге арналған компьютерлік тестілеуден өтеді. Екіншісінде, сот практикасына қатысты сұрақтарға жауап береді. Содан кейін психологиялық тестілеу жүргізіледі. Көрдіңіз бе, мұндай талаптар тек судья болатын үміткерлерге қойылатын сынақтар. Ол осы талаптарға сай келмесе, судья бола алмайды. Судьялыққа кандидат үшін бұрын еңбек өтілі екі жыл ғана болатын. Қазір олай емес, алдында айтқанымыздай, талап күшейді. Демек, енді бес жыл мерзім қажет етіледі. Ал тағылымдамадан өту бір жыл болды. Ол тұрақты түрдегі және еңбекақы төленетін тағылымдама. Яғни, кандидат өзінің жұмысынан босатылып, тағылымдамадан өтуге тиісті. Жаңадан тағайындалған жас судьялар үшін бұлайша бір жылдық сынақ мерзімін енгізу – сот саласындағы маңызды жаңалық. Олар сынақ мерзімі кезеңінде әкімшілік, күрделі емес қылмыстық және азаматтық істерді қарайды. Сынақ мерзімі аяқталған соң, оның нәтижелері облыстық соттың жалпы отырысында талқыланады. Оң қорытынды алған жағдайда, кәсіби деңгейіне қарай Сот жюриінің біліктілік комиссиясы баға береді. Демек, біліксіз, тәжірибесі жоқ, тура шешім шығара алмайтын адам судьялыққа келе алмайды. Оған жол жоқ екен. Өйткені, сапалы сот төрелігін жүзеге асыру – осынау ауыр еңбекті таңдаған адамның кәсіби деңгейіне және адами қасиеттеріне тікелей байланысты болып отыр. Әр даудың артында адам тағдыры тұрады. Оны ешуақытта естен шығармаған жөн. «Сондықтан, біздер дамыған елдердің осы бағыттағы тәжірибесін терең зерделеп, үлкен талдау жаса­дық. Сөйтіп, ақыр аяғында судья лауазымына кадрларды іріктеу мәселелері бойынша осындай мәні зор, мазмұны ерекше өзгерістер енгізілді», дейді Қ.Мәми. Алайда, кемшіліксіз адам жоқ дегенімізбен, судьялардың білмей қалып қателесуі мүмкін емес. Демек, олар қате шешім шығарса не біліксіздіктен, не сыбайластық жемқорлық жетегінде кеткендіктен деп түсінеміз. Бұл сенімге селкеу түсіреді. Оған жол бермеу мақсатында, дейді Төраға, Елбасы тапсырмасына сәйкес, Жоғарғы Соттың жалпы отырысында Сот жюриінің жаңа құрамы бекітілген. Мұндай жүйе Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ыстамбұл жос­парын орындау мақсатында іске асырылып отыр. Бұл құрылым қазіргі таңда жұмыс істеп жүрген судьялардың кәсіби қызметіне баға береді. Сонымен қатар, судьяның орнынан түсу құқығын растау, оны тоқтату мәселелерін және оларға қатысты тәртіптік істерді қарайды. Бұл не деген сөз? Мұны тарқатып айтар болсақ, яғни Сот жюриінің құрамы біліктілік және тәртіптік комиссиялардан тұрады. Олар жұмыс істеп жүрген судьяның кәсіби қыз­метіне баға береді. Біліктілік комиссиясы 7 судьядан тұрады, олар­дың құрамында облыстық сот­тар­дың екі судьясы, Жоғарғы Соттың екі судьясы және доғарыста жүрген бұрынғы үш судья болады. Енді осы біліктілік алқасы әлгі судьялыққа үміткерлер бір жыл тағы­лымдамадан өткеннен кейін, олардан біліктілік емтиханын қа­был­дайды. Ал судьялық қызметке та­­ға­йындалғандар бес жылдан кейін осы біліктілік алқасында тағы да ем­тихан тапсырады. Сондай-ақ, аудан­дық соттардың төрағаларына, облыстық соттардың алқалық төр­аға­ларына және облыстық соттар­дың төрағалары лауазымдарына тағайындалатын адамның да осы біліктілік алқасында емтихан тапсыруы қарастырылып отыр. Демек, судьялардың кәсіптік деңгейі үнемі бақылауда деген сөз. Сонымен қатар, судьялардың кәсіби қызметіне баға тұңғыш рет судья лауазымын атқарған алғашқы жылғы жұмыс нәтижелері бойынша беріледі. Мұндай