Бүгінгі таңда «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы негізінде табиғи монополиялар субъектілерінің нақты атқарған жұмыс көлемі 36,8 миллиард теңгені құрайды, яғни қаржының 61%-ы игерілді.
Осылай деп атап өтті Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасы Сергей Шайжүнісов. Мемлекеттің қолдауына сәйкес тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын реформалау мен халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастық құру мәселесі талқы болған жиында С.Шайжүнісов бірқатар мәліметтерді алға тартты. Бұл ретте ол мемлекет қазіргі кезде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына ерекше мән беруде және осы саланы жаңғыртуға бағытталған бағдарламалардың іске асырылуына қомақты қаржы бөлуде, деп атап өтті. Аталған бағдарламалардың арасында Мемлекет басшысы өткен жылы бекіткен коммуналдық құрылымдарды жаңғыртуға бағытталған «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы бар.
Бүгінгі таңда осы бағдарламаның аралық қорытындысы бойынша 2015-2016 жылы 259 шақырымды құрайтын жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйесін, 14 қазандыққа қоса 3 су стансасы құрылысын салу және жаңғырту жоспарланған болатын. Осы орайда үстіміздегі жылдың наурызындағы жағдай бойынша олардың 211 шақырымы салынған. Оның ішінде жылумен жабдықтау желісі 143 шақырымды құраса, жылумен жабдықтау және су бұру бойынша 67 шақырым жаңғыртылған. Жергілікті атқарушы органдардың ағымдағы жылғы 1 қаңтардағы есебі бойынша 60 миллиард теңге көлемінде қаржы игерілген. Және де «Нұрлы Жол» бағдарламасының шеңберінде 2016 жылға 75 миллиард теңгені құрайтын 99 жоба іріктелді. Оның ішінде сумен жабдықтау бойынша – 22,4 млрд.теңгені құрайтын 48 жоба, су бұру бойынша – 10,4 млрд.теңге болатын 20 жоба мен жылумен жабдықтауға бағытталған 44,2 млрд.теңге көлеміндегі 31 жобаны атап өтуге болады.
Сонымен қатар, биылғы жылдан бастап мемлекеттік қолдаудың жаңа тетігі – жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйесінің құрылысын және қайта құрылымдауды несиелендіру енгізілгенін айрықша атап өткен абзал. Және де Мемлекет басшысының жылу энергиясын есептейтін жалпыүйлік аспаптарды орнатуға қатысты тапсырмасына орай «ТКШ дамыту қоры» АҚ бюджеттен бөлінген 6 миллиард теңге қаржыға сәйкес жалпыүйлік жылу есептегіш аспаптарды орнату бойынша бағдарламаны іске асыру үшін үздіксіз жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда республика бойынша өткен жылғы қыркүйектегі мәліметтердің негізінде жалпы сомасы 1,4 миллиард теңгені құрайтын 2 235 бірліктегі жылу есептегіш аспаптары нақты орнатылған. Ағымдағы жылдың соңына дейін тағы да 6015 бірліктегі жылу есептегіш аспап орнату жоспарлануда, бұл жалпы республикалық қажеттіліктің 43 пайыздық жиынтығын құрайды.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».