Бүгінде әлемнің әлпеті әбігерленіп тұр. Әр жерде мылтық дауысы естіліп, халықтың басына қайғы орнап, туған жерін тастап, өзге елдерге босып, бейбіт өмірді аңсап, «қара су ішсем де, тыныш жерде отырсам екен» дейтін арманның жетегінде жүрген адамдар көп. Жер-жаһан түрлі сынақпен, қауіп-қатермен бетпе-бет келуде. Күні кеше АҚШ-тың астанасы – Вашингтонда аяқталған Ядролық қауіпсіздік жөніндегі
ІV саммитте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жариялап, жаһандық сын-қатерлердің ықтимал салдарын барша адамзатқа ашық айтты. Өзінің ұстанымын ресми хабарламалар мен жарияланымдар аясынан тыс қалған жеке кездесулерінде де атап көрсетуден танған жоқ.
Осы орайда, Президенттің баспасөз хатшысы Дәурен Абаев былай дейді: «Нұрсұлтан Әбішұлы ресми хабарламалар мен жарияланымдар шеңберінен тыс қалған кездесулерде де маңызы жағынан негізгі пікірталастардан еш кем соқпайтынын әркез айтып келеді». Осыған байланысты оқырмандар назарына мемлекеттер басшыларының Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит «алаңдарында» өтіп, ресми шаралардың «көлеңкесінде» қалған келіссөздерінен суреттер ұсынылып отыр.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, – дейді осы орайда Д.Абаев, – Финляндия, Қытай, Түркия, Әзербайжан, Иордания, Украина, Армения, Литва, Мексика, Чили басшыларымен, Мажарстан, Үндістан, Сингапур, Жапония, Жаңа Зеландия үкіметтері басшыларымен, сондай-ақ, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысымен шағын жеке пішімдегі кездесулерінде халықаралық қауіпсіздік, өзара сауда айналымы, нақты инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады».
Қазақстан делегациясына осыншалықты жоғары қызығушылық кездейсоқ емес екені айтпаса да түсінікті. Саммитте Қазақстан Президенті ең бір құрметті де қалаулы меймандардың бірі болды. Бұған, тіпті, Елбасының келіссөз үстелі басындағы орнының АҚШ және Жапония елдерімен қатар орта тұста болуы немесе жалпы суретке түсу кезінде бірінші қатардан орын берілуі сияқты «хаттамалық нюанстар» да айқын айғақ бола алады.