баға беру әрбір бес жыл сайын өтеді. Судьялық өтілі жиырма жылға толған судья кәсіби қызметін мерзімдік баға­лаудан босатылады. Бұған қоса тәртіптік комиссия деген бар. Тәртіптік комиссия 9 судьядан тұрады. Оның құрамына аудандық және оған теңестірілген соттардың үш судьясы, облыстық және оған теңестірілген соттардың 3 судьясы және Жоғарғы Соттың 3 судьясы енген. Тәртіптік комиссия судьяның орнынан түсу құқығын растау, судьяға қатысты тәртіптік іс қозғау мәселелерін қарастырады. Судьяға қатысты материалдарды тәртіптік комиссияда қарауға облыстық сот пен Жоғарғы Соттың жалпы отырысы төралқасының шешімдері негіз болып табылады. Ал Сот жюриі судьяға қатысты материалдарды жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде қарайды. Сол сияқты, судьялардың әдептілігін де бақылайтын жаңа Әдеп кодексінің жобасы қазіргі уақытта дайын. Бұл Кодекстің бір ерекшелігі, азаматтар судьяның іс-әрекеттеріне көңілдері толмаған жағдайда, Жоғарғы Сот жанындағы Сот жюриіне шағымдануға құқылы. Мұны аз десеңіз, осыларға қоса Судьялардың этикалық кодексінде судьяларға Президент, халық тарапынан қойылған талаптардың барлығы ескерілді. Кодекс жобасы Бангалор қағидаты мен ең үздік халықаралық тәжірибенің негізінде жасалды. Осы жаңа кодекс судьялардың кезектен тыс жетінші съезінде қабылданады деп күтілуде. Көрдіңіз ғой, судьяларға тік тұрып, тура қызмет істеуден басқа бұлтаруға шама жоқ. Өйткені, тап осылай судьялар есептілігін күшейту, жұмыс істеп жүрген судьялардың біліктілігін мерзімдік бағалау, азаматтарға судьялардың әрекетіне қатысты Сот жюриіне шағымдану мүмкіндігінің берілуі – олардың кәсіби тәртібін нығайтады. Бұған қоса, Сот төрелігі инс­титутын дербес оқу орны ретінде Мемлекеттік басқару академия­сынан бөлу сот жүйесі үшін білікті кадрларды даярлауға және қызметтегі судьялардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік беретіндігі әбден зерделенген екен. Аталған институт Жоғарғы Сот жанынан қайта құрылып, судьялардың білік­тілігін арттыруда тұрақты жұ­мыс істеуді қамтамасыз етеді. Ака­демия түрінде жоғары оқу орнын қай­та құру еліміздің «Білім туралы» Заңының талаптарына сәйкес келе­ді. Академия қызметінің негізгі бағыты – мамандандырылған магистратурада жоғары білімнен кейін­гі бағдарламаны жүзеге асыру, судьялар мен сот жүйесі қыз­меткерлерінің кәсіби деңгейін арт­тыру, сот қызметі саласында ғы­­лы­ми зерттеулерді жүргізу. Осы мақ­сатқа орай, Академияны үш институттың: Заң институты (мамандандырылған магистратура), Судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институты және Ғылыми-зерттеу институты базасында құру көзделінген. Білім беру меке­месі­нің мұндай моделін құру респуб­ликамызда судьялар корпусын даярлау және қайта даярлауды жетілдіруге тың серпін береді деп есептейміз. Ол тек жаңадан қыз­мет­ке кірісетін судьяларды ғана дайын­дап қоймайды, бүгінгі күні жұмыс істеп жүрген судьялардың да кәсіби деңгейін көтерумен айналысады. Сондықтан, Сот төрелігі академиясының Жоғарғы Соттың жанынан ашылғаны тиімді болмақ. Иә, біз «Сүрінбейтін тұяқ жоқ» дегенімізбен, жығылғанға жұды­рық та жұмсамайтын халық екен­дігіміз рас. Бірақ, жоғарыда келті­ріл­ген мысалға сай қылмыстық істегі алғашқы тергеу кезінде талай дөрекілік пен заңсыздықтың орын алып жататынын жұрттың бәрі біледі. Сондайда, сотқа дейінгі айыптау кезеңінде азаматтардың құқын қорғау қалай жүзеге