Көкшетау қаласының «Оқжетпес» баскетболшы қыздар командасы ел чемпионатында алтын медальды жеңіп алды.
Ұлттық Лига чемпионы атағын Щучинск қаласында «Оқжетпес» пен елорданың «Астана барыстары» баскетболшы қыздары сарапқа салды.
Тартысты өткен алғашқы ойында «Оқжетпес» қарсыластарына 75:85 есебімен есе жіберді. Келесі ойында көкшетаулықтар 86:82 есебімен басым түсті. Ал соңғы кездесуде «Оқжетпестің» қыздары шебер ойын өрнегін көрсетіп, «Астана барыстарын» 92:72 есебімен ойсырата ұтты. Сөйтіп, олар Қазақстан Республикасы Ұлттық лигасының чемпионы атанды. «Оқжетпес» бұдан бұрын, 2006 жылы, алғаш рет алтын медальды жеңіп алған болатын.
Осы жолы «Оқжетпестің» капитаны Евгения Спитковская маусымның үздік шабуылшысы, оның командаласы Алина Ягупова маусымның үздік ойыншысы арнайы жүлдесімен марапатталды.
Сондай-ақ, аталған чемпионатта Ақмола облысының екінші құрама командасы Павлодардың «Ертіс» баскетболшы қыздарымен қола медаль үшін жарыста жеңіп шықты.
«Оқжетпес» командасының баскетболшы қыздары жарыс аяқталысымен қызу жаттығуға кірісіп кетті. Олар 8-10 сәуірде Мариамполь қаласында өтетін «Балтық лигасы» чемпионатының ақтық бәсекесіне қатысады.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.