Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Иран Ислам Республикасына жасайтын ресми сапарына орай
Иран біздің еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанның стратегиялық маңызы бар халықаралық әріптестерінің бірі болып келеді. Аймақтық қауіпсіздік, Каспий проблемасын бірлесіп шешу, сауда-экономикалық және де қазақстандық тауарларды әлемдік мұхиттағы сауда жолдарына қысқа және үнемді жолмен шығару сияқты мәселелердегі екі ел арасындағы ынтымақтастықтарды баламасыз деп атауға болады. Иран – Қазақстанның астығы мен металдарын және өзге тауарларын басты тұтынушы мемлекеттердің бірі. Ислам Республикасының бұрынғы консерваторлық, қазіргі реформашыл басшылары да Қазақстанды әрдайым маңызды стратегиялық әріптес ел деп таныды. Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы (ИИР) достас, көршілес және сенімді әріптес мемлекеттер ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК), Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Экономикалық ынтымақтастық ұйымы (ЭЫҰ) сияқты аймақтық және халықаралық деңгейдегі ұйымдар шеңберінде сындарлы ынтымақтастық орнатып келеді. Қазақстанның халықаралық «алтылық» пен Иран арасындағы ядролық келіссөздеріндегі мәмілегерлік миссиясы осы үдерістің сәтті аяқталуына үлкен септігін тигізгені баршаға аян. Бұл келіссөздердегі еліміздің рөлі тек техникалық немесе логистикалық көмек көрсетумен ғана шектеліп қалған жоқ. Президентіміз Н.Назарбаевтың Иранның Алматыдағы және халықаралық деңгейдегі делегацияларымен бірнеше сағатқа созылған кездесулері, Қазақстан дипломатиясының бірнеше айлық күш-жігері осы келіссөздерге едәуір оң ықпалын тигізді. Алматы келіссөздері ИИР ядролық бағдарламасына қатысты келісім жасасу үдерісіндегі шешуші кезең болды. Келіссөз жүргізуші елдердің пікірінше, дәл осы Алматы кездесуіндегі ұсыныстар кейінірек Женева келісімінің және одан әрі Вена шартының негіздерін қалады. Сарапшылардың пікірінше, бұл деректі егемен еліміздің тарихындағы Қазақстанның ең табысты халықаралық бітімгерлік миссиясы деп атауға әбден болады. Ядролық келіссөздерге Қазақстанның сіңірген еңбектері қазіргі таңда Вена шартын жүзеге асыру үдерісіне де біздің елдің белсенді қатысуына негіз болды. Иран мен МАГАТЭ арасындағы уағдаластықты іске асыру шеңберінде осы елге уран жеткізудегі маңызды рөлді Қазақстан атқарып отыр. Бұл туралы Президентіміздің жақында жасаған өз мәлімдемесінде атап өткені белгілі. Қазіргі таңда Қазақстан бұл елмен қарым-қатынастарының жаңа бағытына басымдық беріп отыр. Иранның экономикалық және саяси оқшауланудан шығуына байланысты бүгінде осы елдің келешегі зор нарығына кіру үшін бұрын-соңды болып көрмеген қарбалас орын алуда. Жаһанның ірі компаниялары ИИР-дің экономикалық жобаларына қатысуға үлкен күш салуда. Бұл үрдістен Қазақстан да тыс қалмасы анық. Әлбетте, еліміздің және халықаралық бизнес қоғамдастығының Иранмен арадағы үзіліп қалған экономикалық байланыстарды жалғау жолында күрделі де ұзақ кезеңді басынан өткеруіне тура келетіні анық. Оның үстіне, Тегеран алдағы бірнеше жыл көлемінде өзінің экономикалық әлеуетін қалпына келтіру мәселесін басты басымдық ретінде қарастырмақ. Қаражат тапшылығын көре де бермек. Алайда, Ислам Республикасының экономикалық орасан мүмкіндігін, оның өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларындағы әлеуетін, сондай-ақ, бұл елдің өңірдегі, әсіресе, көрші елдер, соның ішінде Қазақстан үшін аса маңызды логистикалық ерекшелігін ескере келгенде, Иран алдағы кезеңдерде ең тартымды нарықтық кеңістіктердің бірі болатынына күмән жоқ. Иранның санкция құрсауынан шыққан сәтінде осы ел компанияларының Қазақстанға деген, ал біздің компанияларымыздың Иранға деген қызығушылығы күннен күнге