Ел мен жер тағдыры, ол туралы айтылған әңгіме – баршаға ортақ. Вашингтонда өткен жиында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың сөйлеген сөзіне қатысты Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры Нағбу ҚАМАРОВАМЕН пікірлескен едік.
– Нағбду Сұлтансиыққызы, алыс-жақын шетелдердегі ахуалдарға қарай отырып, әрбір мәселені соғыс арқылы шешуден тайынбаушылық сипат алып бара жатқандай әсер береді. Сіз қалай ойлайсыз?
– Соғыстың жақсы емес екендігін біле тұрып, сан мыңдаған жазықсыз жандардың оққа ұшып, аналардың жесір, балалардың жетім қалатынын біле тұрып, қаруға жүгіну, мәселені соғыс арқылы шешуге әрекеттену XXI ғасырдың білімді, білікті адамдарына жараспайтын әрекет. Н.Назарбаев «Әлем. XXI ғасыр» манифесін де соғыс туралы «жер өркениеті 15 мыңнан астам соғысты, яғни әр жыл сайын 3 соғысты басынан өткерген. Оларда жүздеген миллион адамдар қаза тауып, жер бетінен қалалар мен елдер жоғалып, мәдениеттер мен өркениеттер жойылған» деп бастады. Осыншама үрейлі деректердің өзі талайға ой салуы тиіс. Қазір технологияның таңғажайып жетістіктермен толығып, айрықша даму деңгейіне жеткен кезінде қару түрлерімен өзгені таңғалдыруға да, өзгемен бәсекелесіп, таласып-тартысуға да болмайды. Ең қауіптісі – жер ғаламшарындағы тіршілік атаулыға зардабын тигізетін ядролық қару болып тұр. Бұл жойқын қарудың қасіретін барлық ел, барлық саясаткерлер білсе де, одан бас тартуға асығар емес. Аса қатерлі қарудың артына жасырынған қауіпсіздік, бейбітшілік баянды бола ма? Әңгіме – осында. Сондықтан, бізге де, басқаға да, әсіресе, қарапайым халыққа, жас буынға, бесіктегі бейкүнә бүлдіршінге бейбітшілік, тыныштық керек. Барша халықтың көкейіндегі жалғыз қажеттілік – осы. Біздің Елбасымыз бұл мәселені АҚШ-тағы саммит мінберінен дұрыс және дер кезінде айтты.
– Ядролық қарулардың лаңкестердің қолына түсу мүмкіндігі де айтылды...
– «Мен қауіп еткеннен айтамын» демекші, демек, мұндай қауіп бар деген сөз. Бұл лаңкестердің біз білмейтін мақсат-жоспарларының бірі де болуы мүмкін. Бұл туралы Елбасымыз саммитте «ядролық қаруды таратпау туралы шарт өзінің міндеттерін орындай алмай отыр. Ажал себетін қару мен оны дайындау технологиялары ірі державалардың қосарланған стандарттарының салдарынан бүкіл әлемге тарауда. Олардың терроршылар қолына түсуі – уақыт өте келе әбден болуы мүмкін нәрсе», деді. Расында, ядролық қарулардың терроршылардың қолына түсіп қалуынан қорқуымыз және алдын алып, сақтануымыз керек. Н.Назарбаев осы мақсатта әлемнің сан миллиондаған тұрғындарын – саясаткерлер мен жастарды, ғалымдарды, өнер адамдарын ядролық қарудан бас тартып, азат әлемге қарай саналы түрде ұмтылуға шақырды. Сондай-ақ, қырып-жоятын аталмыш қару түрін өндіруді қадағалау қажеттігін ұсынды.
Қазақстанның әлеуеті жағынан әлемде төртінші күшке ие ядролық қарудан бас тартуы, Семей сынақ полигонын жабуы – Елбасы айтқан «азат өмірге ұмтылудың» сөз жүзіндегі нақты дәлелі бола алды. Семейдегі сынақ полигонының жабылуы әлемдік тәжірибедегі алғашқы және бірден-бір оқиға екен. Елбасының сөзі америкалық саяси басылымда жарияланғанын оқып-біліп отырмыз. Бұл Елбасы сөзінің маңыздылығының, бүгінгі күннің тамырын дәл басып, ертең үшін сақтандыруының дұрыс екендігін өзгелердің мойындауының көрінісі деп білемін. «Ендігі соғыста жеңімпаз болмайды» екен, олай болса соғыссыз өмір сүргенге жетер байлық жоқ. Барлық мемлекеттер қандай жағдай болмасын, қандай қиын мәселе болмасын, осы ұстанымды ең басты орынға қойса ғой!
Әңгімелескен
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.