Таяуда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде «Мәшһүр жайлы сөз еткенде...» атты атақты фольклортанушы, ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының тарихи-мәдени мұрасын насихаттауға арналған әдеби кеш және көрменің ашылуы болып өтті.
Баршаға белгілі, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (1858-1931жж.) Павлодар облысы, Баянауыл ауданында туған. Фольклортанушы, этнограф, тарихшы, талантты ақын, араб және парсы тілдерін жетік меңгерген. Оның әдеби және ғылыми мұрасы қазыналы қазақ мәдениетінің ажырамас бір бөлігі болып табылады.
Аталған іс-шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеуге арналған көрмелер көшін бастап берді. Жиынға филология ғылымдарының докторы, профессор С. Негимов, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Л.Жүсіпова, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Д.Қамзабекұлы, тағы басқа зиялы қауым өкілдерімен қоса, кеш қонақтары ретінде М.Ж.Көпейұлының шөберелері және ақын шығармашылығын зерттеушілер қатысты.
Көрмеде музей қызметкерлерінің жинақтау жұмыстарының барысында жүйеленген Бұхар жырау атындағы Павлодар облыстық әдебиет және өнер музейі, Қ. Сәтбаев атындағы мемориалдық музейі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы қорларының материалдары ұсынылды. Әдеби кеште М.Ж.Көпейұлының әдебиеттанушылық ойлары, ақынның поэзиясы мен замандас орыс классиктерінің туындылары оқылып, таныстырылды.
Шара аясында Ұлы Даланың рухани мұрасын зерттеудегі өзекті мәселелер қозғалып, музей және кітапханалар қорларында сақталғанымен, айналымға тұңғыш енгізіліп отырған материалдарға баса назар аударылды.
Сондай-ақ, көрме экспозициясында ойшыл ақынның жеке заттарының қатарында құнды қолжазбалар, кітап басылымдары мен еңбектері, әдебиеттану материалдары, киген киімі мен тұтынған заттары ұсынылды.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».