ақын жырлары өңірде жыл бойы насихатталмақ
Елімізде 2007 жылдан бастап қолға алынған «Бір ел – бір кітап» акциясы әлемдік тәжірибеде ежелден бар дәстүр десек, Оңтүстік өңірде көркем әдебиетті оқудың озық үлгісі ретінде орныққан бұл жоба нақты 2014 жылдан бастау алады. Алғашқы жылды Саттар Ерубаевтың шығармашылығына арнасақ, ал 2015 жылы Тәкен Әлімқұловтың рухани бұлағымен сусындадық. Және мұнымен қатар, кітапханалар мен оқу орындарында қос қаламгердің туындыларына арналған ірілі-ұсақты іс-шаралар өткізілді. Мысалы, биылғы таңдаудың Қазанғап Байболұлына түсуі кездейсоқтық емес, өйткені, халық ақынының туғанына биыл 125 жыл толып отыр. Сондықтан да, тұлғаның өмірі мен шығармашылығының беймәлім қырлары мен сырлары зерттеліп, зерделенетін әдеби кештер мен дөңгелек үстелдердің, оқырман конференцияларының осы тұста атқарар рөлі зор болмақ.
Қазақ әдебиетінің тарихына айтарлықтай үлес қосқан, соңына көптеген құнды еңбектер қалдырған Қазанғап Байболұлы 1891 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданы, Ұзынарық ауылында дүниеге келген. Қолдағы бар деректерге көз жүгіртсек, жастайынан өлең-жырға әуес ол халық ауыз әдебиеті үлгілерінен сусындаған, Сайрам және Шымкент медресесінде білім алып, жәдитшілік бағытта балаларға сабақ берген, ХХ ғасыр басындағы ағартушылық жұмыстарға зор үлес қосқан тұлға.
Ілімге ілгеріде ілінгенмін,
Халқыма он алтымда білінгенмін.
«Тойы бар Тұрта болыс» дегеннен соң,
Деп шықтым «Алайын, – деп ілінгенін».
Жыршыны жыршы аңдиды сауысқандай,
Жүйрікті жүйрік сынар шабысқандай.
Кей надан жыршыларды жек көреді,
Жыршы алып, жиған малын тауысқандай,
– (80-б. «Қазыналы Оңтүстік» 221-том. Алматы. «Нұрлы әлем» баспасы), – деген жыр жолдары осыған бұлтартпас айғақ.
Өзімен сөз сайыстырған ақындардың ішінде әйгілі Нартай Бекежановпен айтысы 1996 жылы жарыққа шыққан «Айтыс» жинағының 3-томында жарияланған. Өзі өмір сүрген уақыттағы ірі-ірі оқиғаларға орай үн қатып, ақындық көзқарасын айқын білдіріп отыруынан оның сауатты ақын болғандығын танимыз. 1934 жылы Алматы қаласында өткен Қазақстан жазушыларының тұңғыш съезіне халық ақыны ретінде қатысқан Қазанғап Байболұлының, әсіресе, тарихшы, әдебиетші ғалымдардың назарына ілігіп келе жатқан шығармасы – «Еңсегей бойлы ер Есім» дастаны. Бұл дастан филология ғылымдарының докторы, профессор Сәрсенбі Дәуітұлының араб әрпінен көшіріп, құрастыруымен 2005 жылы жеке кітап болып жарық көрді. Кітаптың алғысөзінде «Еңсегей бойлы ер Есім» дастанының шығу тарихы турасында былай делінген: «Қазақ совет энциклопедиясының» және «Бес ғасыр жырлайды» кітабының дерегіне қарағанда, «Еңсегей бойлы ер Есім» жырын алғаш жырлаған Марғасқа жырау екен. Ол Есім хан мен Тұрсын ханның осы жырда айтылған ұрысына қатысқан кісі көрінеді. Демек, оның жыры тарихи дәлдіктен ауытқымаса керек. Алайда, Марғасқа жыраудың төл жыры бізге жетпеген. Оның жырын әркім өзінше үйреніп, өзінше насихаттап әкеткен болар. Соның бірін Қазанғап Байболұлы да (1889-1945) үйреніп, қағазға түсіріп, бізге жеткізіп отыр. Бұл жырдың қолжазбасын 1941 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясының Орталық кітапханасына ақын Омарбай Малқаров тапсырған екен. Ақынның жыры ақиқаттан алыстап кетпегенін кейбір салыстырулар дәлелді қуаттайды. Қазанғап Байболұлының бұл жырын ғалым-жазушы Мамытбек Қалдыбаев «Төле би» деген жалпы атпен ғалымдар сөзімен 1991 жылы «НБ-пресс» баспасынан басып шығарған болатын. Бұл кітап та сол басылымның негізінде ғалым Сәрсенбі Дәуіттің қолжазба-түпнұсқаны салыстыра қарауымен шығарылып отыр. Жырдағы аңыздар, әсіресе, әңгімелер көркемдік әдіс ретінде, әсерлі етіп жеткізу үшін ғана қолданылған. Ал оқиғаның желісі шын мәнінде болған оқиғадан құрылған, ондағы адамдар да өмірде болған тарихи тұлғалар», – деп жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы жырдың тарихына тоқталады «5-7б. Еңсегей бойлы ер Есім. Алматы. «Жалын» баспасы 2005ж). Қазанғап ақынның бұл шығармасында көптеген тарихи тұлғалар, тарихи оқиғалар суреттелген. Ақынның келесі бір көлемді мұрасы – «Төле бидің тарихы» деп аталатын дастаны. Қазанғаптың шынында да бала жасынан даңқты бидің өмір тарихына терең үңіліп, естегісін елге жеткізудегі талпынысы туралы жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы «Тарих қуған адам бұл дастаннан Қоқанға, қалмаққа қатысты талай дерек табады. Көркемдік жағынан кемшіндігі болғанмен, шежірешілерден қалған сөзді жеткізуі жағынан аса құнды шығарма. Төле бидің өзін ғана емес, заманын да, адамын да жан-жақты баяндапты», – деп тарихымызға қатысты құнды-құнды деректерді ұсынады (319-б. Еңсегей бойлы ер Есім. Алматы. «Жалын» баспасы 2005ж).
Халық ақыны Қ.Байболұлы шығармаларының жанрлық ерекшелігі де сан алуан. Оңтүстік Қазақстан облысы Елбасымыздың «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша тасада қалып қойған талай-талай тарихи тұлғалардың, сөз зергерлерінің жауһар жырларын жарыққа шығарып, мәңгілік елдің мәңгілік байлығы боларлық игі идеяларды жүзеге асыруда. Бұл бағытта облыс әкімінің, облыстық мәдениет басқармасының атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Осы бағдарлама аясында Қазанғап Байболұлы шығармалары да екі том болып жарық көрді. Көп томдықтың 220-томында ақынның жыр-дастандары берілсе, 221-томда өлеңдері мен арнаулары, толғаулары мен термелері және шығыстық сарында нәзира дәстүрімен жазылған шығармалары топтастырылған... Оңтүстік Қазақстан облыстық «Отырар» кітапханасы халық ақыны мерейтойы аясында көптеген іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр. Өзінің саналы 54 жылында еліне мол мұра қалдырған Қазанғап Байболұлының өміріне қатысты деректерді толықтай жинастырып, ақын шығармаларын ғылыми тұрғыдан талдау бүгінгі ұрпаққа жүктелген міндет деп түсінеміз.
Асылзат АРЫСТАНОВА,
Оңтүстік Қазақстан облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасы директорының орынбасары.