асы­рыл­мақ? Ұстаудың, күштеп қамау­дың ақ-қарасын кім айырып бермек деп жұрт жарыса сұрайды. Енді, Қай­рат Әбдіразақұлының айтуына қара­ғанда, мұны тергеу судьясы жүзе­ге асырады. Ұлт Жоспарының 22-қадамында адам­ның және азамат­тардың конс­ти­туциялық құқын шектейтін бар­лық тергеу қызметі жө­нін­дегі өкілеттікті тергеу судьясына бір­тіндеп ауыстыру көзделген. Сон­дықтан, тергеу судьясы күзетпен ұстауға санкция беру, үй қамаққа отыр­ғызу, медициналық мекемеге күшпен қамау және тағы бас­қа шара­лардың заңдылығын тек­середі. Бұған қоса, ол тексеру, тінту, алу және жеке адам­ды тін­ту әрекеттерін жүзеге асы­руға құ­­­қылы. Прокурорлар­­мен бір­ге аза­­­мат­­­тарымыздың құқық­­­­тарын қор­­ғауды қадағалайды әрі ауыр немесе аса ауыр қылмыстардан бөлек істер бойынша кепілзат көлемін анықтайды. Осылайша, ол сотта айыпталушы мен қорғаушы арасындағы теңгерімді қамтамасыз етіп, тергеу процесі кезін­дегі заң­­­дық негіздер мен құқық­тар­дың сақ­­­талуын жүзеге асыруы тиіс. Со­ны­­мен қатар, сот алды­на бар­­ған­да кей­біреулердің бұ­рын берген жауабы­нан бас тарта­ты­ны бар. Осындай дә­лел­сіз деректерді азайтып, істің сот­қа бұлтартпас айғақтар негі­зін­де жетуін қамтамасыз ету – тергеу судьяларының басты міндеті көрінеді. Әділдіктің нақ сотта ғана сал­та­нат құру үрдісін кеңейту мақ­сатымен кезінде алқабилер соты да құрылғаны рас. Дегенмен, қазіргі күні осы алқабилер соты талап дең­гейінен табылып келе ме деген сұрақ та көпшілікті мазалайтын секілді. Мүмкін, алқабилерден өзге, мәселен, өз ұлтымыздың ерек­шелігіне лайықты етіп сот үлгісін жасау керек пе еді? Өйткені, сонау бұрынғы билер сотының әділдігіне орыс шаруалары да жүгінгені тарихтан белгілі ғой. Ендеше, қайсыбір адамдарды ежелден қалыптасқан еліміздің дәстүрлі құқық нормаларын сақтай отырып, қазақ сотын құру мүмкіндігі ескерілмей қалған жоқ па деген ой да мазалайды екен. Бұл орайда Төраға: «Бұрынғы билер сотының құрамын қазіргі қоғамға алып келейік деу – айтуға ғана оңай. Ол бүгінгі сот жүйесіне сол қалпында кіріге алмайды. «Алайда, біздің сот билер салған сара жолды, әділеттікті ту еткен турашылдықты, адалдық пен шыншылдықты берік ұстанған, имандылығы басым сенімдерінен рухани қуат аламыз. Қазіргі судьялар ұлы билеріміздің әділ сотта көрсеткен үлгі-өнегесінен мол тағылым алуына еш кедергі жоқ. Біз қай жағынан да Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің әділ билігінен таймауы­мыз керек. Бізге ең бастысы – осы ұлы билер қалдырып кеткен әділ биліктің өнегелі жолы. Дегенмен, қазақ елінің дәстүрлі құқығының кейбір ережелері жаңғырып келеді. Айталық, ХХ ғасырдың басына дейін келіп жеткен «Еселеп айып төлеттіру» – еліміздің жаңаша жа­сал­ған Қылмыстық кодексінен орын алды деп айта аламын. Кодекс­тегі мемлекеттік қызмет пен мем­лекеттік басқару мүдделеріне қарсы жемқорлық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар, соның ішінде парақорлыққа делдал болу, пара беру, пара алу қылмыстары үшін лауазымды тұлға он еседен сексен есеге дейінгі теңге мөлшерінде айып тартады. Міне, мұның өзі дәстүрлі құқықтың кейбір нормалары бүгінгі заңнамадан орын алғанын көрсетпей ме?!» дейді. Иә, сонымен халық қазір әділ­дік­ті соттан ғана іздейді. Сот қана соңғы сөзді айта алады. Сондықтан да, Елбасы жұрт іздеген әділдік сотта ғана табылатынын баса айтты. Бұл орайда еліміздің Жоғарғы Соты өзге соттарымыз бастау ала­­тын әділдіктің шын