арта түсуде. Біздер күніне ондаған ИИР компанияларымен кездесеміз, аптасына Қазақстанның ондаған компанияларын Тегеранда қабылдаудамыз. Бұл ретте, біздің осы елдің нарық аламанында үлкен де айқын басымдығымыз бар екенін атап өткен жөн. Біріншіден, біз іс жүзінде Иранмен ешқашан экономикалық байланысымызды үзбей, жалпы алғанда, жақсы деңгейдегі тауар айналымын сақтай алдық, тіпті, инвестициялық ынтымақтастықты жүзеге асырдық. Ислам Республикасының ондаған орта және шағын компаниясы Қазақстанда жұмыс істеді және қазір де жұмыс істеуде. Сондай-ақ, Қазақстан компаниялары тек сауда-экономикалық мәселелермен айналысып қана қоймай, ИИР-ге инвестиция салды. Қазақстанның бір ғана компаниясы – «Еуразия Голд» Иранның солтүстік-батыс аумағындағы кен орнына 70 млн. доллар инвестиция құйды. Бұл санкция жылдарында ИИР экономикасына салынған ең ірі шетелдік инвестиция болып саналады. Екіншіден, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың дамуына ұтымды көліктік-транзиттік жағдай да барынша серпін бермек. Бұл орайда, Қазақстан, Түрікменстан, Иран сияқты үш үлкен елдің аумағынан өтетін «Жаңаөзен – Қызылқия – Берекет – Этрек – Горган» бағытында жүзеге асатын жаңа теміржол тармағының алдағы уақытта іске қосылуының айрықша маңызы бар. Аталған бағыт Қазақстанның Парсы шығанағы ғана емес, сонымен бірге, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка елдерімен де сауда-экономикалық ықпалдастығын кеңейтуге мүмкіндік береді. Осы бағытта орасан зор жұмыс атқарып жатқан «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ ИИР тарапымен Бандар-Аббас портындағы және Інші-Бұрын стансасындағы жүк терминалдарына қатысты бірнеше ірі логистикалық жобаларды пысықтауда. Қазіргі кезде Батыс елдерінің Ресейге санкциялар салуы, Мәскеудің бәзбір елдермен текетірестерінің шиеленісуі тұрғысынан қарағанда, Иранның транзиттік әлеуетін пайдаланып, Парсы шығанағындағы араб елдерінің, Ирак, Үндістан, Пәкістан мемлекеттерінің нарығына шығудың өзектілігі күннен-күнге артып келеді. Өз кезегінде, Ислам Республикасы да Қазақстан аумағы арқылы Орталық Азия, Қытай және Ресей елдеріне тауар тасымалдамақ. Үшіншіден, ИИР-де біз үшін аса қолайлы психологиялық ахуал қалыптасып отыр. Ислам Республикасының ресми лауазым иелері Қазақ елі қилы уақытта, әсіресе, санкция заманында Иран халқының жанынан табылғанын, енді санкциялар алынып тасталғаннан кейінгі жаңа мүмкіндіктерді пайдалану барысында Қазақстан жағына айтарлықтай басымдық берілетінін жиі айтып жүр. Сондықтан да, біздің іскер адамдарымыз бұл елде жоғары деңгейде қабылданады және оларға барынша қолайлы жағдайлар жасалуда. Осы жайды ұтымды пайдалану мақсатында өз делегацияларымыздың сапарларын тиімді ұйымдастыруға күш-жігер жұмсалып жатыр. Атап айтқанда, үстіміздегі жылғы 6-7 ақпанда Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешев және «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі» АҚ-тың басқарма төрағасы Қ.Бишімбаев бастаған еліміз делегациясының Тегеранға жасаған сапары барысында Қазақстан-Иран қатынастарының тарихындағы ең ірі бизнес-форум ұйымдастырылды. Оған 200-ден астам қазақстандық белді компания және 1000-ға жуық ирандық ірі компания қатысты. Бұл шараға қатысқан екі елдің үкімет мүшелері және жеке кәсіпкерлер Қазақстан мен Иран арасындағы өнеркәсіп, тау-кен, инвестиция, туризм, дәрі-дәрмек, сондай-ақ, азық-түлік, жеміс-жидек жеткізу салаларындағы ынтымақтастықты барынша дамыту мәселелеріне кеңінен тоқталды. Иран тарапы Қазақстан нарығын игеру мақсатында ИИР компаниялары санын арттыру үшін іскер топ өкілдеріне виза беру үдерісін жеңілдету қажеттігіне ерекше назар аударды. Сапар барысындағы Қазақстан делегациясының ИИР Президентінің ғылым және технология жөніндегі орынбасары С.