Оған дауыс беру басталды
Қазақстандықтардың ел Қарулы Күштерінде қызмет етіп жүрген әскери кәсіп иелерінің 12 үздік өкілін өздері таңдауына жақсы бір мүмкіндік туып отыр. Жақында «Батыр арулар» байқауының қатысушыларына онлайн дауыс беру басталды.
Дауыс беру Қорғаныс министрлігінің www.mod.gov.kz. ресми сайтында өткізілуде. Оның қорытындысы бойынша ҚР Қарулы Күштері әскери кәсіп иелерінің 12 үздік өкілі анықталады. Байқау Қазақстандағы қыз-келіншектердің әскери қызметін жария ету үшін Қорғаныс министрлігінің бастамасы бойынша ұйымдастырылып отыр.
2016 жылы «Батыр арулар» байқауына 200-ден аса өтінім қабылданды. Оның ішінде байқаудың техникалық талаптарына сәйкес келген 80 сауалдама іріктелді. «Батыр арулар» байқауы – бұл қоғам үшін жақсы резонанс туғызған әйел әскери қызметшілер арасындағы тұңғыш республикалық байқау. Әскери қызмет – мен үшін мәртебе және мақтаныш сезімі, біз ерлермен бірге иық теңестіре отырып, өмірімізді Отанға қызмет етуге арнадық. Мен бұл байқаудың ұйымдастырылып, өткізілуіне мұрындық болған Қорғаныс министрлігінің басшылығына шексіз алғысымды білдіремін», – деді «Батыр арулар-2015» байқауының жеңімпазы аға лейтенант Әлия Хайрулина.
Байқау қатысушыларына жүктелген тапсырмаларды сәтті орындай алатынын, сондай-ақ, далалық жағдайларда жауынгерлік айла-тәсілдер мен сабақтарды өткізе алатынын дәлелдеуге тура келеді. «Аталған байқау мен үшін маңызды болды. Бұл – басқа байқаулардан ерекшеленетін әскери қызметшілер арасындағы бірден-бір конкурс. Осынау байқауда мен тәжірибе жинақтап, дене даярлығымның қандай деңгейде екенін аңғардым. Мен барлық конкурсанттарға сәттілік және жеңіс тілеймін», – деді «Батыр арулар-2015» байқауының жеңімпазы сержант Ботагөз Мұсаева.
Байқаудың негізгі міндеті Қазақстандағы әйелдердің әскери қызметінің оң имиджін қалыптастыру, әскери кәсіптің беделін арттыру болып табылатынын естеріңізге сала кетейік. Тұңғыш байқаудың қатысушылары әртүрлі кедергілерді еңсерді, қарумен уақытқа толық жауынгерлік амуницияда жүзді, дене даярлығын көрсетті, далалық жағдайларда жауынгерлік айла-тәсілдер мен жаттығуларды орындады. Жеңімпаздар «аман қалу курсы бойынша» қарқынды жауынгерлік даярлықтан өтті, танктің астынан жербауырлап жылжып, парашюттен секірді және оқ атты.
Әскери қызметшілер ұдайы әзірлікте екенін және оларға жүктелген тапсырмаларды сәтті орындайтынын дәлелдеді.
«Егемен-ақпарат».