мәніндегі қай­нарына айналды десек, артық айт­қандық емес шығар. Оған соңғы жылдары сот жүйесінде атқарылған орасан жұмыстар куә. Жоғарғы Соттың қазіргі Төрағасы Қайрат Әбдіразақұлы кезінде еліміздің Бас Прокуроры, Парламент Сена­ты­ның Төрағасы секілді беделді қызметтерді атқаруда халық пен мемлекет мүддесінің абыройын асқақтата түскен білікті басшы, мемлекетшіл абзал азамат. Оның отандық сот саласында көптеген реформалардың жүзеге асуына белсене атсалысқаны дүйім жұртқа белгілі және әлі де ат үстінен түспей келеді. Ал енді биыл еліміздің Тәуелсіз­ді­гіне 25 жыл толғалы отыр. Осы тәуелсіздік жылдарындағы елі­міз­дің сот жүйесінің басты жетістіктері қандай екендігі турасында ол: «Әлбетте, дүниежүзінде, қай мемлекетте болмасын әділдікті жүзеге асыратын сот орындары ғана. Біз­дің елде әділдік айту бағзы заман­нан, өзің айтқандай, сонау сұң­ғы­ла да шешен билерімізден бері қарай жалғасып келеді. Демек, соттардың әділдікті орнату қағи­даты ешуақытта үзілмейді. Ол сол үшін де сот. Біздің бәріміздің үлкен мақсатымыз бар, ол – халық пен елдің игілігін арттыру. Сол арқылы елімізді қуатты мемлекетке айналдыра алу. Бірақ бұл оңай емес. Өйткені, ел тәуелсіздігінің осы жылдар ішінде белін жазған экономикамыз төрт аяғын тең басып тұра алуы керек. Ол үшін бар сала, бар адам бір кісідей бір бағытта жұмыс істеуі тиіс. Мемлекет басшысы сот жүйесіне ерекше көңіл бөлуінің арқасында, ширек ғасырға жуық уақытта айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Алдымен сот жүйе­сі өз алдына тәуелсіз болды. Тәуел­сіз­дігімізді баянды еткен осы уа­қы­т­тан бері еліміздің құқықтық жү­йесі, соның ішінде ең өзектісі – сот төре­лігін заман талабына сай жаң­ғыр­ту жылдар бойы жүргізілді», деді. Иә, расында Елбасының ұдайы сын­дарлы тапсырмасының ар­қа­­сында, отандық сот жүйесі ха­лық­аралық стандарттарға сай дамып келеді. Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексінің «Соттардың тәуелсіздігі» индикаторы бойынша Қазақстанның рейтингісі жыл сайын жақсаруда. Мәселен, 2015 жылғы дерек бойынша, еліміздің осы рейтингтегі көрсеткіші 86 орыннан 72 орынға көтеріліп, 14 позицияға жақсарды. 140 елдің сот жүйесі сы­н­ға түскен әлемдік рейтинг бо­йын­­ша, бұл – жақсы көрсеткіш. Тағы бір мысал. Дүниежүзілік Банк­­тің рейтингісінде соттардың жұ­мысы «Келісімшарттардың орын­далуын қамтамасыз ету» инди­каторы бойынша бағаланады. Осы индикатор бойынша өткен жылы Қазақстан өз көрсеткішін 5 по­зи­цияға жақсартып, 189 елдің ішінде 9-шы орынды иемденді. Қазақстандық сот корпусының біліктілігі мен кәсібилігін 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы жүргізген тәуелсіз әлеуметтік зерттеу нә­ти­­желері де растап отыр. Сауалда­маға жауап бергендердің 71,3 пайы­зы судьялар жұмысына қана­ғат­танушылық білдірген. Бұл – елімізде заң үстемдігін қамтамасыз етудегі маңызды көрсеткіштердің бірі. Мемлекет басшысының бастамасымен жасалып жатқан сот жүйесіндегі реформалардың нәтижесінде сот­тар­дың жұмысы жаңа сапалы дең­гейге көтерілді. Осылайша, не­ғұрлым кәсіби, ашық, қолжетімді, сапалы және тәуелсіз сот жүйесі нығайып, еліміздің кез келген азаматы заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа нық сеніммен жүгінуіне мол мүмкіндік туғызылғанын көрдік. Бұл жетістіктер әділдікке жетудегі нақты сот кепілі екендігін тағы да дәлелдей түседі. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».