Саттаримен, ИИР Сыртқы істер министрі М.Зарифпен, ИИР Өнеркәсіп, кен және сауда министрі М.Нематзадамен, ИИР Ауыл шаруашылығы министрі М.Ходжатимен кездесулері барысында екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылыми-технологиялық, ғарыш және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Кездесулер барысында қол жеткен уағдаластықтарды іске асыру мақсатында барлық сала бойынша екі елдің бірлескен нақты жұмыс топтары құрылды. Артынша, яғни 13-15 наурызда Тегеранға сапармен келген Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков те Иранның аса ірі компанияларының басшыларымен кездесіп, осы саладағы екіжақты байланыстарды жан-жақты дамыту мәселелерін талқыға салды. Келіссөз барысында Қазақстан астығын Иранға жеткізуге, осы ел арқылы өзге мемлекеттерге ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға және бұл мемлекеттің аумағында астық сақтайтын және өзге де мақсаттағы терминалдар салуға зор маңыз берілді. Аталған терминалдардың бірі қазір Амир-Абад портында өз жұмысын бастаса, Инче-Бурун стансасында осындай нысан салу үшін жер бөлу мәселесі оң шешімін тауып отыр. Сондай-ақ, «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы» АҚ парсы шығанағы жағалауындағы Бандар-Аббас портында терминал салу жұмысын қолға алуда. Сонымен қатар, «Джиһад-е Естеғлал» холдингі Қазақстанда күріш, жүгері егу, алма бақтарын өсіру жобалары бойынша жұмыс істеп, өздерінің осы салалардағы озық тәжірибелерін қолданбақ ниетте. Қазақстан делегациялары Иранның іскер адамдарымен келіссөздерінде біздің елден Иранға сиыр, қой еттерін, жүгері, майлы дақылдар жеткізу, осы елден асыл тұқымды ірі қара сатып алу және бірлескен агрокешендер салу мәселелері бойынша уағдаластықтарға қол жеткізді. Ресми Тегеран алдағы жылы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға әзір екенін бірнеше рет мәлімдеді. Бұл орайда, жылына миллионнан аса турист қабылдайтын Ислам Республикасының тәжірибесі қызықтырады. 2015 жылғы 7-8 қарашада Тегеранда екі елдің ірі компаниялары туризм саласындағы өзара ынтымақтастықты дамыту жөніндегі меморандумдарға қол қойды. Сонымен қатар, мемлекеттеріміздің арасындағы мәдениет, білім-ғылым салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі ілгерілетудің маңызы ерекше. Иранмен арадағы тарихи-мәдени байланыстарымыздың тамыры тереңде жатқаны белгілі. Өткеніміздің ғылымға беймәлім беттері Парсы елінен ашылатыны күмәнсіз. Бабаларымыздың құнды жәдігерлері мен қолжазбаларын іздеп-табу мақсатында еліміздің Ұлттық ғылым академиясы Шығыстану институтының мамандары Иран мұрағаттарын ақтарып, үлкен еңбек етуде. Өткен жылы қазақстандық ирантанушы ғалым Ғ.Қамбарбекова XVI ғасырдың басында Иран шахының әскери көмек сұраған өтінішіне жауап ретінде жазған қазақ ханы Қасымның хатын тауып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Алдағы уақытта Иран топырағынан табылатын осындай тарихи ғылыми олжаларымыздың қатары еселене түседі деп сенеміз. Сондай-ақ, 2014 жылдың желтоқсанында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғ.Мұтанов бастаған делегацияның Иран астанасына сапары кезінде Ш.Беһешти университетімен ынтымақтасу жөнінде келісімге келуі екі елдің оқу-білім саласындағы ынтымақтастығын одан әрі дамыту жолындағы үлкен бір қадам болғаны анық. Ал мұндай іс-шаралардың екі ел қатынастарының дамуына жаңаша серпін беретіні айтпаса да түсінікті. Әрине, Қазақстан мен Иран қарым-қатынастарындағы биылғы жылдың ең үлкен оқиғасы 2016 жылдың 12-13 сәуірінде өткізілуі жоспарланып отырған Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Тегеранға кезекті ресми сапары болып табылады. Осы сапар кезінде екі елдің басшылары қазіргі таңдағы өзекті