Облысқа екі күндік сапармен келген ғарышкер, Халық қаһарманы Айдын Айымбетов Т.Бигельдинов атындағы әуе қарулы күштері әскери институтында, физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде болып, оқып жатқан жастармен бірнеше кездесу өткізді. Сонымен бірге, ұшқыш-ғарышкер Алға ауданының жастарымен де кездесті. Назарбаев зияткерлік мектебінде құрметті қонаққа оқу бөлмелеріне экскурсия ұйымдастырылды, оны шығармашылық және ғылыми-зерттеу жұмыстар көрмесімен таныстырды.
Ұшқыш-ғарышкерді сегізінші сынып оқушысы Ләззат Данаева әзірлеген электромагнитті толқынның көмегімен ғарыш аппараттарын ұшыру жөніндегі жобалар қызықтырды. Мектеп оқушысының айтуынша, мұндай технологиялардың болашағы зор, электромагнитті толқындарға қатысты жобалар экономикалық тұрғыдан ғана тиімді емес, сонымен қатар, экологиялық жағынан қауіпсіз. Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының ғылыми жобаларымен танысқан Айдын Айымбетов олардың білімі мен оқуға деген құлшынысына ризашылығын білдірді.
– Ғарыш саласының мүмкіндігі зор. Соңғы уақытта жер орбитасы маңында түрлі тәжірибелер жүргізіп қана қоймай, таяудағы 15-20 жылда айға ғарыштық сапарды жандандыру, планеталар арасында ұшу секілді мәселелер көтеріле бастады, – деп атап өтті қазақстандық жастардың таланты мен білімі Қазақстандағы космонавтиканың дамуының негізгі құрамдасы болуы керектігін жеткізген Айдын Айымбетов.
Бұдан кейін Айдын Айымбетов адам баласының ғарышты бағындыруына 55 жыл толуына орай ұйымдастырылған ғарыш апталығының ашылу салтанатына қатысты. Шара Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында өтті. Қазақ ғарышкерінің пікірінше, мұндай шаралар заманауи космонавтиканың жетістіктерін паш ету үшін, демек, осы саланың одан әрі дамуы үшін қажет.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.