халықаралық фестиваль лауреаты
Қазақстандық киношеберлердің тағы бір туындысы елден тысқары жерде өткен өнер жарысының алдыңғы сапынан табылды. Бұл жолы кинорежиссер Бақыт Қайырбековтің «Аспанның мәңгі аясында» атты фильмі Ресейде өткен 10-шы халықаралық фестивальдің лауреаты атанды.
Аталмыш деректі лента «Ғылыми-көпшілік фильмдер цикліндегі үздік сценарий» аталымы бойынша топ жарған. Ресей киносы мэтрлерінің айтуларынша, фильм көрермен мен жюридің үлкен қызығушылығын туғызған. Картина 2015 жылы түсірілген. Оның желісі негізіне Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих толқынында» кітабы алынған. Ұзын-ырғасы 10 сериядан тұратын фильм Қазақ хандығының құрылу тарихы жайлы сыр шертеді.
– Бұл шынында да өте байсалды ғылыми сценарий мен кәсіби кинематограф еңбегінің үйлесімді қосылғанына айғақ бола алады. Мұндағы жұмыстар әлемдік жоғары деңгейде орындалған. Түсірілім де, реконструкция да, табиғат көріністері де солай өте ғажап жасалған. Мені, әсіресе, өте дәлме-дәл жазылған сценарий қатты қызықтырды. Мұның негізінде үлкен ғылыми еңбек жатқанын да пайымдау қиын емес, – деді фестивальдің қазылар алқасының төрағасы Виктор Скубей.
Картинаға қатысты жақсы пікір мен байламды Ресей кинематографистер одағы төрағасының бірінші орынбасары Олег Иванов та білдірген. Ол осы фильмнің халықаралық деңгейде марапат алуының өзі Қазақстанның ұлттық киносы деңгейінің өскенін көрсететінін атап өтті.
Мұрат АЙТҚОЖА.