халықаралық және аймақтық саяси мәселелер жайында пікір алысып, оларды саяси және бейбіт жолмен шешу мүмкіндіктерін қарастыратын болады. Сондай-ақ, алдағы Тегеранда өтетін жоғары деңгейдегі келіссөздер екі ел арасындағы экономикалық және сауда-саттық қарым-қатынастарға жаңа серпін беруді көздейді. Аталған сапар барысында екі мемлекет басшыларының қатысуымен елдеріміздің түрлі салалардағы өзара қарым-қатынастарын қарқынды дамытуға мүмкіндік беретін 40-тан астам екіжақты маңызды құжаттарға қол қойылмақ. Солардың қатарында ИИР-мен 2026 жылға дейінгі сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық бойынша кеңейтілген ұзақ мерзімді бағдарламаны, Иранмен 2026 жылға дейінгі «Жібек жолы» бағыты бойынша көлік-логистикалық әлеуетті пайдалану жөніндегі кеңейтілген ұзақ мерзімді бағдарламаны, Тау-кен өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жол картасын айтуға болады. Сонымен қатар, металлургия өнеркәсібі, жаңа технологиялар, жаңғыртылатын энергия көздері, ғарышты бірлесіп игеру және инженер-техникалық қызмет көрсету салаларындағы ынтымақтастық жөніндегі құжаттар бар. Қазақстан Үкіметі мен ИИР Үкіметі арасындағы өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім, Қазақстан мен ИИР арасындағы Құқықтық көмек, азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық қарым-қатынастар жөніндегі үкіметаралық келісім, Қазақстан мен ИИР үкіметтері арасындағы Сотталған азаматтарды беру және экстрадициялау туралы келісім және т.б. маңызды үкіметаралық құжаттарға қол қойылуына да осы сапар мұрындық болмақ. Сонымен бірге, Қазақстан Президентінің Тегеранға сапары кезінде екі тарап арасында жалпы көлемі жүздеген миллион АҚШ долларынан асатын сауда-саттық және инвестициялық жобаларға қол қойылады деп күтілуде. Атап айтқанда, «Қазақстан инвестициялық қоры» АҚ пен «Каве» индустриялық тобы арасындағы кальцийленген сода шығаратын зауыт салу жобасы бойынша ынтымақтастық туралы келісім, ирандық «Так Ай групп» компаниясының Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарында жылыжай орындарын салу, жеміс ағаштарын, ауыл шаруашылығы дақылдарын егу және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жөніндегі келісім, қазақстандық «Топан» ЖШС мен ирандық «Электро Кавир» компаниялары арасындағы ИИР аумағында бірлескен кәсіпорын салу жөніндегі келісім, «АЛЗ БАТТ» Сауда ұйымы» ЖШС мен ирандық «K.T. Steel Complex Manufacturing/Import» компаниясы арасындағы болат өнімдерін жеткізу жөніндегі келісім, қазақстандық «Экофарм» мен ирандық «Артим Теджарат Дару» фармацевтикалық компаниясы арасындағы дәрі-дәрмек өндіру және Иранға өткізу туралы келісім, т.с.с. Осындай бірқатар екіжақты коммерциялық құжаттарға қол қою екі елдің сауда-экономикалық байланыстарын жаңа деңгейге көтереді деп күтіліп отыр. Сонымен қатар, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ пен ИИР Ұлттық даму қоры арасындағы инвестициялық ынтымақтастық туралы меморандум мен «Қазақстан даму банкі» АҚ пен Иранның «Мелли» банкі арасындағы меморандум да екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруға септігін тигізетіні анық. Тұтастай алғанда, екі елдің түрлі салалар бойынша қарым-қатынастарының даму әлеуеті мен келешегі зор. Осы ретте, Елбасымыздың Тегеранға ресми сапары екі елдің жан-жақты қарым-қатынастарының дамуына айрықша тың серпін бермек. Қазақстан мен Иран қарым-қатынастарын дамыту еліміздің ұлттық мүдделерін жүйелі түрде ілгерілетуге, мемлекетіміздің сыртқы экономикалық бағыттарын әртараптандыруға және көлік-транзиттік әлеуетін арттыруға зор мүмкіндік ашады деп күтілуде. Бағдат ӘМІРЕЕВ, Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі.
•
09 Сәуір, 2016
Көпқырлы саясат көкжиегі
289 рет
көрсетілді