Кеше Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрайымдығымен 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығын мерекелеуге дайындық мәселелеріне арналған кеңес өтті. Жиынға Президент Әкімшілігінің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Қорғаныс, Білім және ғылым, Мәдениет және спорт, Инвестициялар және даму министрліктері мен «Қазақстан Республикасының Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің өкілдері қатысты.
Г.Әбдіқалықова Мемлекет басшысының «Ардагерлер – біздің қазынамыз» деген сөзіне ерекше назар аудара келе, бүгінгі күні елімізде 3 668 Ұлы Отан соғысына қатысушы мен Ұлы Отан соғысының мүгедегі, соғысқа қатысушыларға теңестірілген әлеуметтік кепілдігі бар 22 867 адам тұрып жатқандығын жеткізді. Мемлекеттік хатшы өз сөзінде фашизмді жеңу ісіне зор үлес қосқан және тарихи миссияны орындаған Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, қазақстандықтарға құрмет көрсету жалпымемлекеттік ауқымдағы мақсат екенін жеткізді.
Жиында, сондай-ақ, барлық орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың назары соғысқа қатысушылар мен оларға теңестірілген адамдарға жан-жақты әлеуметтік-экономикалық қолдау көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталғандығы, жергілікті бюджеттерде 2016 жылы Жеңістің 71 жылдығына орай ардагерлерге бір жолғы материалдық көмек көрсету үшін 2,6 миллиард теңге қарастырылғаны айтылды. Бұған қоса, «Қазақстан Республикасының Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің бастамасымен ардагерлер қозғалысының одан әрі дамуына және ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып жатыр екен.
Сөзінің соңында Гүлшара Наушақызы барлық іс-шаралар Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өтіп, елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, қоғамды Мемлекет басшысының саясаты төңірегінде ұйыстыруға, жас ұрпақтың патриоттық сезімін нығайтуға бағытталуы керектігін атап өтті. Сондай-ақ, ол отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма жүктеді.
Жиын аясында журналистерге берген сұхбатында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мемлекет тарапынан соғыс ардагерлеріне айрықша көңіл бөлініп келе жатқандығын, мәселен, биылғы жылы барлық зейнеткерге берілетін әлеуметтік төлемдердің көтерілгендігін, жалпы, Ұлы Отан соғысының негізгі қатысушылары мен ардаргерлерінің мемлекеттік бюджеттен алып отырған зейнетақылары өскендігін жеткізді.
«Біз ай сайын ол қаражатты уақытында беріп отырмыз. Екінші үлкен көмек – медициналық көмек. Қазір 3 айдың көлемінде біз Ұлы Отан соғысына қатысушыларды және оған теңестірілген азаматтарды медициналық тексеруден өткізіп, диспансерлік көмек көрсетуді бастадық. Сонымен бірге, 15 мыңға жуық Ұлы Отан соғысына қатысушы мен оларға теңестірілген азаматтарға 52 млн. теңгенің көлемінде тегін дәрі-дәрмек жеткізіп бердік. 700-ге жуық соғысқа қатысушы мен мүгедекті шипажайға емделуге жібердік. 200-ге тарта азаматқа тіс протездеу, емдеу шараларын жүргізіп жатырмыз. Жеңістің 71 жылдығына орай, соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне 2,6 млрд. теңге көлемінде тағы да қосымша қаражат жұмсағалы отырмыз. Бұлардың барлығы олардың әлеуметтік, материалдық жағдайын дұрыстау үшін жасалып жатыр», – деді Т.Дүйсенова.
Ал «Қазақстан Республикасының ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбай өткен жылы Жеңістің 70 жылдығында үлкен шаралар атқарылғанына, биыл да мұндай шаралар жалғаса беретініне тоқталды.
«Әрине, қазіргі таңда соғыс ардагерлерінің қатары азайып барады. Біз сол жандардың және тыл еңбеккерлерінің алдында әлі де қарыздармыз. Жалпы, ТМД елдерін өз мемлекетімізбен салыстыра қарайтын болсақ, Қазақстанда бір мезгіл берілетін көмек, зейнетақы, әлеуметтік төлемақының мөлшері анағұрлым көп. Бұл жағынан алғанда, еліміз ардагерлерінің жағдайы жақсы. Біз олардан көшілгері тұрмыз. Мәселен, бір ғана Алматы облысындағы 73 ардагерге баспана берілді. Маңғыстау облысындағы 60 ардагер де үймен қамтамасыз етілді. Бұған қоса, соғыс ардагерлері мен мүгедектердің үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу де мемлекеттің назарында тұр. Бұл ретте, Оңтүстік Қазақстан облысы 300-дей ардагердің тұрып жатқан баспанасына жөндеу жұмыстарын жүргізіп берді. Биылғы жылы да мұндай игі шаралар тоқтап қалмайды. Себебі, ел үшін қар төсеніп, мұз жастанған қарттарымыздың алдындағы перзенттік қарызымыз бен парызымызды ешқашан санамыздан шығарып алмауымыз керек», – деді Ө.Озғанбай.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».