адамзатты ізгілікке, бірлікке, өзара түсіністікке бастарына еш күмән жоқ
Елбасының Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттің бірінші сессиясында жасаған мәлімдемесі солтүстікқазақстандықтар тарапынан да кең қолдау тауып отыр. Облыстық педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Алма МЫРЗАЛИНОВА осынау үнқатысуға қатысты ойын былай сабақтайды:
– Бұрындары «халықаралық терроризм» деген тіркес үш ұйықтасақ түсімізге енбейтін. Қазір осы сөзді естіген адам қорқынышты күйге түсіп, ұрпағының болашағы қалай болар деген үрейге берілері анық. Жекелеген елдер арасындағы «қырғи-қабақ соғыстың» бүгінде қаһарлы сипат алып, кең ауқымды террорлық агрессияға ұласып бара жатқаны өзгелер секілді қазақстандықтарды да бейжай қалдырмайды.
Қазақстан – бейбітсүйгіш ел. Тілегіміз – татулық, бірлік. Соғыс, қантөгіс, адамдар арасындағы өшпенділік, жауыздық әрекеттер – біз үшін мүлдем жат. Ол жөнінде Елбасымыз талай рет мәлім етті. Тәуелсіздік таңы арайлап атқан уақыттан бері Нұрсұлтан Әбішұлы сыртқы саясаттағы берік ұстанымымызды айқын танытып, қоғамдағы экстремизм мен радикализмнің кез келген көріністерін батыл айыптап келеді. Осы тұрғыдан алғанда, ядролық қаруды тежеуге, лаңкестікке, діни экстремизмге, есірткі саудасы, тағы басқа осы заманғы қатерлерге қарсы күресте еліміздің халықаралық қоғамдастықтың белді әрі жауапты мүшесі ретінде қосқан үлесі зор.
Президент самитте «Әлем. ХХІ ғасыр» атты мәлімдеме жасап, барша адамзаттың ұлтына, тегіне қарамастан біртұтас этносаралық, конфессияаралық тең мүмкіндіктерге негізделген, сонымен қатар, өзара сенім мен жылы ықыласқа бөленген қолайлы жағдайларды қалыптастырудың бірден-бір жолы ретінде «ХХІ ғасыр: Соғыссыз әлем» ауқымды бағдарламасын ұсынды. Осы арқылы Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған прагматикалық және теңдестірілген сыртқы саясатын айдай әлемге тағы бір паш етті. Бұл бастамаға беделді жиынға қатысушылар қызу қолдау көрсетіп, ұжымдық қауіпсіздік шараларын бірігіп шешу қажет деген ортақ тұжырымға тоқталды.
– Алма Жәкімқызы, осы саммит аясында бірқатар бірлескен мәлімдемелер де қабылданды емес пе?
– Ол тарихи құжаттар да дүниежүзі таныған Көшбасшымыздың қиядағыны болжайтын сындарлы саясаты арқылы ықпал жасағанын айта кету теріс болмас. Және де АҚШ, Қытай, Жапония, Германия, Канада, Ұлыбритания секілді жетекші елдер лидерлері қол қойған Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) мәлімдемесінде «Қазақстанның ядролық қаруды таратпауға және халықаралық бейбітшілікке қатысты керемет қызметтер көрсеткенін...», «Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттіктің Төмен байытылған уран банкін құру туралы құқықтық мәселелер Қазақстан тарапынан толық шешім тапқанын атай отырып...» деген сөздер жазылған. Онда Қазақстан Президентінің Төмен байытылған уран банкін құрудағы рөлі атап өтілген. Бұл – Елбасымыздың ядролық қауіп-қатерді азайту мәселелеріне қатысты көтерген батыл бастамаларына берілген үлкен баға!
Осы саммит аясында Қазақстан мен Жапонияның Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы бірлескен шартқа (ЯСЖТШ) байланысты мәлімдеме қабылдануының саяси мәні зор. Қос тараптың да жаппай қырып-жоятын қарудан ауыр зардап шеккенін әлем халқы жақсы біледі. Мәлімдемеде алға тартылған басты ұстаным – шарттың күшіне енуіне тезірек қол жеткізу. Бүгінде ЯСЖТШ-ға 183 мемлекет қол қойып, 164 мемлекет ратификациялап, іс жүзінде әмбебаптық сипатқа ие болған. Енді басқа елдердің кіруін күтпестен заңдық күшіне енуін жеделдетпесе болмайды деген ой тастайды. Оның себебін Президенттің: «Адамзаттың ХХ ғасырдағы озық ойлы өкілдері жұртқа болашақтағы әлемдік соғыста планетадағы тірі жанның бәрін жоятын ядролық қару міндетті түрде қолданылатын болады деген көріпкелдікпен ескертпе жасаған еді», деген сөздерімен дәйектер едік.
Жасыратыны жоқ, уақыт алға жылжыған сайын бұл ескертулер әлі өзекті күйінде қалып отыр. Екі ел басшылары барлық мемлекеттерді 1991 жылы тамызда Семейде сынақ полигонының жабылуына оң ықпал еткен үрдіс – ядролық қаруды сынақтан өткізуге жариялаған мораторийді одан әрі сақтауға шақырады.
Қазақстанның жоғары халықаралық беделі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болуға мүмкіндік бергені, оның «Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік» ұранымен өткені белгілі. Адамзаттың жаңа тарихындағы күрделі кезеңінде осы миссияны абыроймен атқарған еліміз одан кейін Астанада ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізу құқына ие болды. Мұның бәрі әлем халықтарының қауіпсіздігіне қатысты проблемаларға деген ортақтастығын, алаңдаушылығын байқатады. Меніңше, адамзаттың озық ойлы көсемдерін Елбасының мәлімдемесі, соғыс өрті лаулап жатқан ел тұрғындарының бала-шағаларын алып, мекенжайларын тастап, жан-жаққа босып, үдере қашып жатқаны ойлантуы тиіс.
Сөз соңында айтарым, жаппай қаруланудан бас тарту адамзатты ізгілікке, мейірімділікке, өзара түсіністікке жетелеріне еш күмән жоқ.
Әңгімелескен
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.